Жаңалықтар

Мәдениетке мән берген өңір

Биыл Қарағанды облысында мәдениет саласында қызмет ететін 40 отбасы баспаналы болды. Қ.Байжанов атындағы бірлестіктің оркестрлері үшін музыкалық аспаптар алынып, облыс театрларының сахналарында жарық пен дыбыс жаңартылады. Аймақтағы мәдениет және өнер қызметкерлері бүгінде қалай күн көріп жатқанын және мұражай, театр, кітапханалардың жұмысы қаншалықты қажет екенін Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ айтып берді.

– Ұлттық мәдениет деңгейі неғұрлым жоғары болса, адам мәдениеті де соғұрлым жоғары болады. Қарағандылықтар қаншалықты мәдени адамдар?

–  Біз қарағандылықтардың эстетикалық талғамын дамыту, олардың ой-өрісін кеңейту және бос уақытын алуан түрлі және қызықты ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Өңір тұрғындарының мәдениет деңгейін көтеру үшін біздің басқарма жоспарлау кезінде іс-шаралар мазмұнының сапасына үлкен көңіл бөледі. Қарағанды облысында 665 мемлекеттік мәдениет және өнер объектілері – бұл театр, кітапхана, клуб, филармония, мұражай, саябақ, кинотеатр, аула-жасөспірімдер клубтары. Жыл сайын біз көрермендерді жаңа театр қойылымдарымен, жақын және алыс шетелдерден дирижерлер мен солистерді шақыра отырып, кәсіби оркестрлердің концерттерімен қуантамыз. «Әуенді Сарыарқа», DocStar және басқа да көптеген байқау мен фестивальдер өткізіледі. Бірнеше жыл бойы мұражайлар мен кітапханаларда «Мұражай түні» және «Кітапхана түні» өтті, олар қала тұрғындарына өте ұнады. Бүгінде облыста 1 766 клубтық құрылым жұмыс істейді, онда 31 мыңнан астам адам айналысады. Аудандардың ауылдық округтерінде жыл сайын хореографиялық ұжымдар, көркемөнерпаздар театрлары, дәстүрлі ән орындаушылары, эстрадалық орындаушылар арасында республикалық және облыстық байқаулар өткізіледі. Яғни, біз талантты жерлестерімізді барынша қолдаймыз.

– Облыс тұрғындары пандемияға дейін театрларға, мұражайларға, көрмелерге қаншалықты жиі барып тұрды?

 – Әрине, пандемияға байланысты 2020 жылдан бастап, іс-шараларға қатысу және өткізу бойынша негізгі көрсеткіштеріміз төмендеді. Бірақ, адамдарды карантин тоқтатпайды. Шектеулер жойылған кезде олар мәдени шараларға асығады. Бүгінгі күні өзекті болып тұрған проблема туралы айтқым келеді. Көрермендер спектакль мен концертке, мұражайға баруы үшін біз оларды мектептен бастап дайындауымыз керек. Бұрын симфониялық оркестрдің абонементтері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұжымдарының дәріс-концерттері оқушылар арасында танымал болған.

– Карантин режимінде мәдениет саласы қалай күн көріп жатыр?

–  Мәдениет басқа салалар сияқты қайта бағдарланды. 2020 жылдың 30 наурызынан бастап барлық мұражай, театр мен суретшілер онлайн режимінде жұмыс істей бастады. Техникалық қиындықтарға, әлеуметтік желілерде және интернет-платформаларда жұмыс істеу тәжірибесі мен түсірілімге арналған кәсіби аппаратураның болмауына қарамастан, мәдениет ұйымдары бұл жұмысты игерді және ретке келтірді, тіпті онлайн іс-шараларды өткізуде де табыстарға ие. Бұған Қазақстанның мәдениет қызметкерлері күніне арналған «Рухани қазына» республикалық онлайн-фестиваліне сәтті қатысқаны дәлел. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар арасында 2020 жылы біздің ұжымдар жеңімпаздар саны бойынша II орында болды – кітапхана, мұражай және мәдени-демалыс қызметі аталымы бойынша жеті лауреатымыз бар. 2021 жылы облысымыз кітапхана және мұражай қызметі аталымы бойынша жеті жүлделі орынға ие болды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан театр қайраткерлерінің одағы Музыкалық комедия, К.Станиславский атындағы және Теміртау балалар мен жасөспірімдерге арналған театрларды әлеуметтік желілер мен өз сайттарындағы үздік онлайн жұмысы үшін атап өтті. Сол жылы ҚР академиялық ұлттық кітапханасы Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми кітапхананың әлеуметтік желілердегі жұмысын жоғары бағалады.

– Қарағандылықтар қаншалықты жиі кітапханаларға барады?

