Қарағанды

“ARMANǴA JOL – 2022”: жүйріктер жарысқан күн

Республика күні қарсаңында Қарағандыда 3000-нан астам спортшы қатысқан марафон өтті. Елдің түпкір-түпкірінен келген спортшыларды қоспағанның өзінде Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан елінен арнайы әуесқой спортшылар келген. Жарысқа қатысушылардың ең үлкенінің жасы 80-нен асса, кішісі – 8 жаста. Марафонның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қатысып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

 Жарысқа қатысушыларға ауа райының күрт суытқаны кедергі болмады. Алдын ала Тәуелсіздік алаңында дене шынықтыру жаттығуларын өткізіп, дайындықты бастап кетті. Бұл күні Қарағандының Бұқар жырау даңғылының бір бөлігі (Н.Әбдіров даңғылының қиылысынан Абай көшесінің қиылысына дейін), Абай көшесі (Бұқар жырау даңғылының қиылысынан Терешкова көшесінің қиылысына дейін), Мұстафин көшесі Н.Әбдіров даңғылының қиылысына дейін, Н.Әбдіров даңғылы бойындағы біржақты жол және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бір бөлігі (Бұқар жырау даңғылынан Ерубаев көшесінің қиылысына дейін), Ерубаев көшесі (Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының қиылысынан Әлиханов көшесінің қиылысына дейін) жабылды. Ашылу салтанатында Ербол Шымкентбайұлы:

– Марафонға қазақстандық спортшылардан бөлек, сырт елден келіп қатысып жатыр. Тәртіп бойынша, сырттан келген қатысушылар 21 шақырым қашықтыққа жүгіреді. Бұл қашықтықта жүгіруге тіркелгендердің саны – 163. Бұрын-соңды 21 шақырымды марафонға тек 60-тан астам қатысушы ғана тіркелетін. Биыл қатысушылардың саны артқанын көріп қуанып отырмыз. Бұл азаматтардың спортқа көп көңіл бөледі деген сөз, – деп әсерімен бөлісті.

Марафон төрт бағыт бойынша өтті. Әуелі ұзақтығы 2 шақырымдық «Балапан» бағыты бойынша 8-13 жастағы ұлдар мен қыздар жүгірді. Одан кейін, 7 шақырымдық «Достық» бағытында зейнет жасындағы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бақ сынады. 66 жастан жоғары және төмен жастағы ерлер мен әйелдер Spýtnık бағытында 14 шақырымды жүгіріп өтті. Ал, Armanǵa jol бағытына жарысқа тіркелген спортшылардың барлығы қатысты. Жарыстың шарты бойынша, Armanǵa jol жартылай марафонына қатысу үшін спортшылар 5 000 теңге төлеуі қажет. Жиналған қаражат қайырымдылық шараларына жұмсалады.

– Марафонға қатысушылардың осалы жоқ. Бірі-түрлі бағытта өткен жартылай марафондардың жеңімпазы, бірі – жүлдегері. Қатысушылардың арқасында 1 млн. теңгеге жуық қаржы жиналды. Енді жиналған қаржының 50%-ы – церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге, 50%-ы – білім беру мақсатында жұмсалатын болады, – деді жартылай марафонның ұйымдастырушысы Руслан Искаков.

Жарысты 8 жастан 13 жасқа дейінгі балалар бастады. Олар 20 минут ішінде 2 шақырым қашықтықты бағындыруы керек. Додада мәреге ұлдар арасында қарағандылық Виталий Красиков, қыздар арасында Сабина Крышкина мәреге бірінші болып жетті. Ұлдар арасында ІІ орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Дмитрий Спасский, ІІІ орынды Дамир Кәрімов (ШҚО) иеленді. Қыздар арасында мәреге екінші болып елордалық Медина Мақұлжанова, үшінші болып Алуа Нұрмұхамед (Астана) жетті.

