Білім

Әдебиетшілер шетелде оқи алады

«Болашақ» бағдарламасы аясында «Әдебиет» аталымы бойынша мамандықтар саны артады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында маман даярлау еңбек нарығына қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып әзірленеді. Басым мамандықтар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Халықаралық стипендия іске асырылған 28 жыл ішінде барлығы 130 стипендия «Филология, лингвистика, аударма ісі» мамандықтары бойынша тағайындалған. Оның ішінде 10 шәкіртақы «Ағылшын тілі және әдебиеті», «Ағылшын әдебиеті», «Тіл және әдеби білім», «Тіл және медиа», «Заманауи тілдер мен әдебиет» мамандықтары бойынша берілді. Ал соңғы бес жыл аралығында «Филология, лингвистика, аударма ісі» мамандықтары бойынша 26 стипендия (бакалавриат – 1, магистратура – 11, докторантура – 6, тағылымдама – 8 стипендия) тағайындалған. Оның біреуі – «Ағылшын әдебиеті» мамандығы бойынша, – деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы аясында 17 студент оқуын аяқтады, ал 9 стипендиат білім алуда. Жалпы, тізбеге проза мен поэзия, аударма мен әдеби сын, драматургия мен сыни ойлау сияқты әдебиетке қатысты пәндер бағытындағы магистр мен доктор дәрежесін алу үшін әлемнің үздік университеттерінде білім алуға бағытталған мамандықтар енгізілген.

Оның ішінде лингвистика және әдебиетке қатысты, грек, латын, неміс, ағылшын, француз тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша, әлем әдебиеті, балалар әдебиеті, кино, драмалық әдебиет мамандықтары қамтылды.

Депутаттық сауалда көрсетілген ұсыныстар ескеріле отырып, тізбедегі «Әдебиет» аталымы бойынша мамандықтар санын көбейтуге назар аударылады. Сонымен қатар, жалпы «Болашақ» бағдарламасы аясында «Әдебиет» мамандығы бойынша білім алатын түлектердің саны осы мамандыққа деген қызығушылығымен тікелей байланысты екенін ескеру қажет. Бұл ретте аталған мамандық бойынша Қазақстан Жазушылар одағы іріктеп ұсынған талантты қаламгерлердің кандидатуралары зерттеледі және қолданыстағы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына конкурс жарияланады, – деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button