–   Жалпы, біздің тұрғындарды оқырман деп айтуға болады. Кітапхана мамандарының статистикасына сүйенсек, 2021 жылы кітапханаларға 300 мыңнан астам оқырман келген. Бұл көрсеткіш одан да жоғары болар еді, бірақ шектеу шаралары кітапханалардың жұмысына түзетулер енгізді. Оларға оқушылар, студенттер, оқу орындарының оқытушылары, қызметкерлер, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер жиі келеді. Әркім өз кітабын, өз авторын табады. Ол үшін жыл сайын бюджеттен кітап қорын толықтыруға қаражат бөлінеді. Оқырманды тарту үшін кітапхана қызметкерлері түрлі сипат[1]тағы іс-шара, жарыс, акция , көрме, әдеби оқу, поэтикалық байқаулар және тағы басқа түрінде өткізеді.

–  Киелі орындарға қатысты қандай жұмыстар атқарылмақ?

–  2022 жылы Қарағанды облысының аумағында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ұлттық жобасы шеңберінде Алшынбай бидің шөбересі Қазыбек бидің кесенесіне реставрация, «Жошы хан» кешенінің жанындағы ескерткіштерге археологиялық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ, Талды археологиялық паркінің ескерткіштерінде іздестіру жұмыстары жоспарланған.

– Ал, мәдениет мекемелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге қатысты не айта аласыз?

–  Жыл сайын республикалық және облыстық бюджеттен мәдениет объектілерін қамтамасыз етуге және қалпына келтіруге қаражат бөлінеді. Мысалы, 2020 жылы 96 мекеме жөнделді. 2021 жылы тағы алпыс нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы 39 мәдениет және мұрағат мекемелерінде жөндеу жұмыстары жоспарланған.

– Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын мәдениетке қалай баулисыздар?

–  Бүгінгі таңда Қарағанды облысында мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар тұрғындардың бос уақытын өткізетін орталықтар болып табылады, мұнда әрбір адам өзінің шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыра алады. Пандемия кезінде клуб қызметкерлері жұмысты онлайн форматта игерді және шектеу шаралары кезінде әлеуметтік желілерде челлендж, бейнеконцерт, авторлық кеш, конкурс пен викториналар өткізді. Жақында облыста киіз басу техникасы бойынша шеберлік сабағы өтті және бірден бірнеше клубта киізден бұйымдар жасау бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Облыс тұрғындары өте дарынды. Дәстүрлі түрде егде жастағы адамдар үшін ардагерлер хорларының фестивалі, жастар үшін – «Жас қанат» және «Жастар әлемі», балалар үшін – «Еркетай» және «Керемет», жасөспірімдер үшін – «Жаңа есімдер», денсаулығына байланысты мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін – «Творчество души» өткізіледі. Сондай-ақ, «Сарыарқаның жаңа есімдері», «Әуенді Сарыарқа», «Сарыарқаның Жұлдызды кемпірқосағы», бардтық және авторлық әндер байқауы, дәстүрлі айтыстар және тағы басқалар бар. Өткен жылы «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» атты жаңа жоба бастау алды. Оны өткізуге облысымыздың барлық өңірлерінің тұрғындары тартылды. Біз дарынды шеберлер мен қолөнершілерді, дәстүрлі қазақ әншілерінің музыканттары мен әншілерін қолдадық.

– Мәдениетті бұқараға жеткізу үшін жақсы кадрлық құрам қажет. Кадрлармен проблемалар бар ма?

 – Біз көп жылдар бойы кадрлық тапшылықты бастан өткеріп келеміз. Бізге жоғары оқу орындарының түлектері келмейді, себебі, жас мамандардың жалақысы білім беру және медицина саласындағы қызметкерлермен салыстырғанда өте төмен.

– Облыс басшылығы қолдау көрсете ме?

–  Сөзсіз. 2020 жылы облыс әкімінің біздің сала басшыларымен кездесуі өтті, онда көптеген жылдар бойы шешілмей келе жатқан өзекті мәселелер айтылды. Кеңес қорытындысы бойынша Жеңіс Қасымбек бірқатар маңызды мәселелерді дереу шешті. Әрине, бұл мәдениет пен өнер қызметкерлеріне пәтер бөлу мәселесі болатын. 2021 жылдың басында Саран қаласы мен Ақтас кентінен 30 пәтер бөлінді. Қазір Доскей кентінде 40 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл облыстық театрлар жол жүруге ыңғайлы автобустарға ие болады. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің оркестрлері үшін музыкалық аспаптар сатып алынады. Облыстық театр сахналарындағы жарық пен дыбыс жаңартылады. Шығармашылық тұлғаларды қолдауға келетін болсақ, 2007 жылдан бастап, облыс әкімінің мәдениет және өнер қызметкерлеріне сыйлығы беріледі. Бұл тек еңбекке ынталандыру ғана емес, сонымен қатар материалдық ынталандырушы фактор болып табылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button