Қыран қазақ

Болашағын ғарышпен байланыстырған Қазақстан үшін биыл – мерейтойлы жыл. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Қазақ қыраны Тоқтар ӘУБӘКІРОВТІҢ ғарышқа самғағанына – 30 жыл, өзі 27 шілде күні 75 жасқа толады. Ұлт батырының ұлықталатын күні жақын, ендеше. Ас пен тойды қанағат тұтатын сауықшыл ел болсақ та, соңғы уақытта мереке мен мейрамның маңыздысына ғана мән беруге бейімделіп келеміз. Батыр өміріндегі қос мерейтой – сөз жоқ, шоқтығы биік мерейтой!

Жалпы, Тоқтар ағаның ғарышқа сапары жайлы ой толғасақ, талай құндылықтарымыздың құдіретіне үңіліп, тарихи мүмкіндіктерімізге жол ашқан 2 қазанды ұлт тарихына алтын қаріппен қашап жазатын мезгіл жеткенін бағамдар едік…

Тоқтар аға туралы толымды еңбек жазу Арқа баспасөзінің ардағы болған Мағаш ағамның (Мағауия Сембай) арманы еді. Зейнет демалысына шыққанында: «Енді газеттің қара жұмысынан қол босады. Тоқтар ағам туралы деректі повесть жазуым керек» деп еді. Сол арманы бізге аманат болып қалғандай. Батыр ағасының 70 жасқа толған мерейтойында өз идеясымен, өз қаражатымен бастырған «Наркескен» жинағын толықтырып, ұстазымның арманын аялап, аманатымен астастырып, қайта бастыру ойымда жүр.

Сонымен, Қазақ Қыранының ғарыш жолы мен намыс жолынан қандай ізгілік таныдық? Негізі, біздің «Орталық» Тоқтар ағаның Ұлт тағдырымен егіз ұғымға айналып кеткен тағылымы, ерлігі жайлы аз жазып жатқан жоқ. Қыран қанатының қасиетін дәріптеп бақты «Орталық». Дәріптей береді де.

Жалпы, Тоқтар ағаның тағдыр жолы – соқтықпалы сонарға толы. Соның барлығында Тоқаңа демеу болып, әр қадамын қалт жібермей, қыран ұлдың тағылымы мен тағдырын талмай жазған «Орталық» сұңқар қанатының сыңарына айналды. Марқасқаның маңдайына көлеңке түскен кезде де қаймықпай жазды. Сау басы саудаға түскен Батырекең сауға сұрайтындар қатарынан болмаса да, өзінің сүйікті «Орталығы» Қыранның қанатына су бүрікті.

Енді, бір сәт құс жолындағы құбылысқа айналған Қыран Қазақтың ұлт намысымен ұштасқан ғарыш жолына үңіле кетелік…

Қандай өкінішті, «Байқоңыр» ғарыш айлағы өзімізде тұрып, қазақ ғарышкерінің ұшуын 30 жыл армандаған екенбіз. Алаш жұртының бұл арманы СССР-дің шаңырағы шайқалып, уығы сықырлап тұрған алаң-елең уақытта орындалды. Иә, осыдан тура 30 жыл бұрын мұқым Алаш жұртының назары Құс жолына ауған. Алаштың аманаты Аллаға жеткелі тұр! Ол аманатта қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы мен мұң-шері бар еді. Сөз жоқ, Азаттық – Алаштың арманы! Сол аяулы арманды құндақтаған аманатты көктегі Тәңірге тұңғыш жеткізген – қазақтың һас батыры Тоқтар Әубәкіров!

«Ақсарбас!» айтқан Алаш жұртын түбі бір Түркінің жұрағаты мен құбыласы бір исі мұсылман баласы құттықтап жатты. Өйткені, ортақ Тұңғышымыз – Тоқаң!

Ақиқаты сол, Тоқаң – тұғыры биік һәм берік тұлға. Алмаған марапаты бар шығар, алмаған биігі қалмады. Ең бастысы, халқының жүрегіндегі орны. Алмаған марапаты демекші, сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров Совет Одағының Батыры атағына 1986 жылы ұсынылып, ала алмаған. Мәскеудің бас ұстап, бата беріп тұрған кезі ғой, Желтоқсан көтерілісінен кейінгі сыпайы сырғытудың құрбаны болған. Сонда біздің Тоқаң екі мәрте Совет Одағының Батыры атанар еді. Кремльдің керауыздары болмағанда… Тоқтар ағаны 1986 жылы Совет Одағының Батыры атағына ұсынушы А.М.Микоян атындағы конструкторлық бюроның Бас конструкторы Ростислав Беляков ең жоғарғы атаққа әбден лайық деген қазақ батырына берілген ұсыныстың жолы кесілген соң екі жылға дейін ешкімді геройлыққа ұсынбай қойған екен. «Неге?» деп сұрағандарға: «Әубәкіров алмай, ешкімге геройлық жоқ!» деп жауап беріпті. Міне, мәрттік! Міне, шынайы баға!

…Не керек, биыл қазақ батырының басында – қос мерейтой. Өзінің 75 жасы мен ғарыш сапарының 30 жылдығы. Тоқаң құрмет пен марапатқа зәру емес. Қызықпайды да. Ғарыш тұрмақ, кеңседен шықпай-ақ, омырауын орден-медальға толтырған кейбір «шынжыр балақ, шұбартөс» ағаларымыздай емес – Тоқаң! Десек те, қыран қанатында қасиет барын ескеретін жыл – биыл. Қадірлеп, қастерлеу – елдігімізге сын.

…Айналасы алты айда ғарыш сапарына дайын болған текті қыран Айды айналып апта жүрді де, Алаштың азаттығына Алланың мөрін басып оралды. Тұранның тұғырына Қыдыр, Қыранның балдағына бақ дарыды! Жер-Ана жеті қат көктен қазақ батырының көзіне сонша нәзік, сонша қорғансыз болып көрінген. Алайда, сол нәзік ғаламшарда ғасырлар бойы теңдік сұрап, азаттық аңсаған қазақ еліне ғарыштан Рух келді. Құс жолындағы құдірет Тоқаңдай қыранның қанатымен бақ болып келген Еліме!

Тоқаңның самғауы – Тәуелсіздіктің толғауы! Туған елінің Батырға деген махаббатының өзі жеке дара ғаламшарға айналды. Бірақ, ол Орбитаны кезіп жүрген жоқ. Ол әр қазақтың жүрегіне Қыран ұлға деген ыстық махаббат болып оранды да, әрқайсымыздың тамырымызда айналып жүр.

…1991 жылдың 2 қазанында көкке көтерілген ғарыш кемесі бұрын ұшқан жүздеген кемеден әлдеқайда салмақты да, ардақты еді. 10 қазан күні Құс жолындағы құдіретке айналып, Жер-Ананың құшағына оралды. Содан тура 2 ай 6 күннен кейін Алаш жұртының көкке созған екі қолы Азаттық тізгінін ұстады!

Не керек, Тоқаң – ғасырлар бойы көз жазып қалған рухымызды көктен жерге жеткізген құдірет! Құс жолындағы құдірет!

Тоқаңның ғұмыры – Тәуелсіздіктің тұғыры!

Ерсін МҰСАБЕК.