Жаңалықтар

Мәрт мінезді Маркең

«Әр адам бірін-бірі қайталамайтын, жеке дара құбылыс» дейді білетіндер. Бәлкім рас та шығар. Сол өзгені қайталамайтын дара болмысты азамат ақтоғайлық Мартбек СӘРСЕНБЕКОВ дер едім. Негізі адамды бір көргеннен, іш тартып, ұнатып қалатын кездер болады. Менің сондай, бірден іш тартып, араласып кеткен адамым – сөзімен де, ісімен де өзгелерден шоқтығы биік тұратын Маркең.

Орекеңдер (орыстар) «кісіні тану үшін бір пұт тұз жеу керек» депті. Мен білетін Маркеңді тану үшін келілеп тұз жеудің қажеті шамалы. Маркеңнің кім екені қалтқысыз қалыбында, бұлтақсыз болмысында тұр. Жақсының жанын семіртіп, жақсылығын айту – кімге болсын парыз. Маркеңді мен сонау тоқсаныншы жылдардан бері білемін.

«Ауылына қарап, азаматын таны» деп те бекер айпаған. Маркең – құба жон Қусақтың тумасы. Қусақ – түгін тартсаң майы таматын, шаруаға жайлы, ері – салқам, жері – дарқан, түтіні тік ұшқан ауыл. Сондай-ақ, Қусақ әр кездері «Береке», «Қошқар», «Шұбартау» деп те аталған. Әлі де ауылдың іргесі сөгілмеген қалпы, айрандай ұйып отыр.

Маркеңнің әкесі Сәрсенбек ақсақал «ортақ мақсат, ортақ мүдде» деп шекпенін шешпей, тұғырдан түспей, белсенді ғұмыр кешіпті. Көзкөрген ауылдастары «Сәрсекең алып денелі, мінезі салмақты, ісі орнықты, байсалды кісі болатын» деп еске алады. Әкесі туралы Маркеңнің өзі де шешіле әңгімелейді.

Әкей сырты – қатал, іші – жұмбақ, сыр алдырмайтын, ақиқатты ту еткен тұйық кісі болатын. Бір кіндіктен екі ұл, алты қыз – сегіз ағайынды. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келіп, ортаның жұмысына ерте жегілген. Жас та болса, бір әулет өзінің «арқасүйер азаматы» деп әкейдің ауызына қарапты. Бар-жоғы төрт сынып бітірген. Соған қарамай, кеңшарда ферма менгерушісі, егістік бригадирі, директордың орынбасары секілді әртүрлі қызмет атқарған. Шекемнен шертіп көрген емес. Алты қарындасы, төрт қызының ортасында жалғыз өстім. Жалғыз ұл деген жоқ. Шалыс басып, шектен асқан сәттерімде, қабағымен жасқап, айбарымен ықтырып отыратын. «Оқы», – дейтін. – Оқысаң, қор болмайсың. Оқығанымда, қазір бір жерде үлкен бастық болып отырар едім. Әкем ФЗО-кетіп, үйге бас-көз болып, оқи алмай қалдым», – деп, өкініп отыратын. Ақтоғай, Балқаш төңірегіне белгілі, беделді адамдармен сыйласып, жақсы араласты. Шешейдің есімі Ләуле. Әкесінің аты Жұмақан, руы – қожа. Тылда еңбек еткен. Кейін үй шаруасында болды. Мінезі ауыр, көп сөзге жоқ. Салмақты кісі еді, жарықтық, – деп сыр толғайды.

Маркеңе қарап, «он қыздың ортасында жалғыз өскен ұл» деп айта алмайсың.

Маркең еңбек жолын метеп бітірген соң кеңшарда жүргізуші болып бастапты. Әкесі ел секілді «жалғыз ұл» деп кісі салып, әскерден де алып қалмаған. Қайта «Барсын, оң-солын танысын» деп қатарынан қалдырмай солдатқа салып жіберген. Әскерде атақты Ленинградтың Выборгында Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан.

Кез келген адамның өмірлік ұстанымы, көзқарасы мен мақсат-мұраты бар. Маркеңнің мақсат-мұраты әкесінің «оқы» деген аманатын орындау болса керек.

1973 жылы аудандық атқару комитетінің жолдамасымен Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылданады. 1979 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай бітіріп, «ғалым-агроном» мамандығын алып шығады. Елге оралып, Шұбартау кеңшарына аға агроном болып, жұмысқа орналасады.

