Жауапкершілік танытатын шақ

«Ashyq» қосымшасы арқылы қаңтардың 1-нен 10 ақпан аралығында оқшаулау режимін бұзған 1 828 жағдай анықталды. Олардың барлығы дерлік «қызыл» мәртебемен, 13 адам «сары» мәртебемен көпшілік орындарға кіруге тырысқан. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Мәлім болғандай, 10 күндік карантин талаптарын сақтамағандар ХҚКО, сауда үйлеріне, теміржол вокзалына, тамақтану орындарына кірмек болған. Бұл вирустың таралу қаупін күшейтеді.

– Мемлекет тарапынан пандемия кезінде бизнес нысандарының одан әрі жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуда, – деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

– «Ashyq» қосымшасын енгізудегі мақсат – бизнесті локдауннан сақтап, пандемия жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беру. Сондай-ақ, ол ден сау халықты, әсіресе, созылмалы аурулары бар адамдарды, балаларды қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан, бизнес субъектілері де, тұрғындар да жауапкершілікті сезінсе дейміз. «Омикрон» штамы тез жұғады. Оны бұрын вакцина алған немесе ауырған адам да жұқтыруы мүмкін. Дегенмен, соңғы үш ай ішінде вакцинация немесе ревакцинация жасаған адамдар «омикрон» штамымен ауырғанда жеңіл өткізетінін атап өткен жөн. Спикер сөзін жалғаған облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Гамаль Тоқсамбаев бүгінгі таңда реанимацияда жатқан 63 адамның көбісі вакцина алмағандар екенін баса айтты.

– Эпидемиологиялық мониторингке сәйкес коронавирустың таралуы алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,5 есе азайды. Аптасына 300-ге дейінгі жаңа жағдай тіркелуде. Облыс көлемінде 3 824 орын, резервте 2 600 орын бар. Оның 1 030-ы қолданыста, – деді басқарма басшысы.

Спикер облыстың әлі де «қызыл» аймақта екенін ескертті. Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары мен Абай, Нұра аудандарында сырқаттанушылық көрсеткіші әлі де жоғары. Шектеу шараларын жеңілдеткенмен, қауіпсіздікті сақтау мәселесі өзекті. Оның үстіне келесі аптадан бастап барлық оқушылар мен студенттер штаттық режимде оқиды. Сондықтан, жауапты мекемелер санитариялық шараларға тиянақтылық танытып, эпидемияға қарсы барлық іс-шараларды қатаң сақтау қажет.

Жансая ОМАРБЕК.