Жаңалықтар

Қымбатшылыққа қарсы күрес: жергілікті өндірушіні қолдау қажет

Әлемдегі саяси ахуал елімізді де айналып өткен жоқ. Ресми деректер азық-түлік, тауарлар мен қызметтер бағасының кемі 8%-ға көтерілгенін көрсетіп отыр. Осыған орай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында халық қалаулылары қоймаларда, супермаркеттерде және әлеуметтік павильондарда рейд жүргізген болатын. Туындаған мәселелерге байланысты облыстық мәслихатта мемлекеттік органдар басшыларының, өңір әкімдіктерінің, облыстық кәсіпкерлер палатасының, «Сарыарқа» ӘКК, ірі сауда орындары өкілдері мен кәсіпкерлердің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында дөңгелек үстел өтті.

 Әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанованың айтуынша, рейд барысында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз өсіру орын алғаны анықталған. Оның өзінде көтерме баға өзгермесе де, бөлшек саудада екі еседен астам өскенін көруге болады. Мұндай жағдай Қарағанды ғана емес, ел аумағында байқалған. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерудің мыңдаған фактілері анықталғанын көрсетеді деректер.

Бағаны тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге баса назар аударылып отырғанын және облыста тұрақтандыру қоры құрылғанын айтады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров.

Құзырлы орган басшысының сөзіне сенер болсақ, халықтың дүрлігуіне ешқандай негіз жоқ тәрізді. Себебі, тұрақтандыру қорында 8 561,4 тонна өнім бар. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қоймасында 23,7 тонна қарақұмық, 500,3 тонна қант және 37,4 мың литр күнбағыс майы сақтаулы. Астықтың резервтік қоры бойынша 8000 тонна ұнның тұрғаны тағы бар. Бекітілген төмендетілген бағалар бойынша жасалған меморандумға сәйкес, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін жеткізу де жалғасуда.

Асқар САНАУБАРОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Өткен аптада Қарағандының сауда нүктелеріне келісі 65 теңгеден 13 тонна картоп жеткізіліп, бөлшек саудада 85 теңгеден сатылды, одан бөлек, 4 тонна сәбіз де бар. Көтерме бағасы 70 теңгеден болса, бөлшек саудада – 85 теңге. 2 тонна қырыққабаттың да бір келі үшін бағасы – 85 теңге. Пияз да жеткілікті. Мысалы, келісі 58 теңгеден әкелінген 4 тонна пияз 70 теңгеден бастап сатылды. «Шығыс» базарындағы орташа көтерме бағаға тоқталар болсақ, картоптың бір келісі – 170-180 теңге, қырыққабат – 350 теңге, Ираннан жеткізілген қырыққабат – 420 теңге, сәбіз – 180 теңге, пияз – 140-150 теңге.

Құс фабрикаларымен жасалған меморандумға сәйкес, І санаттағы жұмыртқа ондығы сауда желісіне төмендетілген бағамен 260 теңгеден жеткізіледі де, сауда нүктелерінде 270-290 теңгеден сатылады. Бір апта ішінде Қарағандының сауда нүктелеріне 26 мың жұмыртқа, Жезқазғанға 18 мың жұмыртқа жеткізілген. Асқар Дәукенұлы жұмыртқаға қатысты осындай мәлімет берді десек, нанның бағасына қатысты айтқанынан оның да бағасы шарықтап кетпегенін біліп үлгердік. Резервтік қордағы ұннан пісірілген нанның әр бөлкесі сауда нүктелерінде 75 теңгеден сатылады. Бірақ, 75 теңгенің арзан нанын үйіңіздің жанындағы кез келген дүкенге кіріп, сатып ала бермейтініңіз бесенеден белгілі. Арзан нан алу үшін келісім жасалған «Magnum», болмаса «Южный», «Norma N» және «Корзина» тәрізді ірі сауда желілеріне бару керек. Асқар Санаубаровтың айтуынша резервтік қордағы бидайдан дайындалатын бірінші сұрыпты ұнның қалдығы – 8 131 тонна. Бұл – бидайдың жаңа түсімін алғанға дейін қарағандылықтардың арзан наннан қағылмайтынының кепілі.

Осы орайда дөңгелек үстелге шақырылған Optimo сауда желісінің өкілі Александр Куприенко өз наразылығын білдіре кетті.

75 теңгеден нан сатып алу және тұтынушыларға сату туралы ұсыныс түскен жоқ. Біз бір бөлке нанға 1 теңге үстеме баға қосамыз. Әлеуметтік жауапкершілікті сезінгендіктен осы нормаларды ұстанамыз. Бірақ біз нанды 110 теңгеден сатып алып, 111 теңгеге сатамыз. Қантқа 2 теңге қосамыз, – дейді ол.

Асқар Санаубаров Қарағандының барлық супермаркеттерін 75 теңгелік нанмен қамту мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Қарағандыдағы 53 супермаркеттің 40-ына ғана осындай нан жеткізіледі.

Жаңа түсім өз алдына, «Қыс – арбаңды, жаз – шанаңды сайла» демекші, алдағы жаздың ыстық әрі құрғақ болатынын айтқан депутат Айман Түкбайдың сұрағы да орынды шықты. «Қарағанды облысы қауіпті егіншілік аймағы, ауа райы да әртүрлі болуы мүмкін. Құрғақшылыққа төзімді тұқымдар бар ма?» деді ол. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай тұқымдық қор жоқ екен. Асқар Санаубаров шаруашылықтар тұқымды өздері сатып алатынын айта келе, мәселені шешетіндерін, соған қарамастан, облыс тұқыммен қамтамасыз етілгенін де жеткізді.

