Жаңалықтар

Сиқырлы сөз

Нейробиологтар алғыс айту өмірімізге оң өзгерістер әкелетінін айтады. Яғни, адам миының құрылымы өзгереді екен. Калифорния университетінің Лос-Анжелес қаласындағы ақыл-ойды зерттеу орталығының ғалымдары ризашылық білдіру кезінде мидың сұр заты, яғни, нейрондық аскондар өзгеретінін дәлелдеген. Ал, ақпаратты қабылдау мен өңдеуге мамандырылған нейрондар өзгеріске ұшыраса, ойлау қабілетіміз де жақсара түседі. Нәтижесінде, өзін бақытты сезінген адамның денсаулығы дұрысталады.

Бұл, ғылыми тұрғыдан айтқанда. Алғыс айтудың психологиялық әсері де бар дейді мамандар. Яғни, ризашылық білдіру арқылы өзіңе ғана емес, өзгеге де көмектесуге болады. Оған мысал ретінде кез-келген проблеманы шешіп, өмірді өзгертуге ықпал ететін гавайялық «Хоопонопоно» техникасын алға тартады олар. Гавай аралдарында 5000 жылдан астам қолданылып келе жатқан техниканы кеңінен таратқан психиатр Ихалиакала Хью Лин.

Интернет деректеріне сүйенсек, Ихалиакала Хью Лин «Хоопонопоно» техникасын, қарапайым тілмен айтқанда, алғыс пен ризашылық білдіруді психикалық ауруға шалдыққандар ауруханасында қолдануды бастаған.

«Аурухананың жан ауруына шалдыққандарды емдейтін осы бір бөлімшесі ең қауіпті саналатын. Пациенттер тарапынан медициналық персоналға жасалатын шабуыл да таңсық емес. Себебі, бұл жерде ең қауіпті науқастар ұсталатын еді. Тіпті, бөлімше дәлізінен өткенде өмірлеріне қауіп төнетін болғандықтан, дәрігерлер емін-еркін жүрудің орнына қабырға жағалап жүреді-мыс. Осындай ауыр жағдайда жұмыс істеу мүмкін болмағандықтан, қызметкерлер бір айға да шыдамағаны айтылады.

Күндердің күнінде, әлде, жан ауруына шалдыққандарға тағдырдың назарының түскені ме, Ихалиакала Хью Лин осы ауруханаға психитар болып орналасады. Бір қызығы, бөлімдегі бір де бір пацинетті қарап-тексермеген, тіпті бетпе-бет те келмеген дәрігер кабинетінен шықпастан, олардың медициналық карталарын зерттеумен ғана айналысады. Зерттеп қана қоймаған, өзі де үнемі ізденіс үстінде болады. Нәтижесінде, ешқандай емге көнбейді делінген науқастардың беті бері қарай бастаған.

Бірнеше ай өткенде кісенде ғана жүруі тиіс болған пациенттерге еркін жүріп-тұруға рұқсат еткен. Ал, дәрінің күшімен ғана отырғандары құлан-таза жазылған. Өмірінің соңына дейін психикалық ауруханада болады делінгендер еркіндік алған деседі. Ал, емдеу мекемесіндегі жан ауруына шалдыққандарға арналған бөлімше қажет болмағандықтан, жабылып қалған».

Бұның жауабы не дегенде, психиатр Хью Лин «адам өзінің айналасында болып жатқанның барлығы үшін жауапты» деген екен. Яғни, ол емделмейтін науқастар жатқан бөлімшедегі қиын жағдайға қарамастан, налуды, өкпелеуді мүлдем ұмытып, айналасындағыларға алғыс айтуын тоқтатпаған. Нәтижесінде өзі ғана емес, өзгелердің де айығуына ықпал еткен.

Әрине, сену қиын. Ем қонбайды делінген науқастар құлан-таза айығып, қалыпты өмірге оралды ма, әлде, қазіргі тілмен айтқанда, «маркетинг барысымен» әсіреленген оқиға ма, ол жағын білмедік. «Көзбен көріп, қолмен ұстамағаннан» кейін сену қиын. Қалай болғанда да, Гавай аралдарында пайда болған техникаға көзсіз бас ұрудан аулақпыз. Оның үстіне әр халық өзінің өмір салтына қарай жаны шырқырап, қиын жағдайға тап болғанда тысқары күштерден көмек күтіп, бір нәрсеге сенетіні рас. Дегенмен, өзгеге ризашылығыңды білдіріп, алғыс айту арқылы өмірің жақсы жағына өзгеріп жатса, техниканың қай елден, қай жерден шыққанына қарамастан, жаттығы бола қоймас. Қазақ та «Алғыс алған арымас» демей ме?! Демек, алғыс алғанның да, айтқанның да жаман болмасы анық.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button