КӨКЖИЕКТІ КЕҢЕЙТКЕН ПЕЙІЛ алақандай ауыл жұртының жақсылығын жаһан біледі

Қазақстан – бірнеше ұлттың басы қосылған жер. Өткен ғасырда, оның алдында еріксіз келгендердің бүгінгі баласы ежелгі қазақ жеріне «бөтен емеспін» деп біледі. Әрине, бірнеше буын көшті, ел алмасты. Түрі, діні бөлек болса да, «қазақпен мұратым ортақ» деп таныды. Жер иесінің маңайына топтасқан бұл ұлттар қазір ел құруға үлкен үлес қосуда.

Қазақ та тағдырдың айдауымен көрші атанған қауымға алакөзденген емес. Төріне шығарып, құдасындай күтті. Қатарынан жер беріп, іргесіне жақын отырғызды. Ашыққан, жабыққан сәтте құшақ жая қарсы алған Алаш баласының ақ пейілін ұмытпас. Ақты ақ, қараны қара деп таныған жан жадыдан шығаруы мүмкін емес-ті. Жанашырлықтың жарқын мысалын біз бала кезімізден көріп өстік…

Сайын Мұратбеков «Жабайы алма» атты повесінде балалардың басынан кешкен хикаяларын әңгімелей отырып ұлттар арасындағы қарым-қатынасты, сыйластықты шебер келтіреді. Біздің алақандай ғана ауылда да бірнеше ұлт өкілі тұрды. Дәл қазір санын дөп басып айта алмаспыз, бірақ, арасында неміс, қырғыз, татар, орыс, украин, шешені барын анық білемін. Сол повесте айтылған оқиғаларға ұқсас жағдайлар біздің ауылда да болып тұрды…

Бала-шаға үшін көзі көкшіл, шашы сарының түгелі – орыс. Тіпті, кейбір ересектер де көгілдір көздінің бәрін солай атайтын. Дегенмен, біздің үйдің үлкендері кімнің қай нәсілден екенін жіліктеп айтқанды жөн көрді. Ауылдасының көңіліне қаяу түсірмеудің қамымен жасалған қадам болса керек. Ал, бала атаулы украин, неміс, беларусь дегенді руының аты деп білдік.

Тоқсаныншы жылдары сол украин отбасыларының бірінің төбесіне қайғы бұлты үйірілді. Әлем төңкеріліп түскен кезең. Аласапыран шақ, қылмыстық топтардың дәурені жүріп тұр. Украинның қалада оқитын ұлы төбелесте біреуді жарақатты қылып қойды. Қазақ ауылдасына араша түскен. Жастайынан еңбекпен піскен қарулы жігіт пышағын жалаңдатқан бір топ баскесердің ортасына қойып кеткен. Енді іс қозғалып, түрмеге қамалды.

Бұл жағдай қоңсы ауылдарды да аяғына тік тұрғызды. Бас сауғалап, безіп кетпей, қазақтың баласын қандасым деген украинның ерлігіне, жанашырлығына төңіректегі халық тәнті болды. Сөйтіп, әлгіні түрмеден алып шығу қамымен жылу жинап жіберді. Біраз әуре-сарсаңға түскен жігіт кейін аман-есен оқуын бітіріп, үйлі-баранды болды. Ал, қазақ өзін өлім аузынан алып қалған украинның есімін ұлына беріпті деді ұзынқұлақ…

Тұрмыстан күй кеткен сол тоқсаныншы жылдары өзге ұлттар атамекенін іздеп, қоныс аударғаны белгілі. Ауылда да жүгін буып-түйіп, Германияға, Ресей мен Украинаға көш түзегендер болды. Бірақ, арада екі-үш жыл өте қайта оралғандарын көрдік. Ауылға, жаққан отына қайтып келмесе де, таяп келіп, екі қолға бір күрек табылар қалалық жерге қазық қақты.

Ал, елмен бірге ауылда қалып, Қазақстанның келешегіне сенгендер қарасы да қалың еді. Орынды-орынсыз қитығына тигендерге «Мені қай әкем күтіп отыр екен?!» деп шамданатын көршіміз. Кейін бала-шағасы өскенде қазаққа қыздарын берді әлгі орыс. Төс қағысып, құданың үйінен құйрық-бауыр жеп жүрді.

Ауылда жалғыз үй неміс тұрды. Қызыл империя күйреп түскен тұста ер жеткен баласы Германияға кетті. Шал мен кемпір қала берді.

Іле-шала кемпір қайтты. Неміс шал бастап, қазақ-орыс қоштап, жөнелтті. Бала ат ізін салмады. Әлде хабар жетпеді ме екен?!

Ортада үш-төрт жыл өте шалдың өзі келместің кемесіне мініп кете барды. «Діні бір ғой» деп көрші орысты бас қылған қазақтар неміс шалды да соңғы сапарына шығарып салды. Ұл топырақ салуға келмеді.

Дегенмен, біраз жыл өте жалғанда жалғыз қалған бала ауылға арнайы жетті. Көзкөргендерді көшеде құшақтап, жылап көрісті. Әкесі мен шешесін салтымен жөнелткен жұртқа алғысын жаудырды. Қазақтың қамқор пейілін әлемге әңгімелеп беруге уәде беріп, аттанды…

Қазір ерлі-зайыптылардың зираты ауыл шетінде томпиып жатыр. Жастық шағын Днепрдің бойында өткізген қос мұңлыққа Арқа төсінен топырақ бұйырды. Дәмдес болған ауыл үлкендері аракідік бастарына барып, маңайын тазартып тұрады… Ал, әлгі ұл кейін сөзінде тұрып, неміс басылымына мақала берді.

Міне, біз көрген ұлттар арасындағы сыйластықтың үлгісі – осы еді. Есте қалғанын, бірді-екілісін ғана ескердік. Қазақтың қамқор пейіліне қардай аппақ көңілімен үн қатқан достықтың айғағы. Аз үйлі ауыл топырағының қызуы ол балалардың табанында қалды. Қызара піскен нанының дәмі таңдайында тұр. Әлі күнге әлемнің әр түпкірінде айтып жүр. Алаш баласына деген алғысы үзілген емес. «Алғыс алған арымас, Қарғыс алған жарымас»…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.