Жаңалықтар

«Әкесі өлгенше шешілмейтін мәселе»

Бірде белгілі азамат Қайыржан Тоқышевтан кезінде Қарқаралы ауданында білім бөлімінің басшысы болған Тілек Сәдуақасовтың айтқандарын жазып алған едім.

«Әкесі өлгенше шешілмейтін мәселе»

Бір мектептің шатырынан тамшы ағыпты. Бірінші мектеп болуы керек. Соны жөндеуге қаржы сұрау үшін, Тілек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына барады. Қабылдау бөлмесінде отыр. Әрі отырады, бері отырады. Бір сағат өтеді – қабылдамайды, екі сағат өтеді – қабылдамайды. Сөйтіп отырғанда үйінен қабылдау бөлмесіне телефон соғылып, әкесінің қайтыс болғаны хабарланады. Еріксіз үйіне қайтып кетеді.

Түстен кейін ауданның басшылары келіп, көңіл айтып болған соң Тілек өзінің түске дейін партия комитетіне келгендегі мәселесін айтады.

Сонда бірі тұрып:

Мәселеңізді шешейік, әкей қай уақытта өтіп еді? – деп сұрайды ғой.

Сонда Тілек:

Осы сіздер қызықсыздар, аудан басшылары, әкесі өлгенше еш нәрсе шешпейсіздер, – деп ренжіген екен.

«Ақшасын төлеп отырғандай…»

Ауданда жарық жоқ. Сонау 1997-1999 жылдар ғой. Бюджеттен ақша алатын, жарыққа қарыз қызметкерлердің тізімдерін жасап, ақшасын төлеттіретін болдық. Сондай бір тізім менің де қолыма тиді. Менің жаңа барған кезім, аудан әкімінің орынбасарымын. Сондай тізімде дәрігер Жеңіс Құспановтың да аты жүр. Мың теңге ме, екі мың теңге ме, әйтеуір берешек екен. Бір жиналыста айт деген соң айтып жібердім. Тура сол күні кешке Жеңістің үйі қонаққа шақырмасы бар ма.

Кешкісін келсем, қарсы алды. Сөйтсе, ол қонақтың ішінде Тілек те бар екен. Біз жайғасқан соң Тілек те кіріп келді.

Өй, мынау ақшасын төлеп отырғандай, бәрін жарқыратып қойыпты ғой, – дейді жарқырап тұрған шамды көрсетіп.

Алдында, жиналыста айтқаным есіме түсіп, өзім қысылайын. Сөйтсем, оның қарызы жоқ болса да әдейі тізімге кіргізіп жіберген құрдастары екен. Әкім кімдердің қарызы барлығын сұраған кезде мен басқа да фамилиялармен қоса оның да есімін атап жіберіппін ғой.

Жазып алған Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button