«Жас келсе, іске», аға агроном өзіне сеніп тапсырған қызметке құлшына кірісіп, бастама көтеріп, жұмысын кеңшарда бақшалық дақыл өсіруден бастайды. «Ғалым-агроном» деген аты бар, бес жыл оқығаны кәдеге жарап, сол жылы бақшалығы көл-көсір өнім беріп, малшылар мен ауыл тұрғындарын көкөніске қарық қылады. Одан әрі, сексенінші жылы кеңшарда егін салып, егіні де бітік шығып, гектарына 20-22 центнерден айналып, қамбаны астыққа толтырады. Ол уақыттары бұл – Шұбартау секілді жартылай шөлейт аймақ үшін үлкен жетістік, үлкен көрсеткіш деп саналатын.

Жас агрономның толағай табысы ауыздан ауызға тарап, аудан басшыларының құлағына жетеді. Сөйтіп, бас-аяғы бір жылдың айналасында Маркең аға агрономнан бас агрономға айналып шыға келеді.

1980 жылы аудандық атқару комитетінің кадрлық резервін жас мамандармен толықтыру мақсатында Маркеңді Алматы қаласындағы кеңшар басшыларын даярлайтын 6 айлық курсқа жібереді. Курстан оралған Маркеңді, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Толмазов «жас кадр, шаруашылық басқарып ысылсын» деп жаңадан құрылған ферманың басшылығына бекітеді. Маркең тізгінін қолына алған 4-ші ферманың қарауында ол сәтте 13 мың қой, 200 ірі қара және мал бордақылау алаңы ғана болған. Нәтижелі жұмыстың арқасында фермада мал басы өз төлі есебінен өсіп, әр жүз саулықтан 91-97 басқа дейінгі аралықта төл өргізіп, социалистік жарыста оза шауып, өзге фермалардың алдына шығады. Басшылардың ұйғарымы, халықтың қолдауы қабілеті қарымды, шаруаға шалымды жас ферма меңгерушісін аудандық халық депутаттары кеңесінің 3-ші шақырылымына депутат етіп сайлайды. Сондай-ақ, кеңшар партия комитетінің төрағалығына ұсынып, үш жыл кеңшарда партиялық жетекшілік жасайды. Маркеңнің қызметтік өсу сатысы мұнымен шектелмейді.
1987 жылы жаңадан құрылған Абай кеңшарына директор болып барады. Бар-жоғы 35 жастағы (ол тұста бұл жаста кеңшар директоры атану – әркімнің басына қона бермейтін бақ) кеңшар директорының алдында үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік тұрды. Жаңа басшы келгенде кеңшар малы 19 мың бас қой, 50 ірі қара, 1650 бас жылқымен шектелетін. Арада бес жыл өткенде Абай кеңшарында қой малы 31 мың басқа, ірі қара 180 басқа, жылқы 2000 басқа артқан. Бір ғана бесжылдық аясында мал басын екі есеге дейін арттырған көрсеткіш, әлбетте, аудан, облыс басшыларының назарынан тыс қалмайды. Облыстық партия комитеті жас директордың жұмысын өзге әріптестеріне үлгі ретінде саяси-әлеуметтік әлеуеті жоғары Абай кеңшарында республикалық лездеме өткізеді. Лездемеге облыстың барлық идеологиялық хатшылары қатыстырылып, 45 минуттық арнайы кино-фильм түсіріледі.

Кеңшарда құрылыс қарқынды дамып, көтерме жол, балабақша, монша, мектеп, трактор-машина шеберханасы секілді әлеуметтік нысандар салынып, облысқа қарасты 64 шаруашылықтың алдына шығады.

1990-1992 жылдары арендалық-мердігерлік тәсілмен шаруашылық жүргізу қолға алынады. Кезінде ол тәсіл өзінің тиімділігін де көрсеткен. Кеңшарлар мемлекеттік меншіктен жеке секторға көше бастайды. Бұл бастаманы облыс көлемінде Абай кеңшары алғаш жүзеге асырады.
1992 жылы Мартбек Сәрсенбеков Жезқазған облысы атынан Мәскеуде өткен шаруалар одағының І съезіне делегат болып қатысады. Одан әрі, 1992-1996 жж. Жезқазған облыстық шаруалар одағының, 1997-1999 жж. «Екпін» шаруалар қауымдастығының төрағасы болады.

1999 жылы Маркең Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары болып келгенде, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы өте күрделі жағдайда болатын. Ол кездерді Маркең «Аудан әкімі Төкен Ахметбеков өте талапшыл, іскер басшы ретінде елдің есінде қалды. Бірлесе отырып, көп шаруа тындырдық» деп еске алады.

Маркең келе сала тізгінді қолына алып, бірден іске кірісті. Ақтоғай, Шашубай, Сарышаған кенттерінде қордаланған проблемалардың түйінін тарқатып, қыруар іс тындырды. Еңбек ете жүріп Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын сырттай бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығын алды.

