Бас тақырып

600 миллиард: несие қай салаға бөлінеді?

Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ПремьерМинистрдің орынбасары Ерболат ДОСАЕВ индустрияландыру саясаты бойынша биылғы жылдың ақпан айынан экономиканың басым бағыттарын несиелеу бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл – Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы тапсырмасының орындалысы. Онда Мемлекет басшысы басымдығы бар жобаларға кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді Ұлттық банкке міндеттеген-ді. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау қажеттігін қадап айтқан. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалы аймақта кенжелеп тұрған салаларды анықтады. Несие беру үшін кәсіпкерлердің жобаларын күтіп отыр.

ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Ерболат Досаев Президентке «Атамекен» ҰКП Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе отырып, еліміз үшін қажетті, импортты алмастыратын және экспортқа шығарылатын тауар позицияларын да анықтағанын мәлімдеген-ді.

Облысымыздағы ұзақ мерзімді несие берілетін экономиканың басым бағыттарының қатарына азық-түлік тауарлары, оның ішінде, ет және құс етінен жасалатын тағамдар, сүт және ірімшік өнімдері, балалар тағамдары, дайын тағамдар, консервілер бар. Ал, киім және аксессуарлар бойынша сырт киім, тоқыма және былғары бұйымдарын өндіруге арналған материалдар, аяқ киім және оның жабдықтары, үйге және кеңсеге арналған бұйымдар, жиһаздар, тұрмыстық техникалар өндірісі, құрылыс материалдары, қағаз бұйымдары, тіпті, велосипед құрастыру да бар.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру мекемелерін салу және реконструкциялау, туризм саласын дамыту жобалары да бар. Дені – халық көп тұтынатын және шикізаттық емес экспортқа шығаруға болатын тауарлар.

НЕСИЕ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?

Аталған механизмнің негізгі операторы – «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры. Бөлінген қаржы өңірдегі өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі жеке кәсіпкерлерді несиелеуге бағытталған. Сондай-ақ, қайта қалпына келтірілетін негізде айналыстағы қаражатты толтыру мүкіндігі де қарастырылған.

– Несие беруді жүзеге асыратын банктер бұрын берілген несиені қайта қаржыландыруға, қатысу үлесін сатып алуға несие беруге қақысы жоқ дейді, – «Даму» қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалы директорының орынбасары Гүлнар Сүйіндікова.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында анықталған кәсіпкерлер, индустриалдық-инновациялық қызмет субъектілері және экономиканың басым бағыттары бойынша жобаларды жүзеге асырушылар «Даму» қоры анықтаған жобалар тізіміндегі тауарларды өндіру үшін несие алады. Өңдеуші өнеркәсіп жобаларын және 10 миллиард теңгеден жоғары қызметтерді несиелеу жағдайында салалық өкілетті органның оң қорытындысын алу – міндетті.

Субсидия берудің жылдық сыйақы мөлшері 15%-дан аспайды, ал, субсидиялау көлемі жылына – 7 %.

Инвестицияға бағытталған несиелерді субсидиялау – 7 жыл, бірақ субсидиялау мерзімі ұзартылмайды.

Ал, айналыстағы қаражатты толтыруға бағытталған несие мерзімі 3 жыл болмақ.

ТҮЙІН

Еліміздің шикізат базасы мықты деп мақтана алғанымызбен, оны ұқсатып, пайдамызға жаратып жатқанымыз шамалы. Бизнес қанатын кеңге жайды, шағын және орта бизнес өркендеді. Дегенмен, қайта өңдеу саласына келгенде елден шығып, экспортқа кетті деп, болмаса, қазақстандық бренд деп, өзге елдерде ізіне шам алып іздейтін сұранысқа ие тауарлар шыға қоймағаны рас. Сонымен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында кенжелеп тұрған өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес тауар өндірушілерге несие берілетіндігі нақтыланды. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгеннен кейін аталған салалар бірте-бірте қанатын кеңге жаяр деген үміт бар.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button