Үздік механизатор

Адам еңбегімен еңселі. Шайза Өтебаева да қоғамдағы әділетсіздіктермен бетпе-бет келсе де, ешқашан еңбегін бұлдаған емес. Арзан атақ, дақпырт даңқ қумады. Ел үшін еңбек етті, бар күш-жігерін жұмсады.

Өткен ғасырдың 50-80-жылдары ауыр техниканы тізгіндеген қазақ қыздары көп болды. Солардың қатарында Ақбай-Қызылбайлық бойжеткен, бүгінде ел анасы болып отырған даңқты механизатор Шайза Өтебаева да бар еді. Ерлерден кем еңбек етпеген апамыздың ауданның ауылшаруашылық саласында табысты еңбек жолына тоқталсақ.

Қазақ қызы қашан да қайратты келеді. Жаны нәзік Шайза Өтебаева үйдің үлкені болғандықтан бар жауапкершілікті мойнына алып, анасы мен бауырына қарайласуды жөн деп шешеді. Ауыл мектебі жанынан ашылған курста оқып, 1964 жылы ДТ-74 тракторына отырады. Бастапқыда ауылдағы ауыл механизаторының жанына күндізгі ауысымда жүреді. Ылғал жабуға машықтанады. Маман тапшылығы белең алған тұста да техника тілін жетік меңгеріп, ел несібесін еселеу жолын мақсат еткен қағылез қыз тұрмысқа шықса да жұмысынан қол үзбейді. Өзі секілді механизатор азамат Байсерке ағамен көңіл қосады. Кейіннен кәсіптік-техникалық училищені аяқтады. Бір үйден қос механизатор қара жерге маңдай терлерін сіңіре жүріп еңбек етті. Шайза апамыз К-700, комбайнда да жүрді. Талдырмаш келген, қазақтың қаршадай қызы еңбек ете жүріп, отбасын да естен шығармады. Дүниеге 10 бала әкелді. Әрдайым балаларына адамдық құндылық адал еңбектен басталатынын айтып отырады.

Жауапкершілігі жетіп артылатын науқанда тынымсыз тірлік еткен Шайза Өтебаева ВЛКСМ-нің ХVI съезіне делегат болып Мәскеуге барады. Осындай қоғамық жұмыстарға да белсене араласа отырып, бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңеске депутат болып қатысады.

1970 жылы «Қазақ ССР-не еңбек сіңген механизатор» атағын, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанып, «Алтын орақ» төсбелгісін алады.

Уақыт ағымына сай самайын ақ шалған алтын құрсақты ананың жастық шағынан қалған осындай ескірмейтін естеліктері бар. Қазір адам өзгерген, уақыт басқа. Бүгінгі жетістігіміз Шайза апамыз секілді жастық ғұмырын еңбекке арнаған жандардың арқасы. Қарапайым жанға көп ештеңе керек емес, бастысы еңбегін бағалап елеп ескергені ғой. Тәуелсіздіктің 30 жылында ескерілмеген еңбек енді ескеріледі деген ойдамыз.

Сағыныш ӘБІЛ.