Бас тақырып

Қалжыраған «Қазпошта»

Өткен заманда телеграф, пошта саласы стратегиялық нысандар қатарына жатқызылғаны белгілі. Нарықтық экономикаға көшу бұл салаға да елеулі өзгерістер әкелді. «Қазпошта» 1993 жылдың қазан айында Байланыс министрлігінің құрамынан бөлініп шығып, дербес шаруашылық нысанына айналды. Ал, 1999 жылдың 20 желтоқсанында ашық АҚ болып қайта құрылған еді. Акционерлік қоғам кеңестік кезеңнен кейінгі серпінді дамып келе жатқан компания ретінде өз қызметімен еліміздің бүкіл аумағын қамтитын ұлттық оператор болып танылды. Соған орай, қалалар мен ауылдық аймақтарда пошталық, қаржылық және логистикалық бағыттағы толық қызмет көрсету міндетін мойнына алған болатын. Алайда, қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ-ның жоғары жақтағы жағдайының нақты қандай екенін білмедік, ал Жезқазған торабындағы ахуалдан мұндай өрлеудің нышанын көре алмай отырмыз. Халыққа күнделікті көрсететін қызметін жетілдіріп, даму жолына түсу орнына жұмысының қиюы қашып, кері кетіп барады.

Бұрын пошта байланысының Жезқазған қалалық торабының бірнеше бөлімшесі жұмыс істеп, қаламен қатар аймақтағы барлық ауылдарды қамтитын. Осы кейінгі бір-екі жылдың ішінде Ұлытау ауданына қарасты ауылдардың барлығында, сондай-ақ қала іргесіндегі Кеңгір, Талап ауылдарындағы пошта бөлімдерінің есігі тарс жабылып, қызмет көрсету тоқтатылды. Енді осындай қисынсыз жағдай қалаға да төніп тұр. Қаладағы С.Сейфуллин көшесіндегі кең, қолайлы ғимаратта орын тепкен пошта байланысының №4 бөлімшесі өткен жылдың соңғы тоқсанында өзінің негізгі қызметтерін тоқтатты. Мұнда пошта жөнелтімдерінің барлық түрлерін қабылдап, өңдеп, тасымалдаумен қатар Ұлттық банкінің лицензиясына сәйкес қаржы операциялары жүргізіліп, түрлі ақша аударымдары да жасалатын. Қазір бұл жерде сырт жерлерден келетін сәлем-сауқаттарды тарататын бір ғана оператор жұмыс істейді. Қалған қызмет түрлері жоқ. Шағын төлемдер жасауға қолайлы халыққа қызмет көрсету орталығындағы, салық инспекциясындағы және автовокзалдағы пошта нүктелері де жабылып қалған. Бүкіл қала тұрғындарына қызмет көрсететін Желтоқсан көшесіндегі бір ғана бөлімшесі жұмыс істейді. Мұндағы ұзақ-сонар кезекте сағаттап тұрған адамдар хат-хабар жіберу немесе үйдің салығын төлеу сияқты болмашы шаруа үшін жарты күнін жоғалтып, босқа шаршап-шалдығумен жүр. Кезектің жылжуы да баяу, адамдарға бір терезеде ғана қызмет көрсетеді. Осында келушілердің қайсымен сөйлессеңіз де өкпе-реніштерін алға тартады.

– Бұл саланың қызметі жақсару орнына жылдан-жылға құлдырап барады. Поштаға келіп, кезекте тұрумен қаншама алтын уақытымыз босқа кетуде. Қызметкерлері жалақысының төмендігін сылтауратады. Өз жұмыстарын дұрыс істей алмау басшылық тарапынан талап пен тәртіптің болмауынан орын алуда, – дейді белгілі кәсіпкер Фарида Дәулетбаева.

Осы пікірді Анар есімді кәсіпкер де толықтыра түсті.

– Салық төлемін төлеуге келіп едім, сағаттап күтумен отырмын. Бұрын салық инспекциясының ішіндегі пошта пунктіне төлеу ыңғайлы еді. Ол жабылып қалды. Мына жерде небары екі терезе жұмыс істейді. Біреуі төлем қабылдаса, екіншісі хат-хабар, посылка жөнелту сияқты қызметпен айналысады. Жұмыстары өте баяу, ойдағыдай емес, – дейді ол.

«Қазпошта» АҚ қалалық торабы жұмысының осыншама нашарлап, қалжырауының себебі неде? Жуық маңда тығырықтан шығар жол бар ма? Біз осы мәселені саралап, себеп-салдарын білу үшін пошта байланысы Жезқазған қалалық торабының басшысы Айбол Болатбековпен жолығып, сөйлескен едік.

