БЕКТАУАТАҒА ТӨНГЕН ҚАУІП Киелі тауды жол құрылысына жаратуы мүмкін бе?

Екі жыл бұрын «Бектауата тауының маңындағы шоқыларды қазып әкетіп жатыр» деген ақпараттан кейін қоғам белсенділерімен бірге оқиға орнына барып, мәселенің мән-жайын зерттеп, тау тағдырына араша түскен едік. Қазу жұмыстарын тоқтатып, жауапты мекемелер орын алған жағдайдың ақ-қарасын анықтады. Жуырда Бектауатаға қайта қауіп төніп тұрғандығы туралы ақпарат тарады.

Тараған ақпаратқа сүйенсек, алматылық «Дәнекер Жол» ЖШС 2022-2023 жылдары жол құрылысына тау сілемінен 1,5 миллион тонна тас алу үшін 500 тоннадан астам жарылғыш затты қолдануды жоспарлап отыр. Ол үшін жергілікті тұрғындармен кездесіп, сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы қоғамдық тыңдау өткізетіндігін хабарлаған. Экологтардың айтуынша, жоспарланған жұмыстар жүзеге асса, ауданы 8 гектардан асатын жер карьерге айналады. Тау мен жақын жердегі елді мекенге орасан зиян келтірмек. Елді алаңдатқан мәселенің мәнісін білмекке Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжоловқа хабарластық. Абылай Базылұлы аумақта қазба жұмысының жүргізілмейтінін мәлімдеді.

– Біз бұл мәселені қатаң бақылауға алдық. Ресми түрде хабарлаймын: Бектауатада ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Бұған дейін аталған қорық жанындағы Қоңырқұлжада карьер пайдаланылған, мамыр-шілде айларында рекультивация жасалады. Енді алаңдауға негіз жоқ, – деді әкім орынбасары.

Ал, Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілі Лиана Жамлиханова «Дәнекер Жол» ЖШС-нен 2022 жылдың 21 ақпанында қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы сұраныс хаты түскендігін мәлімдеді. Түпнұсқада келтірсек, «10.12.2021 г. в адрес Управления природных ресурсов и регулирования природопользования Карагандинской области поступило письмо-запрос от ТОО «Дәнекер Жол» касательно проведения общественных слушаний 21 февраля 2022 г. по проекту «План горных работ месторождение магматических пород Бектау в Актогайском районе Карагандинской области» с материалами ОВОС, по итогам рассмотрения были согласованы данные общественные слушания согласно Правил проведения общественных слушаний. Но на сегодняшний день данные общественные слушания по Единому экологическому порталу отозваны по инициативе заказчика проектных документов (ТОО «Дәнекер Жол»). По данному порталу причина отзыва не указывается. Взрывные работы на объекте проводиться не будут». Түсінгеніміздей, әу баста тау жынысын алуға қатысты қоғамдық тыңдау өткізбек болған компания кейін бұл ойынан бас тартқан.

Айта кетейік, Бектауата тауы Балқаш қаласының оңтүстік-шығысында 60 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше шоқыдан құралған тау солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырымға созылып жатса, ені – 3 шақырым, ең биік нүктесі 1213 метрден асады. Ұлы Дала жауһарын індете зерттеген ғалымдардың сөзінше, Бектауата атылмай қалған жанартау көрінеді. Бектауата тауы ірі түйіршікті гранитоидтардан түзілген. Солтүстік-батыс шеті Қоңырқұлжа мен Қарашоқы шоқылары эффузивті жыныстардан тұрады. 1982 жылдан бастап, Солтүстік Балқаш өңіріндегі республикалық маңыздағы ботаникалық қорық Бектауатада құрылды. Бұл жерде арқардан бастап, аңның бірнеше түрі бар. Өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і «Қызыл кітапқа» енгізілген. Бектауата тауының күнбатыс тұсында 80-100 метр биіктікте әлем туристерінің назарын аударған үлкен үңгір бар. Үңгірдің жалпы ұзындығы 45-48 метрге жуықтайды. Оған тас қорымы арқылы шығады. Кіреберіс қуысының биіктігі – 3 метр, ені – 1,5 метр. Онда 15-16 метрге дейін еш қиындықсыз кіре аласыз. Бұдан кейінгі бөлігі, яғни, 29 метрден әрі үңгір түбін терең көлшік алып жатыр.

P.S. Бектауата – «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген санаулы тарихи орынның бірі. «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санатына еніп, мемлекеттік қорғауға алынғаны тағы бар. Қойнауына талай ғасырлық шежірені жасырған киелі Бектауата жері аз бүлінген жоқ. Түгін тартсаң, майы шығатын мыңдаған гектар миялы жердің осы сынды жұмыстардың салдарынан қу тақырға айналғандығы бізге мәлім. Айтпағымыз, табиғатымызды талқандап, түкке жарамсыз етуге жол берілмеуі керек.

Нұрдос КӘРІМ.