Тұлға

Өткен жылдар ақиқаты

Еңбек жолы Теміртау қаласында басталған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Магниткадағы ауыр еңбекке, үздіксіз оқуға, қарқынды және жауапты қоғамдық-саяси жұмысқа толы жылдарында Қазақстан өнеркәсібінің қара және түсті металлургиясының пайда болуы мен дамуының куәгері, белсенді қатысушысы және тікелей жетекшісі болды. «Орталық Қазақстан» газетінің сарғайған беттеріндегі мақалалары арқылы сол кезеңдегі бастама, жаңадан ашылған өндіріс орындары туралы біліп қана қоймай қиындықпен күресу жайлы айтқандарына да қанығамыз.

Газеттің 1976 жылғы 31 желтоқсандағы санында Қарағанды металлургия комбинатының партком секретары Н.Назарбаевтың «Артта қалушылар санатында» атты мақаласы жарық көреді. «Қарағанды металлургия комбинатының жақсы жұмысына не кедергі жасауда?» деп басталған мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы комбинаттың жұмысын жандандыру туралы біраз мәселені қозғайды. «… ақ қаңылтыр цехына қажетті аса бағалы шетел жабдықтарын пайдалануды алайық. Елімізде барлық қаңылтырлардың тең жартысын өндіретін цехты әуелі Ждановта салуды ұйғарған болатын. Ол жерге бұдан бірнеше жыл бұрын жабдықтар жеткізілді. Содан кейін, министрлік оның құрылысын Запарожьеде салуды ұйғарды. Бірақ, көп кешікпей бұл «кандидатура» түсіп қалды. Шамалы уақыт өткеннен кейін, машиналар бізге, Теміртауға келді. Қазір құрылысшылар цехтың корпусын бар қарқынмен салуда. Бүгін болмаса ертең, кәсіпорынға ақ қаңылтыр өндіру жөнінде жоспар береді. Ал оны қалай орындау керек? Жабдықтарды дұрыс сақтамау салдарынан жарамсыз болып қалды, көбі моральды түрде ескірді» деп қынжыла жазады. Ал, 1977 жылы 4 қазандағы «Қарышты қадаммен» деген мақаласында Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің секретары Н.Назарбаев Қарағанды облысының еңбеккерлері Ұлы Октябрь революциясының 60 жылдығы мерекесіне қызу әзірлік үстінде екендігін жазған. «Стахановшыларымызды мақтан тұтамыз. Оның алғашқы қарлығашы атақты Түсіп Күзембаев басқарған бригада болды. Бұл бригада сол жылы 25 сентябрь күні бір сменада 105 вагонетка орнына 220 вагонетка көмір өндірді» деп мақтанышпен атап өтеді… Мұрағатты қарап отырғанда партия комитетінің секретары, КПСС ХХV съезінің делегаты Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шабыт шарықтар шақ» атты мақаласына да көз түсті. Онда автор: «Өткен жылы 1970 жылғыдан шойын, болат, прокат өнімдерін өндіру едәуір артты. Бесжылдық ішінде №3 домна пеші, оттегі-конвертор цехының комплексі, қаңылтырды суықтай қақтайтын цех, еліміздегі ең ірі №4 домна пеші, №2 аглофабрика, қыздыру құдықтарының төрт тобы және басқа қосалқы обьектілер пайдалануға беріліп, ойдағыдай игерілді» деп жазады. Бұл мақаладан алғашқы өнімдер туралы да білуге болады. Мысалы: «Комбинат металургтері отандық тәжірибеде тұңғыш рет жоғары фосфорды концентратты өңдеудің және қаңылтырды салқындай қақтаудың технологиясын игерді» делінген. «Жаңа жыл басталғалы комбинаттың агломератшылары мен болатшылары, конверторшылары, қысым цехының коллективі біркелкі жұмыс істеп келеді. Январь айының алғашқы 12 күнінде олар жоспардан тыс 4300 тонна агломерат, 4500 тонна болат, оның ішінде 2200 тонна конвертор болатын өндіріп, жөнелтті». Бұл мақалада Теміртау қаласын көркейту туралы ойын да айтады. «Біздің қалада сәулеттендіру және көгалдандыру мәселесі ойдағыдай емес. Демек, осыған байланысты қаланың кәсіпорындары мен құрылыс орындары есебінен техника және адаммен жабдықталған арнайы учаске ұйымдастыру керек» дейді.

Иә, біз, осы жазылған мақалалар арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Орталық Қазақстан» газетінің тұрақты авторы болғанын, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында өзекті мәселелерді қозғап, сын айтумен ғана шектелмей, қандай да мәселені шешу туралы айтқан ойларына куә боламыз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button