Індеттен сақтану — міндет

Дүние жүзін дүр сілкіндірген коронавирус қайта оралды. Күні кеше елімізде 1 адам қайтыс болып, індет жұқтырғандар саны күн сайын көбеюде. Қазақ халқы аты жаман талай індеттің ақыретін көріп, қасіретін шексе де, мына індеттің дені басқа, күші жойқын екенін карантин кезінде көрдік. Вирустың отаны Қытайда жағдай ушықты. Қазақстан да қармаққа ілікті. Қарағандыда эпидахуал тұрақты ма?

Батпандап кірген дерттің шеңгелінен құтылу оңай болмай тұр. Халықты қынадай қырған індеттен зәрезап болған ҚХР жаз айында сырттан келетін адамдарға тосқауыл ретінде құрлық көлігін тоқтатса, күздің алғашқы айларында 21 млн. тұрғыны бар Чэнду қаласына қатаң локдаун енгізді. Үрімші әуежайы күндізгі рейстердің 97%- ын қысқартты. Елде өршіген індет Қытайдың 15 провинциясы мен мегаполистеріне, оның ішінде Бейжің мен Шанхайға әсер етуі мүмкін деген күдік басым. Яғни, елде әлі де алаңдаушылық бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде COVID-19 инфекциясына шалдыққандардың жалпы саны 615 млн.-нан асты. Тәулігіне 171 мыңнан астам адам індет жұқтырған. Ковидтің күзгі толқыны Бельгия мен Нидерландта да байқалады.

– Қауіпті індеттің жылдам жайылуына жол бермеу үшін вакцинация мен тестілеу өте маңызды, – деп атап өтті жергілікті сарапшы мамандар.

Сонымен қатар, коронавирустың омикрон нұсқасы мутациялануда.

– Омикронның BQ.1 деп аталатын жаңа нұсқаларының бірі Еуропалық одақ пен Еуропалық экономикалық аймақтың кем дегенде бес елінде анықталды. Еуропадағы аурулардың алдын алу және бақылау орталығының мәліметі бойынша BQ.1, сондай-ақ BQ.1.1 деп аталатын әрбір топ бөліктері қарашаның ортасынан желтоқсанның басына дейін өршиді, – деді еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің басшысы Марко Кавалери.

Күз бен қыста тұмау мен ковид вирустары қатар жүруіне байланысты екі вакцинаны қатар әлсіз топтарға егу ұсынылды. Алайда, вирус түрленуде. Бұл алдағы уақытта қолданыстағы вакцинацияның тиімділігін арттыруға тура келетінін көрсетеді.

Коронавирусқа сенбеу – қауіптің ең үлкені. Елімізде 8 қарашада аталмыш вирустан бір адам қайтыс болды. Дәрігерлер де індет жұқтырғандар санының артып жатқанын айтуда. Араға бірнеше ай салып, бәсеңдеген вирус ошағы қайта тұтанған. Бүгінде вирус жұқтырған 50-ге жуық адамның сегізінің жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы өте ауыр. Сонымен қатар коронавирус пневманиясына шалдыққандар саны көп.

– Ағымдағы эпидемиялық маусымда Қазақстанда тұмау вирусының А және В екі штамы айналымда жүр. Сәйкесінше, жұқтырғандар саны артқан. Еліміз бойынша ауруға шалдығу көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен сәйкес. Аурудың алдын алудың ең тиімді тәсілі вакцина алу. Биылғы жылы бюджет қаражатынан Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ+»вакцинасының 2,3 млн. данасы сатып алынды. Бұл республика халқының 12%-ын қамтуға мүмкіндік береді – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова.

Медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлеріне арналған білім беру ұйымдарының балалары эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша бюджет есебінен егіледі.

Сонымен қатар дәрігер мамандар, эпидахуалды тұрақты сақтау, ауру ошағын көбейтпеудің басты тәсілі сақтық шараларын күшейту деп дабыл қағуда. Айтқанда, дезинфекциялық режимді күшейту, антисептикті қолдану, қорғаныш бетпердені тағу, адам көп жиналатын жерлерге бармау, науқас адамдарды оқшаулай отырып, байланысты шектеу секілді сақтық шараларын қатаң сақтауды талап етуде. Әрине, бұл құрғақ сөз емес! Алдыңғы жылдардағы орын алған жағдай бізге сабақ. Бастапқыда түрлі дақпыртқа сеніп, дерттің бар екеніне күмәнмен қараудың соңы сан соқтырып, қапы қалдырғаны баршаға аян. Санитарлық шараларға селсоқ қараудың соңы, қайғылы жағдайға әкелуі әбден мүмкін.

Қарағанды өңірінде де коронавирус инфекциясын жұқтырғандар тіркелгенімен, ауыр жағдайдағы науқастар жоқ. Есесіне, ЖРВИ жұқтырғандар саны күн санап артуда. Облыстағы медициналық ұйымдардың қызметіне шамамен күніне 300- ге жуық тұрғын жүгінеді.

– Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан бері облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 43645 жағдайы тіркелді. Облыста сырқаттану көрсеткіші өткен жылдың ұқсас кезеңінің деңгейінде қалып отыр. Тұмаудың зертханалық расталған 46 жағдайы анықталса, оның ішінде 14-15 жасқа дейінгі балалар арасында өсу үрдісі 4% – дейді облыстың штаттан тыс бас эпидемиологы Аслан Теміров.

Облыс бойынша 139 868 тұмауға қарсы егілді. Оның ішінде 12561-і 14 жасқа дейінгі балалар.

Елдегі эпидахуалды қалыпты жағдайда ұстау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі тұмау өршісе, оқушылар онлайн оқуға көшуі мүмкін екенін мәлімдеді. Егер бір сыныпта оқушылардың 30%-ы тұмау жұқтырған жағдайда онлайн оқу жүйесі енгізілмек. Республика бойынша ауырғандардың 80%-ы, облыста 60%-ы балалар. Балаларда температураның күрт көтерілуі, дененің айқын интоксикациясы, қалтырау, бұлшық ет пен бас ауруымен қатар құрғақ жөтел вирустың негізгі белгілері болып отыр.

Кез келген вирустан сақтанудың жолы – екпе. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да құптап отыр. Вирустың сыртындағы ақуыз тікенегі 30- дан астам мутацияға ұшырауға қабілетті.

Сағыныш ӘБІЛ

Ortalyq.kz