Жаңалықтар

Көне дәстүр – көмбеміз

Жасамапаздық пен жаңарудың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы әз-Наурыз – ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын мейрам. Дәл осы күні ата-бабаларымыздан келе жатқан жөн-жоралғы, салт-дәстүрлеріміз орындалады. Көнеден келіп, көңілден кеткен көптеген көнерген салт-дәстүрлеріміз бар. Бүгін солардың бірнешеуіне тоқталсақ. 

Наурыз жерімізде сан ғасырдан бері тойланып, бабалардан мұраға қалып келе жатса да, кеңес өкіметі кезінде «діни мейрам» болып тыйым салынды. Алайда, қазақы болмысын жоғалтпаған отбасында жасырын түрде тойланып, әдет-ғұрып орындалып жататын. Ертеде орындалып, бүгінде ұмыт қалып отырған ғұрыптың бірі – белкөтерер. Мейірімділіктің мерекесінде орындалатын жоралғылар кішіпейілділікке, ізеттілікке, мейірбандылыққа үндейді. Белкөтерер дәстүрі де ғұрыптық ас атауы. Ел арасында «Белкөтерер – баталы сыбаға» деген нақыл бар. Ол исі мұсылман қауымына ортақ мереке күні үлкендерге арнайы дайындалатын дәм. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер сары өзек шағында, ұзын сарыдан қалған сүбелі асты ауыл үлкендеріне апарып батасын алады екен. «Қыс бойы қақталып, сүрге айналған сыбаға қарт адамның бойына құнар береді» деген түсінік бар. Қарт адамға көрсетілетін сый құрметтің бір парасы болып есептеледі. Бүгінде бұл дәстүр ұмыт қалып бара жатыр. Алайда, соғымнан әулет үлкендеріне үлестірілетін сыбаға тарату жоралғысының түп-төркіні «белкөтерерден» шықса керек-ті.

Тағы бір дәстүрдің бірі–ұйқыашар. Бұл тағам емес, тек ишара түрінде жасалатын салт. Ертеде ауыл жастары әз-Наурызды қарсы алу үшін салтанатты шара ұйымдастырады. Жігерлі де жалынды жігіттер жағы ұлттық ойынды жандандырса, ибалы да инабатты арулар түрлі тағам дайындайды екен. Кескін келбеті, өресімен көзге түскен жас жігітке жас ару «ұйқыашардан ауыз тиіңіз» деп кез келген дәмді ұсынады. Жас жігітте қыздың сияпат құрметін ишара ретінде түсініп, танысып көруге бел байлайды. Бұл дәстүр сол кездегі қазақ қыздарының сезімге ерік бермейтін ибалылығын көрсететін қылығы болған. Тәрбиелік мәні зор дәстүр біріншіден қазақ қызының ұяңдығын, тәрбиесін білдірсе, екіншіден қолынан бал тамған шеберлігін де көрсеткен. Әрі жар таңдаудағы тәлімді тәсілдің бірі болған. Өкінішке орай, бүгіндері атын естігені болмаса, орындалмайды.

Дәстүрдің озығы мен тозығы бар дейтін болсақ та, өткенін білмейтін халықтың болашағы бұлыңғыр екенін де естен шығармаған жөн. Халықтың салт-дәстүр, мәдениет құндылығын халық қазынасының озығы деп кәдеге жаратсақ, қателеспейміз!

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button