Тұсаукесер

Қайта жаңғырған – “Балауса”

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, филология факультетінде Сәкен Сейфуллин атындағы «Балауса» студент-жастардың шығармашыл орталығы жұмысын қайта бастады. Орталықтың жеке кабинеті салтанатты түрде ашылып, клубтың құрылуы мен тарихынан сыр шертетін «Балауса» танымдық жинағының тұсауы кесіліп, соңы «Өнер мен білімнің бастауы – «Балауса» әдеби сазды кешіне ұласты. Тарихы 1965 жылдан бастау алатын клуб араға біраз жыл салып, қайтадан өз жұмысын бастап отыр. Біліммен бірге өнерді де ұштайтын шығармашыл жастарға қанат бітіретін «Балауса» орталығынан талай жас томағасын сыпырып, қазақ руханияты көгіне қалықтағанын ел біледі. Олар бүгінде әр салада олжа салып жүр.

Орталықтың жеке кабинетінің тұсауын облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы және филология факультетінің белсенді студенті Солдатбек Айбек кесті. Тұсаукесер рәсімінен соң, қазақы дәстүрмен шашу шашылып, клубтың әр кезеңдегі төрағалары мен мүшелері өз қатарластарымен сахнаға шығып, өткенді еске алып, естеліктер айтты. Тебірене өлең оқыды, әуелете ән шырқады. «Балауса» жинағын құрастырушы – филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахымов.

Жинақтың тұсауын бір кездері орталықтың төрағасы болған Аманжол Әлтаев, Қуаныш Мақсұтов, Қойлыбай Асанов және Берік Рахымов кесіп, жиналған қонақтарға тарту етті. Кеш соңында қонақтарға ҚарУ-дың брендік сыйлықтары табыс етілді. ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков шараға арнайы қатысып, аға буын өкілдеріне алғыс айтып, орталықтың ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, «Балауса» өнер ұжымының тарихына арналған шағын көрме жұрт назарына ұсынылды.

– Көптеген жас өнер жолына осы «Балауса» клубы арқылы келген екен. Енді жаңадан заманауи үлгіде жасақталған орталықтың арнайы кабинетінде бос уақыттарын тиімді өткізіп, шығармашылықпен айналыса алады. Түрлі тағылымды жиындар мен іс-шаралар өткізіп, ел рухын көтеруге атсалысады, – дейді филология факультетінің деканы Елдос Түйте.

Сейфуллин атындағы «Балауса» үйірмесі Қарағанды мұғалімдер институтында 1965 жылы құрылған. ХХ ғасырдың 50-ші жылдардағы жылымықтан кейін «Халық жауы» деп кінә тағылып, итжеккенге айдалған арыстарды ақтау ісі басталған-тын осы кезеңде. Қазақ халқының айтулы арыстары С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтер ақталып, туған халқымен шығармалары қайта қауышқан еді. 1964 жылы Қазақстанда С.Сейфуллиннің 70 жылдығы атап өтіліп, бұл іске Қарағанды облысы, айтарлықтай үлес қосқан. Ақынға қатысты ізгі шаралар өткізіліп, облыс, аудан көлемінде де игілікті істер басталған. Дәл осы кезде Қарағанды мұғалімдер даярлайтын оқу орнында өз герістер болып, Қарағанды педагогикалық институтына айналыпты. Филолог мамандарды даярлайтын қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасынан «Қазақ әдебиеті» кафедрасы бөлініп шыққан еді. Кафедраға жаңа мамандар алынып, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының түлегі, филология ғылымдарының кандидаты Задан Жұмағалиевтің келуіне орай жаңа кафедра тізгіні сеніп тапсырылған болатын. Сөйтіп, ақылдаса келе студенттермен болған салтанатты жиында Сәкен Сейфуллин атындағы «Балауса» үйірмесі 1965 жылдың сәуірінде дүниеге келген екен.

Үйірмеге кафедра тарапынан жетекші ретінде Мұрат Смағұлов бекітіледі. Алғашқы кезеңде үйірме бойларында таланты бар жастарды жинап, олардың тырнақалды туындыларын талдаумен айналысқан. Шығармалары көптің көңілінен шыққандары іріктеліп, облыстық, республикалық басылымдарға жарыққа шығуына кафедра ұжымы ықпал етіп отырған. Бұл тұрғыда кафедраның аға оқытушысы, университет комсомол ұйымының хатшысы ретінде және кейін кәсіподақ, партия ұйымдарын басқарған М.Смағұловтың еңбегі ерекше болды. Кафедра меңгерушісі З.Жұмағалиев те жазушы, ғалымдар мен өнер адамдарымен кездесулер ұйымдастырып отырды. Алғашқы жылдары С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиндерге арналған кештер әсерлі өтіп, жазушы Жайық Бектұров арнайы келіп баяндамалар жасаған екен. Сол алғашқы жылдардың өзінде «Балауса» үйірмесінің ішінен Б.Аманжолов, Д.Стамбеков, А.Бөкенов, С.Ақсұңқарұлы, С.Бексейітовтер суырылып шыққан еді.

1980 жылдардан кейін «Балауса» үйірмесі С.Сейфуллин атындағы «Балауса» әдеби-шығармашылық бірлестігі болып қайта құрылды. Қайта түлеген бірлестіктің алғашқы төрағасы болып танымал айтыс ақыны Қуаныш Мақсұтов тағайындалды. Осы кезеңде бірлестік жұмысына белсене араласып, өнерде өзіндік қырларын таныта бастаған бірнеше жастардың есімі жарқырай көрінді. Олардың бірі ақын, енді бірі әзіл-сықаққа, келесі әншілікке бейім және сазгерлігі бар өнерлі жастар болатын. ҚарУ-дың белсенді студенті Солдатбек Айбек төрағалық ететін, заман талабына сай қайта түлеген орталықтың қабырғасынан қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосатын ірі тұлғалар шығарына күмән жоқ.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button