– Мұндай жүгіру марафонына алғаш рет мектептер арасында өткен жарысқа қатыстым. Содан бері тұрақты жүгірумен айналысамын. Түрлі қашықтыққа жүгіруге аяқ-қолым үйренісіп қалды. Марафонға тыңғылықты дайындалдым. Түрлі жаттығулар жасадым. Қарсыластарым көп әрі осал емес екенін білсем де марафонға қатысуды жөн көрдім. Әрине, жарыс оңай болған жоқ. Бәрі бірінен-бірі өтеді. Дегенмен, мәреге бірінші болып келгенімде қатты қуандым. Бұл менің қолымнан келді, – дейді жеңімпаз Сабина Крышкина. Armanǵa jol бағыты бойынша ерлер арасында 21 шақырым қашықтықты бағындырып, ресейлік Михаил Куликов мәреге бірінші келді. Екінші болып ақтөбелік Ислам Аманқос, үшінші Рақымжан Кельманов жетті, Ал, әйелдер арасында қостанайлық Татьяна Нерознак үздік атанды. ІІ орынды алматылық Ольга Сердюкова, ІІІ орынды астаналық Гүлнұр Елемесова еншіледі. – Бұған дейін Алматы, Астанада өткен марафонға қатысқанмын. Енді, «Қарағандыдағы марафонға қатысамын» деп мақсат қойдым. Әрі Қарағандыны да көріп қайтқым келді. Осы мақсатыма жеттім. Ұйымдастырушылар марафонды жоғары деңгейде өткізді. Ойын-сауық бағдарламасы да көңілімнен шықты. Armanǵa jol бағыты бойынша 21 шақырымды 97,5 минутта бағындырып, жеңімпаз атандым. Қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл күн – елдің түпкір-түпкірінен спортшыларды жинаған нағыз спорттық мереке болды, – деді әйелдер арасындағы жартылай марафонның жеңімпазы қостанайлық Татьяна Нерознак.

Қатысушылардың арасында Павлодардан арнайы Freedom Team жүгіру клубы келіпті. Клубтың құрамында үлкен-кішісі бар бас-аяғы – 20 адам жүгірді.

– Бұрын-соңды кеншілер қаласында болмаппыз. Ауқымды марафонның өтетінін естіп, құраммен Қарағандыда өтетін марафонға қатысуды жөн көрдік. Үлкеніміздің жасы – 43-те, кішісі – 23- те. Бәрі марафонға сақадай сай. Мұқият дайындалып келдік. Бұл марафон бәріміздің басымызды бір қосты. Бұл марафон жастарды тек спортқа баулып қана қоймай, ауызбіршілікке, бірлікке шақыратын үлкен шара. Сондықтан, бәріміз бір ауыздан қолдап, кеншілер шаһарына келдік, – деді клуб жетекшісі Болат Ордабаев.

Сондай-ақ, отбасы мүшелерімен толық қатысқан жандар да болды. Солардың бірі – Жанайдар Зекенов.

– Мен марафондардың тұрақты қатысушысымын. Биыл 14 шақырым қашықтыққа жүгірдім. Әрі биылғы марафонға отбасыммен қатысып отырмын. Бұл қыздарым – Айжан мен Айнагүлдің екінші марафоны. Өзім салауатты өмір салтын ұстанамын. Сондықтан, спорттан отбасым да алыс емес. Ең бірінші қыздарымды спортқа баулимын. Сонда балаларымның денсаулығы да, құлшынысы да артады, – деді ол. Ал, 76 жастағы Серік Әбішевтің биыл марафонға қатысқанына – 4 жыл. Қария биыл «Достық» бағыты бойынша бақ сынады.

66 жастан асқан ерлер арасындағы марафонда 14 шақырымды Биебол Тілемісов бағындырса, әйелдер арасында астаналық Амалгүлсін Мұсылманова топ жарды. 51-65 жас аралығында 14 шақырымда қостанайлық Сергей Поликарпов, әйелдер арасында Степногорсктен келген Нелли Медведева үздік атанды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлде табысталды. Марафон соңы мерекелік концертке ұласты.

Ербол ЕРБОЛАТ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button