Құзырлы органның жауабына қанағаттанбаған Айман Бекболатқызы сайлаушыларға қандай жауап беретіндерін білмейтіндіктерін де айтты. Жаздың құрғақ болатынын біле отыра құзырлы орган тарапынан қандай шара қолданылатыны беймәлім болғаны өз алдына, тұрақтандыру қорындағы өнім тонналап, ауыз толтырып айтылғанымен, облыстағы әр жан басына шаққанда қаншадан келетіні тағы белгісіз.

Депутаттар «Сарыарқа» ӘКК басшысының орынбасары Мәулен Өміртаевқа да біраз сұрақтар қойды.

Бізде жұмыстың 2 механизмі бар. Біріншісіне сәйкес, қант, қарақұмық, күнбағыс майын және ақталған күрішті сатып аламыз және сатамыз. Екіншісі – айналым схемасы. Яғни, кәсіпкерлік субъектілеріне 0,01% жеңілдікпен қарыз беру. Қазір тұрақтандыру қорында 765 тонна өнім бар: қант – 500 тонна, қарақұмық – 160 тонна, май – 37 тонна, күріш – 68 тонна. Жақында азық-түлік корпорациясымен 2 вагон қант сатып алуға қосымша шарт жасастық. Ол 136 тонна. Жыл басынан бері өңірлер мен супермаркеттерге шамамен 120 тонна өнім өткіздік. Картоп, сәбіз, қырыққабат – 85 теңге, пияз – 70 теңгеден сатылады. Тұрақтандыру қорларынан өнімдерді сатып алуға келетін болсақ, қантты тікелей өндірушілерден – Тараздан, қарақұмықты – Павлодардан, майды – Алматы немесе Шығыс Қазақстаннан, күрішті Қызылордада сатып аламыз, – дейді Мәулен Өміртаев.

Бағаның көтеріліп кетпеуіне облыстық кәсіпкерлер палатасы да үлестерін қосуда. Директоры Ернар Құлпейісов бизнес пен халықтың мүдделерін ескере отырып, бағаларды реттеудің қолданыстағы тетігін қайта қарау туралы шешім қабылданғанын айтады.

Біз министрлікке салалық сарапшыларды, оның ішінде ӘМАТ өндірушілерін және сауда желілерін жұмысқа тарту туралы ұсыныс білдірдік. Бірлескен талдау ұсыныстарды пысықтауға мүмкіндік береді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, мысалы, азық-түлік карталарын енгізе отырып, ӘМАТ реттеуді алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Сондай-ақ, ӘМАТ тауарлары бойынша ҚҚС мөлшерлемесін 8%-ға дейін төмендетуге болады. Мұндай шара 2020 жылғы наурызда төтенше жағдай кезеңінде енгізілді. Соңында, біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, кіріс ресурстарын арзандату бөлігінде мемлекеттік қолдау көлемін арттыруды, сараланған тарифтерді енгізуді ұсындық, – деді Ернар Құлпейісов.

Сондай-ақ, Ернар Құлпейсов жағдайды тұрақтандыру үшін басым бағыт жергілікті мазмұн үлесін арттыру керектігін алға тартады. Бұл ретте отандық тауар өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасау керек.

Әлбетте, бағаның өсуі халықтың әлеуметтік осал топтарына соққы болатыны анық. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова оларды қолдаудың тетіктері жайлы мәлімдеді. Оның айтуынша, аз қамтылған 1984 отбасына 2022 жылы АӘК төлеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 1 729,4 миллион теңге қарастырылған. АӘК алатын аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін оған азық-түлік пен тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы енгізілген.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Жанат Садықова тауарлар бағаларының мониторингі деректерімен бөлісіп, олардың көтерілгенін тағы да растады.

Біз апта сайын ӘМАТ бағасын тіркейміз, әрбір тауарға 6-дан 8-ге дейін базалық объект бар. 1-24 наурыз аралығында құмшекерге – 32,5%, қырыққабатқа – 14,6%, тұзға – 13,8%, сәбізге – 12,5% өсім байқалды. Жұмыртқа бағасы – 12,4%-ға, сүт – 10,9%-ға, макарон өнімдері – 18,5%-ға, картоп – 7,3%-ға өсті. Тұрақтандыру қорларынан өнім төмен бағамен жеткізілгенімен, бұл жағдайға айтарлықтай әсер етпейді, – дейді ол.

Заңнама бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне арналған сауда үстемелері 15%-дан аспауы тиіс. Бұл жағдайда супермаркеттер тауарды тікелей өндірушілер мен жеткізушілерден алғандықтан, үстеме баға аз қосылса, шағын дүкендер ұсақ көтерме саудагерлерден немесе базардан сатып алатындықтан, жүкқұжаттар мен ілеспе құжаттар бойынша проблемалар туындайды, сондықтан, екі есе үстеме пайда болады. Алайда, оларға қатысты ешқандай әкімшілік шаралар әлі қабылданған жоқ екенін де айтады мамандар.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша бағаларды тұрақтандыру және инфляцияны тежеу үшін бірқатар ұсынымдар қабылданды. Уәкілетті органдарға сауда желілері мен отандық тауар өндірушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуды қамтамасыз ету, «айналым» сызбасын қаржыландыруды және тұрақтандыру қорларына азық-түлік сатып алуды ұлғайту жөніндегі жұмысты жандандыру ұсынылды. «Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет», – деп атап өтті облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Ауыл шаруашылығы басқармасына фермерлермен өзара іс-қимыл тетігін ойластыру, «өндіріс – тұтыну» жүйесін қолданысқа енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларын іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыру ұсынылды. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік карталарды енгізу бойынша жұмысты бастау ұсынылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі облыстық мәслихат депутаттарының бақылауында. Ірі сауда орындары мен базарлардың өкілдерімен осындай кездесулер тұрақты негізде өткізілетін болады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button