Бас тақырып

«Технократ керек» дегенге бір жақты қарау дұрыс па?

Соңғы кезде қоғам екіге қақ айырылды. Бір тарап – елге алдымен технократ қажет десе, екіншісі елдің рухын көтеретін гуманитарлық бағыттың аса маңызды екендігін алға тартады. Жалпы, бұл мәселе академик Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВТЫҢ журналистерге берген сұхбатындағы «Қазаққа ақын емес, текнократ керек» деген сөзінен басталған-тын. Кейін бұл жайт ел ішінде көп талқыға түсті. Байқап қарасақ, «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл мәселенің екінші жағы да бар сияқты…

Мassaget.kz порталына жарияланған ақын Тұрсынбек Башарға берген сұхбатында Асқар ағамыз: «Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек. Өйткені біз ертең сөз ұйқастығы, әдемілігімен алға шығып кете алмаймыз. Қазір сұрасаң: «Ойбай, Шыңғысхан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ екен» дейді. Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып жетіспегендігін білдіреді. Өйткені, бүгін мақтанатын ештеңесі жоқ, сондықтан өткенімен мақтанады. Сіз өткенмен мақтанбаңыз. Сіз бүгінмен мақтаныңыз. Қазақ тек ақындық өнермен озамын деуі – бос сөз. Ақындық қазақтан басқа ешкімге керек емес», – депті. Сонымен қатар, академик бұрынғы математик ғалымдардың да өлең жазғанын да тілге тиек етеді. Әрине, бұл сұхбаттың бір үзігі ғана.

Біздіңше, мұнда академик өзін «ақынмын» деп кеуде керетіндердің көбейіп кеткенін айтқысы келген. Шындығында, қазір мұрнына өлеңнің иісі бармайтындар өзін ақын сезініп, «мақтаса екен» деп дәметіп тұратынын көзқарасынан байқайсыз. Өлеңге өмірін арнауға екінің бірінің батылы жетпейді. Өлең – не бар, не жоқ. Бұл – ақиқат.

Бірде, аудандық мүшәйра өтіп, сонда бір өлеңге талпынып жүрген жігітке III орын беріпті. Сөйтсе, анау пақырыңыз «Мен I орынға лайық едім. Мені пәленше-түгеншелер мойындаған, мықты ақынсың деген» депті-мыс. Айналайын-ау, көңіліңе қарап айта салған шығар сол лебізін. Өлеңің айтып тұр ғой кім екеніңді…

Осы тұста ақындардың арасында техникалық бағытта жұмыс істейтіндері бар екенін айтқымыз келеді. Бірақ, олардың өлеңі газет-журналда істейтін шайырдікінен кем емес. Осыдан да, Асқар ағаның сөзінің де жаны бар екенін байқауға болады. Өйткені, математика ғылымы шығармашылық адамына жылдам ой қорытуға көмектеседі екен. Ал, мықта математик ғалымдарға да ақындар сияқты сезім керек, шабыт керек екені сөзсіз.

Кейін Асқар ағамызға болашақ туралы батыл болжамдар айтып жүрген ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы жауап берді. Үзінді келтірейік.
«Иә, Абай «жүрек көзінің ашылуы» жайында айтты. Математикамен емес, Өлеңмен. Бабаларымыздан келе жатқан Сөз Руханиятында «Төбекөз» деген ұғым да бар. Абайда ол – «Ой Көзі», Шаһкерімде, – «Жан Көзі».
Жүрек көзі – адамның сезімдік он мүшесінің («он көзінің») ішіндегі ең бастысы. Адамдық он екі мүшенің қалған екеуі – Сөз мүшесі (Тіл) және Іс мүшесі (қол-аяқ). «Он екі мүше». Кемел Адамда сол он екіні және ақыл-есті (Көсегені) Төбекөз басқарып тұрады. Төбекөз – Рухтың яки Қош Егенің өзі әрі Көзі.
«Төртеуі (төрт көзі) түгел (кемел) болса, Төбедегі Көз (Төбекөз) көреді. Алтауы (алты көзі) ала болса, Ауыздағы (Сөз) өледі».
Мәңгүрттену кесірінен, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген түрде, мүлде ұғынықсыз формаға түсіп, өзге мағынада қолданылып келе жатқан Адамтану математикасының осы «формуласының» құпия сырын бізге қай математик я қай технократ анықтап береді? Өлердей жанталасса да, ол қолдарынан келмейді, егер, «Руханият+Технократия» тандемінің дұрыстығын ұғынып, жан-дүниесін тазартарлық («іштегі кірді қашырарлық») Сөз Руханиятын меңгермесе, соған жүгінбесе» дейді ақын.

Мұнда шайыр «Руханият+Технократия» деп, руханияттың бірінші орында тұруын меңзейді.

