Денсаулық

Мобильдік бригада шақыратындар 3 есе көбейді

Соңғы уақыттары мобильді бригадалардың жүктемесі айтарлықтай артқан. Бұл – жіті респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ) мен коронавирустың күрт өршуінің нәтижесі. Қазіргі таңда облыс көлемінде 184 мобильді бригада жұмыс істеуде. Оның 37-cі ауылда. Сонымен бірге, резервте 145 мобильді бригада бар.

Облыс орталығындағы №1 көпсалалы аурухананың мобильді бригадалары күніне 300-400 шақыруға шығады. Қауырт шақыртулар кейде белгіленген жұмыс уақытынан да асып кетеді.

– Облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы апталарда қоңыраулар саны күрт өсті, – дейді №1 көпсалалы аурухананың аға медициналық тіркеушісі Татьяна Бойко.

– Әдетте біз күніне 90-150 шақырту қабылдасақ, қазір 400 қоңырау түседі. Кейде тіпті, 500-600-ге жетеді. Егер ЖРВИ, дене қызуы, мұрынның бітелуі, жөтел, ентігу, сұйық нәжіс белгілері болса, ондай шақыртулар мобильдік бригаларға жіберіледі. Шұғыл көмек керек болған жағдайда, шақырту жедел жәрдем қызметіне жіберіледі. Сонымен қатар, жоспарлы медициналық көмек көрсету, учаскелік дәрігердің жұмысы бұрынғыдай жүріп жатыр. Аурухананың емханасында 52 мың тұрғын тіркелген. Стандарт бойынша болуы тиіс 10 мобильдік бригаданың орнына 13 бригада жұмыс істеп жатыр. Олардың жұмысы жайлы емхананың №3 отбасылық денсаулық орталығы меңгерушісі Балжан Мұса айтып берді.

– Әр қоңырау науқастың жағдайына қарай бөлінеді. Балалары педиатрлық бригада, үлкендерді терапевтік бригада қарайды. Тұмау және коронавирус белгілері бойынша барған мобильді бригадалар науқасты толық тексереді, емдеу бойынша ұсыныстар, жадынамалар береді, ПТР-тестілеу алады. Орталық меңгерушісінің айтуынша, науқаста анықталған коронавирус болса, үй карантині туралы қолхат алынады.

– Науқас карантин талаптарын сақтау керектігін сезінуі тиіс. Оны компьютерлік томографиядан өткізуге апарады, оттегі концентратын қалай қолдану керектігін үйретеді. Әр шақыртуда науқастың жағдайы бағаланады, ауруханаға жатқызу-жатқызбау мәселесі сол жерде шешіледі. Негізінен бұл сатурациясы төмен, дене қызуы бес күннен аса түспей тұрған, ентікпесі бар науқастарға қатысты. Ал, жағдайы жеңіл болса, үйде емделеді. Ауру деңгейі орташа ауыр пациенттерге пульсоксиметрлер тастап кетеміз. Олар бізде жеткілікті көлемде. Сонымен қатар, ыстықты түсіретін және жағдайына қарай бактерияға қарсы препараттар беріледі. Үнемі телефон арқылы байланыста боламыз, – деді Балжан Мұса.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button