2004 жылдан бастап, 2016 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Ақтоғай аудандық құрылыс бөлімін басқарды. Қызмет жасаған уақыт аралығында аудан көлемінде құрылыс жұмысы жанданып, ауыл-ауылға ауыз су тартылды. Тұрғын үй құрылысы қызып, жаңадан мектеп, емхана, спорт кешені секілді әлеуметтік нысандар бой көтерді.

Мартбек Сәрсенбеков «Құрметті құрылысшы» атанды. «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл». «ҚР Конституциясына – 20 жыл» медальдарымен және әр деңгейлі Құрмет грамоталармен марапатталған. Есімі Қазақстан құрылыс саласының «Құрмет кітабына» енген. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.

Маркеңмен біз аудан әкімінің орынбасары болып келген 1999 жылдан бері тонның ішкі бауындай, біріміз аға, біріміз іні болып, арамыз ажырамай араласып келеміз. Маркеңнің мен ұнатқан арда қасиеті, елді «басшы», «қосшы» деп бөле-жармайтын қарапайымдылығы.
Шаруаның қырын, істің ебін жақсы білетін, бұқпантай бұлтағы жоқ, жұмыс бабында «айттым – бітті, кестім – үзілді» деп бет қаратпайтын алапаты. Оған жұмыс бабымен сапарлас болған кездері талай куә болдық. Құрылыс мердігерлеріне – қатал, техникалық кескіндеме, сметалық құжаттамадан ауытқуға жол бермейтін талапшыл, ойға алған ісі, жүзеге асқанша, тыным таппайтын табанды.

Ақтоғай, Балқаш, Шет, Приозерск, Жезқазған төңірегінде Мартбек Сәрсенбековті танымайтын адам кем де кем шығар. Қайда барса да таныстары алдынан өре шығып, «Марке», «Маркелеп» қоғадай жапырылып тұрғаны.

Той-томалақ, отырыстарда ән шырқап, елді баурап алатын майда қоңыр дауысы өз алдына бір әңгіме. Жалпы, Маркең – жаны өнерге, өнерпаздарға жақын жүретін, сөзден сүрінбейтін, жолынан жығылмайтын, көңілі ауған адамның астына ат, үстіне шапанды ойланбай жаба салатын сері адам. Және онысын дәріптеп, елге де жаймайды.

Ана бір жылы Сейіл Аяғанов бауырымыздың Алматыда өткен ән кешіне Ақтоғайдан Жәмкеңді ертіп, қатысып қайтуының өзі неге тұрады?!

Жәмкең деп отырғанымыз – бәйбішесі Жамал Батталова. Мамандығы – дәрігер. Қусақта, Абайда жергілікті аурухана, медпункттерде жұмыс жасаған. Жәмкең Маркеңнің жары ғана емес. Бірге оқып, бірге өскен құрдас-құрбысы. Қас-қабағына қарап, сыйласып келе жатқан өмірлік серігі. Наурыз айында Маркең мен Жәмкең мерейлі 70 жасқа бірге толады. Сонымен қатар, Маркең мен Жәмкеннің қол ұстасып, өмірдің ыстық-суығын бөлісіп, жұптары жазылмай келе жатқандарына да 50 жыл. Төрт ұл, бір қыздың әке-шешесі. Етектеріне 16 немере оралған ата-әже.

Тұңғыштары Айтбекті Сәрсекеңнің інісі Ғалымбек ақсақал бауырына салған. Сол кісіге тән. Үйлі-баранды. Мамандығы мұғалім. Дәулет пен Әнуар, екеуі де – ішкі істер саласының подполковнигі. Толқын – ағылшын тілінің маманы. Айбек – теміржол саласында қызметте.
Немерелері Алуа бірнеше аймақтық, республикалық байқаудың лауреаты, талантты дәстүрлі әнші. Маркең – үлкен жүректі, кісіге қайыр-рақым жасауға бейім тұратын жан. Маркеңнің жасынан асырап алған, тумаса да туғандай болып кеткен Арман атты баласы бар. Маркең Арманды өз баласынан кем көрмей оқытып, ер жеткізіп, үйлендіріп, қаладан үй әперіп, отау шығарған. Арман да туу туралы куәлігіне тұңғыш баласының есімін Томирис Мартбек деп жаздырыпты.
Маркеңнің бір кітапқа жүк болатын тұтас ғұмырын, шағын жазба аясына сыйғызу мүмкін емес. Әйтсе де, жетпістің желкесіне шығып, ел-жұртының қүрметіне бөленіп отырған, Маркеңнің өмір өрімін тоқсан ауыз сөзбен, тобықтай түйген болдық.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ. 

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button