ЖаңалықтарҚарағанды

Қазақтілді топтар аз

Президент бастап, қалғанымыз қоштап, мемлекеттік тіл – қазақ тілін көтереміз, ұшпаққа шығарамыз деп күш салып жүрміз. Түрлі бағдарламалар құрылып, оларға қаржы құйылуда. Статистикалық мәліметтер сол мол ақшаның арқасында пәленбай мың адам курстан өтіп, қазақша сөйлеп кеткенін келтіреді. Алайда, көзге көрінген нәтиже байқамадым. Қазақтілді қазақ әлі күнге дейін кейбір мемлекеттік мекемеге именіп кіреді… Ал, балабақшадағы хал нешік?!

Тіл үйретуді балабақшадан бастау керек. Құйттай баласына ана тілінен басқа ештеңе оқытпайтын жапондардан үлгі алайық. Алайық деймін, бізде бәрі – керісінше…

Балабақшаларда мемлекеттік тілде тәлім беретін топтар саны аз. Мысал ретінде Қарағанды қаласындағы «Гүлдер» балабақшасын алсақ. Бір-екі күн бұрын жолдасым төртке келіп қалған баламызды орналастыру үшін аталған балабақшаға барып, директоры Лариса Рассадневаға жолыққан еді. Баланы қазақ тобына орналастыру керек. Сөйтсе, мұндағы 11 топтың 4-еуі ғана мемлекеттік тілде тәлім береді екен. Директор «Қазақ тіліндегі топтарға сұраныс жоқ, бала жетіспейді» депті. Әр жағында «қазақтар балаларын ана тілінде тәрбиелеуге құлықсыз» деген пікірдің құлағы қылтияды. «50-де 50 немесе қазақ тобы басым болсын» демей-ақ қояйын, ең болмаса, 5 қазақ, 6 орыс тобы емес, таразы басы 4-7-ні көрсетіп тұр.

Қазақ топтарына бала жетіспейтініне таңым бар. Біздің ауладағы қаракөз балалар қазақ топтарында орын жоқ болғандықтан, орыс топтарына баруға мәжбүр болып жүр. Тексеруші орган болмағандықтан, «ақ-қарасы осы» деп кесіп айтудан аулақпын, бірақ директордың сөзі күмән тудырғандай-ақ. Бұл, тек, «Гүлдер» балабақшасындағы жағдай деп ойламаймын. Майшаммен үңілетін-ақ мәселе. Біз мемлекеттік тілдің тұғырын, мемлекет тұғырын нығайтамыз десек, бар шаруаны балабақшадан бастауымыз қажет. Қазақтілді тәрбиені күшейту керек.

Мөлдір МҰХАМЕТКӘРІМҚЫЗЫ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button