– Қаладағы №4 бөлімшені пошта байланысының операторлары жетіспеуіне байланысты уақытша жаптық. Қаржымен жұмыс істеу оңай емес, бағдарлама қиын. Оператор әмбебап болуға тиіс. Екі адам вакцина алмаймыз деп жұмыстан шығып кетті, бір адам декреттік демалыста. Хабарландыру беріп жұмысқа шақырып жатырмыз. Бұл жағдайды жұмыспен қамту орталығы да, әкімдік те біледі. Оператордың жалақысы 78 мың теңге, қолға таза алатыны 68 мың теңгедей. Бізге кемінде 5-6 оператор керек. Соларды түгендесек №4 бөлімшені жұмыс істетуге болады. Қазір бүкіл қаланың адамдары осы бөлімшенің қызметіне жүгінеді. Соның салдарынан үлкен кезек туындауда. Пошта тасушылар да жетіспейді. Екі почтальонның орны бос тұр. Ауылдағы пошта бөлімшелері де жабылып қалған. Әкімдері аптасына бір рет поштаны алып кетеді. Пошта бөлімшелері Ұлытау ауданының орталығы мен Жезді, Қарсақбай кенттерінде ғана қалды. Тығырықтан шығу үшін жалақыларына 30% үстеме қосып, айлықтарын 102 мың теңгеге жеткіздік, – дейді қалалық тораптың басшысы Айбол Сарқытұлы.

Бұдан әрі біз әр саладағы пошта қызметкерлерімен де пікірлескен едік. Олар да айлық жалақының мүлдем төмен екенін алға тартады. «Өткен жылдың қараша айынан бастап төлемекші болған үстеме ақыны көрген жоқпыз. Бастық айтқанын орындамай отыр» дейді. Соның салдарынан адамдар жұмыстан шығып кетіп жатқан көрінеді. Пошта жеткізу бөлімі меңгерушісінің айтуынша, қазірде 3 почтальон жетіспейді. Олардың айлық жалақысы 71 мың теңге екен. Табыс салығы, зейнетақы жарнасы сияқты тиісті төлемдерін ұстағанда қолдарына 57 мың теңге алады. Бұрын қала бойынша 15 почтальон болса, қазірде штатта 10 адамға ғана орын бар. Айлықтың аздығы мен жұмыстың ауырлығынан оның өзі толық жетіспей отыр. Бір кездегі почтальендарды көше-көшелеріне дейін көлікпен жеткізіп тастайтын жағдай да бүгінде көзден бұлбұл ұшқан. С.Сейфуллин көшесіндегі №4 бөлімшеде қалған жалғыз оператор Күлшат Есенбаева 19 жылдан бері еңбек етеді. Зейнеткерлікке шығуға жақын қалыпты. Таңертеңгі 9-дан кешкі сағат 18- ге дейін тапжылмай аптаның алты күнінде жұмыс істейді. Қолға алатыны 68 мың теңге. Айлыққа ешқандай үстеме қосылмағанын айтады. Жаңа жылда бірдеңе болама деп үміттенген екен. Бірақ, бүгінге дейін ешқандай өзгеріс жоқ дейді. Сонда А.Болатбеков шайлығына жетсе, майлығына жетпейтіндерге бермеген 30% үстемесін кімге төлеп отыр?

«Қазпошта» АҚ-ның Жезқазғандағы бөлімшесі жұмысының шатқаяқтап, нашарлауы бүкіл өңірдегі баспасөзге жазылу, хат-хабар мен сәлемдемелер жеткізу істерінің тоқырап, тоқтап қалуына әкеліп соғуда. Мәселен, 2600-дей тұрғыны бар қала іргесіндегі Кеңгір ауылында пошта бөлімшесінің жабылып қалғанына бір жылдан асыпты. Талап ауылында да осындай жағдай. Мұнда 635 тұрғын бар. Ауыл әкімі Қайрат Бапанов газет-журналды аптасына бір рет өзі келіп әкетіп, кітапханаға беріп отырады екен. Дегенмен, бұл жағдай пошта қызметіне зәру болып отырған тұрғындар көңілінен шығып отырған жоқ. Ал, Жезқазған қаласынан 300, аудан орталығынан 320 шақырым шалғайдағы Қоскөл ауылының ахуалы, тіпті қиын. Бұрын 15 мың теңге төлеп зейнетақы тарататын бір адам ұстаған екен. Қазір пошта қызметі мүлдем жоқ. Ауыл почтальонының қысқартылып қалғанына бір жарым жыл болған. Қоскөл ауылдық округінің әкімі Қалдыбек Кәкімжановтың айтуынша, үйлеріне жеткізілмейтін болған соң халық газет-журналға жазылуды да тоқтатыпты.

«Зейнеткерлер зейнетақысын, мұғалімдер жалақысын сабылып қалаға барып алуға мәжбүр. Ауылда терминал жоқ. Ауыл адамдары жерге қатысты қаулы-қарарларды және басқа да нормативтік құжаттарын пошта арқылы алып отыратын. Қазір одан да қағылып, бейхабар жағдайда отыр», – дейді ол.

Осы жағдай өңірдегі барлық ауылдарға тән.

Цифрлы технология мен жаңа инновациялар өріс алған бүгінгі заманда адамдар жылдам әрі сапалы қызмет көрсетілуін талап етеді. Бұл тұрғыда бәсекелестік ортада бәсі жоғары болудың орнына «Қазпошта» уақыт легіне ілесе алмай, көштен кейін қалғанын көрсетуде. Акционерлік қоғамның республикалық деңгейдегі және облыстағы басшылықтары Жезқазған пошта бөлімшесінің осындай мүшкіл халін біле ме екен деген сұрақ туындайды. Білсе неге шара қолданбайды? Жалпы «Қазпоштаның» кетеуі кеткен жұмысын жолға қоюға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі қажет шығар. Сондықтан, тиісті министрліктер жергілікті жердегі осы мәселеге жете назар аударса екен дейміз.

Амандық РАХҰЛЫ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button