Мемлекеттік қолдаудың арқасында Теміртау тұрғыны өзінің жеке кәсібін ашты

Теміртау тұрғыны Диана Байділдинова «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, тегін грант ұтып алды. Ол өзінің йога студиясын ашып, арманына қол жеткізді. Кәсібі өрге домалаған ол бизнесін одан әрі дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Студия ашылғанға дейін мен екі жыл йогамен айналыстым, шетелдік компанияда жоба менеджері болып жұмыс істедім, оған дейін банкте 11 жыл жұмыс істегем. Мен әрдайым өз ісімді ашу туралы ойлап жүрген едім, бірақ кеңседегі жұмысымнан қолым босамады. Мен тұрақтылық болғанын қаладым. Алайда, өткен жылы жұмыстан шығып кеттім. «Атамекен» ӨКП-да «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп, 583 мың теңгеге грант алдым. Содан кейін өз жобамды жүзеге асыра алдым. Бүгін менің студиям сәтті жұмыс істеп жатыр, – деді Диана.

Қазіргі уақытта студияға айына 200-ге жуық адам келеді.

– Оқушылардың жасы әр түрлі: ең кішісі – 15 жаста, ал үлкені – 72 жаста. Бірақ көбінесе 30-40 жастағылар келеді, – дейді Диана. – Ер адамдар да бар, бірақ олар аз. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз ісімді дамытуды жоспарлап отырмын.

Бойжеткен өз студиясында екі йога нұсқаушысын жұмыспен қамтамасыз етті.