Жал-құйрықтың киесі

Жылқының жал-құйрығы – оның сәні. Қазақпен біте қайнасқан осы бір Қамбар ата төлінің қадірі қандай артық болса, оның жал-құйрығы да сондай қасиетке ие. Мұны халық ауыз әдебиетіндегі ертегі-жырлардан-ақ ұғуға болады. Мәселен, Қерқұла атты Кендебай ертегісінде батыр аттың бір тал қылын тұтатқан мезетте-ақ Керқұла ат «мен мұндалап» жетпеуші ме еді?! Қасиеттің төркіні де осында… Тарих тәпсірлеп тұспалдағандай сонау ғұн дәуірінен аттылылар Еуропаға кентавр болып танылған. Кентавр – ол басы адам, денесі жылқыға ұқсаған аңыз жаратылыс, яғни, ертегі кейіпкері. Ал, ғұндар қазақтың арғы тегі. Сайып келгенде осының өзі қазақ пен жылқы бір ұғым екенінің бірден-бір айғағы. Одан бөлек, қазақтың жылқыға деген ыстық ықыласын атақты тарихи тұлғалардың мінген аттарынан білетініміз де бар. Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбардың Қарақасқасы, Алпамыстың Байшұбары, Исатайдың Ақтабаны, Қабанбай мінген Қубасты, Ақан серінің Құлагері сынды шашасына шаң жұқпаған күліктерді аңыз етіп айтпаған жақ, естімеген құлақ жоқ шығар.

«Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей, суалмас» тәмсілін тірлігіне ұстын еткен қазақ. Осындайда, көмейінен кесек жыры төгілген Ақтамберді:

Арудан асқан жан бар ма?

Жылқыдан асқан мал бар ма?

Биенің сүті – сары бал,

Қымыздан асқан дәм бар ма? – дейді емес пе?! Жылқының сүті түрлі дерттің шипасы екені баршаға аян. Алайда, жесең ет, саусаң сүт, мінсең көлік болатын ғажайып жануардың тағы бір қасиеті бертін келе көлеңкеде қалып жүр. Бұл жылқының жал-құйрығына қатысты наным сенімдер. Қазақ неге арқанды жылқының қылынан ескен? Неге қасиетті қобызға жылқының қылын шек етті?

Арқанды қылдан есуі, қыл біріншіден майлық-сулыққа шыдас беретін мықты материал, екіншіден қыл арқан, жай жібек арқаннан гөрі тез сығылып тез буындырғыш келеді. Үшіншіден жылқының қылы жын-шайтаннан, жорғалаған жылан, бақа-шаяннан қорғайтыны да бар. Бұған айғақ Күшікбай батырдың ел жадындағы ерлігі.

Күшікбай батырды маңайындағы жігіттер қатты сыйлап пір тұтқан екен. Содан бірде жан-жағынан қаумалаған жас жігіттер Күшеке қалмаққа қылған батырлығыңызды айтып бізді бір марқайтып арқаландырыңызшы десе керек. Содан Күшекең «қайсы бірін айтайын оның» деп құр мақтанға мойын ұсынғысы келмей тартыншақтапты. Сонда бір сарбаз «Әлгі бір ақырғаныңызда қалмақтың аты қан сиіп, тізесі бүгіліп кетіпті ғой, соны айтыңызшы» демесі бар ма? Сонда Күшікбай батыр:

Е-е-е, ер болған соң ондай болады да, мен сендерге өзіме ұнайтын бір батырлығымды айтайын деп әңгімеге кіріседі.

Бірде Күшікбай батыр жорықтан қайтар ұзақ жолында ат шалдырып аялдамаққа бел байлайды. Күн кешкіріп, ақшам намазы кіріп қалған уақыт. Содан дәретін алып, намазын оқып болып, аттың ерін алып, қанжығасындағы қылдан есілген арқанның бір ұшын аттың сулығына байлап, екінші ұшымен сыртын доғалдау етіп қоршап, өзі сол керілген арқанның ішінде ер тұрманын жастанып ұйқыға кетеді. Түннің бір уағында аты от қуып жүріп кетсе керек, қыл арқан ашылып қалады. Бір жылан арқан ашылған тұстан жорғалап батырдың денесіне өрмелеп мінген екен. Батырлардың ұйқысы қатты қашанда. Әлгіндегі жылан қою қалың сақалдың арасына кірмейінше дым сезбестен ұйықтай беріпті. Содан сақалының арасын жыбырлатқан немеден тітіркеніп, оянып кеткен батыр көзін ашса тура кеңірдек тұсынан бетіне төніп тұрған жыланды көреді. Тумысынан табиғатпен селбесе өскен батыр жыланның улы екенін бірден аңғарады. Қимылдаса жылан шағып, өлетінін біледі. Көп ойланбай аузын айқара аша қалады. Мұны көрген жылан батырдың аузы ін екен деп басын сұғып ене бергенде сарт еткізіп аузын жауып қалып, бір тістеп басын жұлып алып, ары қарай ұйықтай берген екен. Мінекейіңіз қылдың тағы бір қасиетін осы әңгіме айқындағандай. Жылқының қылы қатты, әрі кірпінің тікеніндей жалаңаш денеге жағымсыз болғандықтан жылан сынды бауырымен жорғалаған жәндіктер одан айнала қашады.

