Желдей ескен жалған ақпарат

Әлеуметтік желіде жалған ақпараттар желдей есуде. Соның бірі – Telegram арнасында елде қолданылатын Sputnik V вакцинасының мерзімі өтіп кеткені туралы қауесет.

Қазақстанда қолданылатын Sputnik V вакцинасын «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС шығарады. Ұйым өкілдері мерзімі өтіп кеткен препараттың қолданылғанын жоққа шығарды. «Қарағанды фармацевтикалық кешені» шығаратын Sputnik V (I және II компоненттері) әрбір партиясы қатаң тексеруден өтеді. Сапа мен қауіпсіздікті бақылаудың көп сатылы деңгейінен кейін, аталған вакцина қазақстандық нарыққа шығады. Вакцина орта есеппен кемі -35 градуста температурада сақталатын қоймадан тиеледі. Сондай-ақ, қажетті температураны сақтай отырып, вакцина тасымалдауға мамандандырылған көлікпен жеткізіледі. Вакцинаның жарамдылық мерзімі шығарылған күннен бастап – 6 ай. Екпені жеткізу өндірістік циклге байланысты. Sputnik V вакцинасы өндірушіден алғаннан кейін бірден аймақтарға жөнелтіледі. Осылайша, препарат егу орындарына жарамды жағдайда келеді. Сонымен қатар, вакцинаны алған әрбір қазақстандық ампуланы көріп, препараттың жарамдылық мерзімі өтіп кетпегенін жеке тексеруге құқылы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.