Covid-19Коронавирус

Екі аймақ «сарыға» жақындап қалды

30 маусымда 189 қазақстандықтың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Оның көпшілігі Алматыда – 98 жағдай, Нұр-Сұлтан қаласында 55 адам. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандарының айтуынша, жағдай осылай жалғаса берсе, осы екі қала «сары» аймаққа өтуі ғажап емес. Ал, коронавирусты таратпау жөніндегі ведомстоваралық комиссия карантин шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыруда.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов COVID-19 жұқтырғандардың көбеюіне байланысты карантиндік шараларды күшейту мәселесі қаралатынын айтты.

Қазір сондайлық қауіпті жағдай жоқ. Бірақ, науқастар саны артқан жағдайда бетперде режимін қайтаруы мүмкін. Коронавирустың таралуы тәулігіне 100-ден асты, сондықтан, мұндай мәселе бар. Карантиндік шараларды күшейту мәселесін ведомстоваралық комиссия отырысына шығарамыз. Бұл маска ғана емес, жалпы, барлық шараларға қатысты, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Статистикалық мәліметтерден коронавирустың таралуы артып келе жатқанын көруге болады. Бір тәулік бұрын 137 адам тіркелген еді. Ел бойынша барлығы 1 306 797 жағдай анықталды. Соңғы дерек бойынша Қарағанды облысында 5 адамнан індет жұқтырған. Облыс «жасыл» аймақта. 30 маусымдағы деректерге сәйкес, пандемия басталғалы облыста COVID-19 расталған 151 502 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте репродуктивтік сан 1,327 құрады, республикалық көрсеткіш – 1,507.
Облыс көлемінде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші екпесін 674 494 адам алған. Бұл вакцинациялауға жататын халықтың 75,2% құрайды. Ал, толық курсын алғандар саны 631 439 адам, бұл 70,4%. бүгінгі күні барлығы 232 688 адам қайта вакцинациядан өтті. Бұл көрсеткіш тиісті халықтың 50,8%-ы ревакцинация жасатқанын білдіреді. Бұдан бөлек, 25 мамырда қайтадан басталған ревакцинация барысында 10 854 адам қайта екпе жасатқан.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйеніп, індеттің өршуі бізде ғана емес, әлемнің 110 елінде байқалатынын мәлімдеді. Аталмыш ұйым коронавирустың BA.4 және ВА.5 түрлерінің таралу әсерінен көптеген мемлекеттерде жағдай күрделене түскенін айтуда. Әлемдің деңгейдегі сарапшылар да, отандық ғалымдар мен дәрігерлер де індетпен күресте вакцинаның маңызын қайталаудан жалыққан емес. Бұл күресте вакцинация – басты құрал екенін білген дұрыс.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button