Ежелден мыңдаған салт пен дәстүрді берік ұстанған қазақ, тіпті, өлген адамның ақыретке аттануын да жылқымен байланыстырған. Марқұмды жер қойнына тапсыру бірнеше салттан тұрады. Естірту, дене жуу, жоқтау айту, қаралы ту тігу, тоқтау айту, жыртыс тарату, жерлеу сынды. Солардың бірі – ат тұлдау дәстүрі. Қайтыс болған адамды соңғы сапарға шығарып салуда ат тұлдау ерекше маңызға ие салт болған. Оның нендей мағынасы бар? Ғалым Шайзада Тоқтабаеваның пайымдауынша, киіз үйдің алдына марқұмның тірісінде сүйіп мінген аты байланады. Қасына тағы бірнеше өзі жақсы көрген тұлпарларды қатар байлайды. Содан соң сол рудың жасы егде тартқан аузы дуалы ақсақалы «Иесіз тұл қалдың, жануарым!» деген сөздерді айтып, әлгі аттың кекілі мен құйрығын түп жағынанан қысқа етіп кесіп алған. Бұдан кейін кесілген келте кекілді артқа қайыра тартып, шашақтай үкі секілдендіріп байлайды. Бұл өзгеріс – жануардың тұлданғанын, енді сол марқұмның асына сойылатынының белгісі. Тұлданған ат мінілмейді, бос жүріп қоң жинайды. Ел көше қалған жағдайда әлгі аттың үстіне қайтыс болған иесінің ертоқымы таңылып, ердің басына тымағын теріс кигізетін болған. Және бір айта кетерлігі, тұл атқа тіпті баукеспе барымташылар да тимейтін. Себебі, қазақ нанымы бойынша оны ұрлаған адамның отбасынан қайтсе бір жан шығын шығады деп жорамалданған. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясында ат тұлдау салты ерекше суреттелген.

«Байдалы қараны тігіп, барлық жиылып тұрған жанкүйер жақындармен бата қылған кезде, сол үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектеліп келді. Бірі – доға жал семіз күрең ат. Екіншісі – дом боп жарап қалған, сартап болған сұлу қара көк ат. Күрең ат – Бөжейдің қыс мінетін аты. Қара көкті – осы жаз басынан байлап жүр еді.

Бөжейдей азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберісті. Біреулер таяғына сүйеніп, бірнеше кәрілер жер тіреп жыласып:

Арысым-ай, арыстаным, бауырым-ай! – десіп, күңіреніп еді.  Өзгеден бұрын бойын жиып алған тағы Байдалы болды. Ол әуелі оң жақ  босағада тұрған күрең атқа кеп:

Жануар-ай, иең кетіп тұл қалдың ғой, сен бейбақ! – деп, жақындап келді де, күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан кұйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл тірсегінен жоғары келтіре, қалың кұйрығын да борт-борт кесіп алды.

Қара көк атқа да соны істеп, тұлдаған екі атты барлық осы өңірдің өзге жылкысынан бөлек түске кіргізіп қоя берді. Қара тіккен жерде ас берудің серті айтылды. Мынау ұлданған екі ат келесі жылға шейін мінілмейді. Қол тимей

семіріп барып, жыл асқан соң иесінің асына сойылады. Байдалы екі аттың артынан қарап тұрып:

Қара көктің жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде ерімнің каралы ер-тұрманы осыған ерттелсін, тұлдаған киімдері осы жануарға жабылсын! – деді».

Расында, қарап отырсаңыз, бұл да бір пәлсапалық мәні бар терең ұғым.

Тіпті, марқұмның асы өткен соң да сойылған аттың бас сүйегі найзаның ұшына шаншылып мазарының басына орнатылған. Бұл дәстүрді сонау сақ заманынан білеміз. Сақ қорымдарынан батырдың мінген аты, қару-жарағы мен ас ішетін аяқтарына дейін табылған. Бұл марқұм ана дүниеде де сол тірісінде мінген пырағына мініп жүрсін, тірісінде кигенін кисін деген түсініктен туса керек.

Ал, қазіргіге тоқталсақ, әрине, бүгінгі жаңа қазақ атсыз емес. Ауыл-қала демей, қолынан келгендерінше тыраштанып тай ұстап, үйір салып, жылқы бағып-ақ жүр. Бірақ, осы бір түйіткілі мәселені білетіні азды-кем. Қазақ ежелден тай-құнанды күзеген. Қалай күзеген?! Қалай болса, солай жөн-жосықсыз емес, салтымен күзеген. Кекілінің ұшын ғана біртегіс етіп қиған. Жалын түбінен қырыққан. Өйткен себебі жал жабағы жал болғандықтан арасы байланып жалды сұйылтпай сәнін бұзатын болғандықтан. Оның үстіне байланған жабағы жалдың астындағы кенеден арылту үшін. Сондай-ақ, ескі жалды түбімен кескені орнына жаңа сусылдаған әдемі жал шықсын дегені. Мұнан өзге тағы үйірге түсетін байталды күзеген. Ондағы мақсат – тайында айғыр қуған байтал қолда тұратын болған. Қорадағы қидың қоламса иісі жал-құйрыққа сіңіп айғыр алмай қоятын болғандықтан. Байталды күзегенде оның құйрығының түбін тықырлау етіп күзеп, кекілін сәндеп, жалын тарап, таза сумен жуып-шайып жіберген. Құйрықты күзегені артық лас қылдар айғыр шапқанда бөгет болмасын дегені де, жалын жуғаны айғыр үйірге жатсынбай тезірек байталды иемденсін дегені. Қазір бұл аталған дүниелер ескерілмей тай-құнанды күзегенде кекілін түбімен кесіп, құйрығын сабауша тықырлап өздерінше сәндейді. Осындайда көпті көрген көнекөз ақсақалдар болса бұндайға жол бермей, «Тәйт, игілікке мінер балаңның болашақ атын тұлдаған аттай күзегенің не?!» деп жекір еді-ау!..

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.