Екі саланың хас шебері де өз қабілетінің артықшылығын шамасы жеткенше айтып берді. Екеуінің де пікірін бұрыс не дұрыс деуге қақымыз жоқ. Әркімнің өз пікірі – өзінде.

Шындығында, біз Асқар ағамыз айтпақшы, ата-бабамызбен көп мақтанамыз. Маңыздысы, «Біз, өзіміз кімбіз?» деген сауалдың маңында өрбуі керек-тін. Жуырда Ресеймен соғысып жатқан Украиндықтардың асқақ рухын көріп, біз осы руханиятты да, технократтықты да жарытпай, сөз қуып жүргенімізді ұққандай болдым. Желідегі ақыл айтқыштарды көріп, жағаңызды ұстайсыз. Біз ғылымнан бас тартып, тойшыл, мақтаншыл, атаққұмар болып алған екенбіз. Асқар ағаның сөздері құлағымда қайта жаңғырды…

Математиканың шамасы жетпейтін адамның рух әлемнің қатпар-қатпарларына бойласақ, Тыныштықбек ақынның айтқанынна амалсыз келісеміз.

Осылай ой қорытып жүргенде қазақтың белгілі ақыны Қасымхан Бегмановтың фейсбук желісіндегібір жазбасын көріп қалдым.

«Меніңше әрбір талантты адам кәсіппен айналысуы керек. Кәсіп болғанда өз мамандығыңа, мүмкіндігіңе сай әбден ойланып, барып іске кірісуің қажет. Сонда екі бүйірің шығып, бала-шаға, ағайын-туыстың алдында жүзің жарқын болады. Кәсіпке кіріссеңіз, әрине, менің артымнан ергендей әртүрлі артыңыздан сөз ереді. Сөзден қорықпау керек! Бәрін тас-талқан етіп жеңіп шығатын күнге жету үшін заманауи білімді болуыңыз тиіс.

Біздің қоғамда таза шығармашылықпен ғана айналысып жүруге мүмкіндік жоқ дедік. Ол үшін, ең алдымен үлкен «авторитет» болуың керек. Үлкен бедел бірден келмейді. Кейде ол беделің құрғырды ұзақ жылдар күтуге тура келеді.

Өз басым халыққа масыл болған жоқпын. Күні-түні еңбек еттім. Ұзақ жылдарым еңбекпен өтті. Ауыр ойлардан басым бос болған жоқ. Үлкен жауапкершіліктерден қашқан жоқпын. Өз ойымша нәтижесі жаман емес. Есесіне бала-шағамды, бауырларымды, туыстарымды, төңірегімді тарықтырған жоқпын.

«Мен ақынмын» деп еркін жүретін заман өтті. Алда жаңа заман, жаңа пайым, жаңа түсінік, жаңа технологиялардың дамыған үстіне дамитын заманы келе жатыр. Атақты математиктің сөзінің астарында шырылдаған шындық жатыр. Қазақтың табиғатын өзгерту оңай емес. Қазақ ақын халық. Бірақ, мына заманның жаңа технологиясын меңгермей үлкен ұлтқа айнала алмайсың.

Менің нан тауып жейтін мамандығым басқа саладан екендігін оқырман жақсы біледі. Бойымда, инженерлік мамандығым мен анамның ақ сүтімен дарыған ақындығым кейде тіл табыса алмай жатады. Ақылым кәсіпке, сезімім, жан қалауым шығармашылыққа қарай сүйрейді» деп ағынан жарылады ақын.

Жоғарыдағы екі пікірден есеңгіреп жүрген бізге Қасымхан ақынның пікірі майдай жақты. Қазір, «мен ақынмын, шығармашылықтың адамымын» деп, отбасынан да баз кешіп, жарытып жұмыс та істемей жүрген замандастарымды білемін. Бірақ, мың жерден талантың тасып тұрса да, қалтаң бос боп, тіленшілікпен айналысып жүрсең кім ұнатсын сені? Отбасыңды асырып, ешкімге жаутаңдатпау ер азаматтың парызы емес пе?

Сондықтан, табиғатының, өмірінің, дүниетанымының түгелі математикамен тығыз байланысты қазақ екенімізді ұмытпай, рухымызды өлтірмей, түлкі заманды тазы болып шалуды ойлау жөн екенін түйдім. Тым есепшіл де емес, аса қияли да емес, Абай айтқан тепе-теңдікті сақтап өмір сүрсек, адаспаспыз. Атақты «Донкихот» романында да қиялға берілудің неге душар ететінін оқып өстік қой. Сондықтан, тынбай еңбек етемін деп шештім. Еңбек – бәрін жеңбек. Адал еңбек барда руханият өкілі де, математик те өз биігін бағындырары сөзсіз. Жоғарыдағы үш тұлғаның пікірінен түйгеніміз осы болды. «Технократ керек» деген сөзге біржақты қарамау керектігін ұқтық.

Ал, бұл жайлы Сіз не ойлайсыз?…

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button