Мал кеселі салғырттықты кешірмейді

Мал-жанның амандығы – ауыл халқы үшін Алланың үлкен сыйы. «Пәленшенің үйінің сиырынан әлгіндей ауру анықталыпты» десе, әжептәуір үрейіміз ұшады. «Құдай бетін әрі қылсын» деп, мойынға бұршақ салып, тіленеміз. Өйткені, бағзыдан келе жатқан ата кәсіптің құтын, берекетін бірінші орынға қоямыз. Ол заңды да.

…Бір жетінің мұғдары болды, теледидар да, әлеуметтік желі де «Шет ауданы, Киікті ауылының Талдыбұлақ қыстағындағы «Мұрат» шаруа қожалығында ірі қара малдан аусыл ауруы анықталды» деген хабар тарауда. Осыны негізге ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Данияр МЕРҒАЗИНГЕ хабарласып, мән-жайды сұрағанбыз.

25 СИЫР ӨРТЕЛДІ

14 қаңтардан бастап қыстақта блокбекет қойылып, ол жерден мал және мал өнімдерін, жем-шөп, тіпті, құрал-жабдықтар тасымалдауға қатаң тыйым салынды. Мұны бақылап жергілікті полиция мен ветеринариялық қызмет мамандары тәулік бойы күзетте тұр.

Әуелде 2 сиырдан анықталған. Аусылдың негізгі белгісі – мал жем-шөп жемейді, қимылы баяулайды, ауыздың кілегей қабықтарында қызғылт дақтар пайда болады. Қызуы көтеріледі. Кейін қызғылт дақтар күлдіреуікке айналып, ауыздан сілекей аға бастайды. Міне, осындай белгілері бар дерт бір қорадағы сиырларды да дендей бастаған. Аурудың алдын алу үшін жауапты орган талапқа сай 25 сиырды арнайы жабдықталған инсинератор (HURIKАN-3000) жылжымалы көлігінде өртеген. Әрине, несібесін малмен айырып отырған шаруашылық үшін зор шығын. Алайда, ауру қауіпті болған соң, амал жоқ осындай шешім қабылдауға тура келген. Мал шығыны өтеледі «Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор Асқар Жақыпбаевтың шешімі бойынша республикалық қордан «Глюзамин ВЕТ» құралы бөлінді. Сондай-ақ, ветеринариялық препараттар алынып, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Ауруды оқшаулау үшін 6 арнайы техника мен 25 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ, карантин өлексе өртелген күннен 21 күн өткен соң және ветеринариялық-карантиндік іс-шаралар өткізілгеннен кейін қорытынды дезинфекция сапасының нәтижелеріне сәйкес алынып тасталады. Міндетті түрде шаруашылық иесіне өртелген малдың құны төленеді», – дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Данияр Мерғазин.

Сонымен қатар, жауапты маманның айтуынша, облыс көлеміндегі БАҚ-та және әлеуметтік желілерде аусылдың таралуын болдырмау және алдын алу бойынша ескертулер жарияланып, таратылуда.

АУСЫЛ АДАМҒА ДА ЖҰҒАДЫ

Егер аталған аурудан емдеп алуға болатын болса, неге малдың көзін жойып жібереді? Осындай сауалдың ойға келуі де орынды. Мамандар былай дейді. Аусылмен ауырған мал жазылған соң да оның ағзасында вирусы сақталып қалады. Сондықтан, малды қалайда өртегенді жөн санайды. Кеңес кезінде де ауыл адамдары аусылмен ауырған малдың етін асып жеп, сүтін пісіріп ішіпті. Себебі, аусыл вирусы қайнатқан кезде 2 минутта өліп, жойылып кететіні ғылыми түрде дәлелденген. Солай болса да аусылды таратпаудың ең тиімді жолы малды өртеп, қора-қопсыны залалсыздандыру екен. Себебі, «мал жазылды» дегеннің өзінде оның ағзасында вирус сақталып қала береді.

– Ауырған мал ұзақ уақыт вирус тасымалдаушы болады. Ірі қара малдың сауыққандарының жартысы дерлік 8 ай бойы, кейбіреуі екі жылға дейін вирус бөліп шығарады. Аурудан сауыққан және вакцина егілген малдардың жұтқыншағы мен мұрын қуысының қосылған жерінде вирус 9 айдан (қойларда) 2,5 жылға (ірі қара малдарда) дейін сақталады. Аурудың жасырын кезеңі 2 тәуліктен 14 тәулікке дейін созылады, – дейді Данияр Мерғазин.

Ал, бұл дертіңіз абайламасаңыз адамға да жұғады екен. Белгісі сол, саусақ арасында қызғылт дақтар пайда болады. Жалпы, ересек адамға жұққаны сирек дейді. Ал, адамнан адамға тарамайды екен. Бірақ, тазалықты сақтау, қолды сабындап жуу, малды емдегенде резина қолғап кию керек. Ал, залалсыздандырғанда формалинмен, күйдіргіш натриймен, яғни сілтімен мал тұрған жерді күн сайын залалсыздандыру қажет. Малдың қиын, тезегін, басқа қалдықтарды да түп-тұқиянымен өртеп жібереді.

СЫРТТАН МАЛ АЛУДА САҚТЫҚ ҚАЖЕТ

«Жалпы, мал-жаныңыз аурудан аман болу үшін фермерлерге бірінші кезекте сырттан мал тасымалдау кезінде өте сақ болған абзал. Несін жасырамыз, әлі де заңсыз, ветеринариялық құжаттарсыз (анықтамасыз) малды алып-сату жиі кездеседі біздің аймақта. Сондай жауапсыздықтың соңы қауіпті індеттің таралуына сеп болып жатыр. Тіпті, кейбір шаруашылықтар мал өсіру, оны тасымалдау кезінде шектеулердің бар екенінен де бейхабар». Иә, дәл осылай шыр-пыр болады жауапты сала өкілдері. Ауылдағы мал дәрігерлерінен кеңес алып отырғанның еш артықтығы жоғын тағы айтып, дабыл қағады.

Естіген болсаңыздар, желтоқсан айында тағы да Шет ауданында Зеңгі баба тұқымы жаппай инфекциялық ринотрахейт және вирустық диареяға шалдыққан. Аурудың алғашқы дерегі Ақжал ауылында тіркелген. Сондай-ақ, Ақсу-Аюлы, Босаға, Киікті, Ақшатау ауылында да тараған. Ауру атауы анықталған соң, дерт жұқтырған малды жаппай вакцинациялаған. Бір айдың ішінде аудандағы 12 мыңға жуық ірі қара егіліпті. Ал, кесел дерегі көп тіркелген Ақжал ауылында шектеу енгізуге тура келген. Өріске мал шығарылмай, елді мекеннен ет-сүт өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған. Дегенмен, мамандар аудандағы кесел анықталған 750 сиырдың дені аурудан айыққанын айтады. Аурудың таралуына себеп – малды алып-сату, тасымалдау кезіндегі салдыр-салақтық.

Қысқасы, мал-жаныңыз аман болсын, ауылдағы ағайын.

Қасымхан ҒАЛЫМ.