Білім

Жоғары білімнің беделі артты

Еліміздегі жоғары оқу орындары 10 жыл бойы еуропалық «Болон» білім беру жүйесі бойынша оқытып келеді. Қазақстан жоғары білім үдерісіндегі барлық көрсеткіш бойынша өз міндеттемелерін орындады. Енді біздің мемлекет 2022 жылы Болон процесі бақылау тобының тең төрағасы болады. Бұл – жоғары білім саласындағы өзекті мәселелерді халықаралық деңгейде талқылауға бастамашылық етеді деген сөз.

Қазақстан Чехиямен бірге Болон процесі бақылау тобының (Bolonga follow-Up Group -BFUG) тең төрағасы болып бекітілді. Еліміз 2022 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында тең төрағалық етеді. Сондай-ақ Қазақстан келесі 2023 жылдан бастап BFUG басқарушы кеңесінің құрамына (BFUG Board) кіреді.
– Қазақстанның BFUG-ға тең төрағалық етуі – бұл жоғары жауапкершілікті, әрі еліміздің халықаралық деңгейде мойындалуын білдіреді. Болон процесінің құрамына 48 мемлекет кіреді, олардың ішінде Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Испания, Италия және т.б. елдер бар. Ал Қазақстан бірыңғай білім беру процесінің мүдделерін білдіру туралы ұсынысы еуропалық білім беру жүйесінде қазақстандық жоғары білім жүйесінің беделінің артқанын көрсетеді, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Қазақстан Болон процесі бақылау тобының тең төрағасы ретінде шетелдік әріптестермен бірігіп, жоғары білім саласындағы өзекті мәселелерді халықаралық деңгейде талқылауға бастамашылық етеді. Оның ішінде бейресми, педагогикалық білім беруді дамыту, білім сапасын бағалауды қамтамасыз ету, сонымен бірге Орталық Азия кеңістігінде Болон процесінің озық тәжірибесін тираждау мәселелері бар.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button