Балқашта тұрғын үй саны артпақ
Балқаш қаласында биыл бірнеше тұрғын үй салынады. Бұл туралы қала әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ мәлімдеді. 85 жылдық тарихы бар шаһарда абаттандыру жұмыстарынан бөлек тұрғын үй құрылысы да қарқын алмақ.
– Биыл тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 18 500 шаршы метрді құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық жоспар орындалады деген сөз. Жоспардың орындалуын кемінде 50 пайызына жеке инвесторлар тұрғын үй құрылысы есебінен қамтамасыз ететін болады. Осы мақсатта жасалған меморандумдар бойынша бірлескен жұмысты жалғастырамыз. Бүгін жеке құрылыс салушылармен кездесіп, әріптестерімен бірге құрылыс маусымының басталуына дайындық барысын талқыладық. Осы жылы жеке инвесторлар 10 келісім бойынша, оның ішінде Қоңырат шағын ауданында, Балқаш станциясында, Сейфуллин көшесінде, Абай көшесінде, 12 шағын ауданда құрылыс, сондай-ақ Мұхамеджанов шағын ауданында 22а үй мекенжайы бойынша 12 пәтерді қайта жаңарту жұмыстары атқарылады. Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру аясында кемінде 100 пәтер пайдалануға беріледі, – деді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.