ЖаңалықтарҚарағанды

Тіл көсегесі қайтсе көгереді?

Еліміз тәуелсіздік алғалы қазақ тіліне жол кеңінен ашылып жатыр. Өткен ғасырдың 50-70-ші жылдарындағы ахуал келмеске кетті. Ол кезде жалғыз қазақ емес, басқа ұлттар да өз ана тілінен айырылып қала жаздады. Орыс тілі үстемдік құрды. Өз көзімізбен көрдік…

1961 жылы қылышынан қан тамған қызыл империяның көсемі Никита Хрущев елімізде 250-ге жуық қазақ мектептерін жапқызып тастады. Сол кездегі билік «халық неғұрлым орыс тілін еркін меңгерсе, коммунизмге соғұрлым ертерек аяқ басады» деген идеологияны насихаттады. Қазақ мектептері сол желеумен жабылды.

Мәскеудің саясатына қарсы шыққандардың бірден бірі Жұмабек Тәшенов еді. Қазақтар оған «кісендеулі жолбарыс» деген ат берді. Сол қитұрқы әрекеттің зардабын әлі күнге дейін тартып отырмыз…

Мен Қарағандыда жарты ғасырдан астам уақыт тұрамын. Жоғарыда көзімізбен көрдік дедім ғой, 70-ші жылдары бір автобус толы адамның екі-үшеуі ғана қазақ болатын. Қалғаны келімсектер еді. Ана тілімізде сөйлесек, басымыз пәлеге қалар еді. Сол үшін талай мәрте төбелес те шықты. Әйтсе де, жасып, жасқанған кезіміз болған емес. Өз тіліміздің абыройын кез келген жерде қорғай білдік…

Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Заман түзелді. Қазақтың өз тізгіні өзінде. Ауылдағылар қалаға көшіп, қаладағы қазақ саны көбейді. Тәубе дейміз.

Десек те, санымыз артқанымен қазақ тілінің көсегесі көгерді деп айта алмасымыз анық. Бүгінгі жас буын арасында қазақ тілін менсінбеушілік белең алып бара жатқанынан қабырғам қайысады. Көпшілік мекемелердің есігін қағып, қазақ тілінде нан сұрап жей алмайсың. Жоғары лауазымды басшылар, шенеуніктер сол қалпында аяқтары салбырап аспаннан түскендей ана тілінде жағдайын айтқан қандасына шекесінен қарайтынын қайтерсіз?! Өзі қайдан шығып еді? Оның да әкесі ауылдан келген қара қазақ еді ғой… Осындайда атақты биші Мая Плисецкаяның бір сөзі еске түседі. «Қазақтың орысқа берілгендігі сонша – орысша акцентсіз сөйлесуге тырысып, маймылдай құбылғаны қандай жиіркенішті, қандай өкінішті опасыздық» депті бірде биші. Бұдан артық қандай үкім керек түсінген адамға. Түсінбегенге – бәрібір. Абай атамыз айтқандай, «Жартасқа бардым, Күнде айқай салдым. Одан да шықты жаңғырық». Соның кері.

Қазақша сөйлейтін қазақтың өзі газет-журнал оқымайды қазір. Дүңгіршектерде өтпей тұратын басылымның барлығы қазақша. Газетке жазылу мәселесін былай ысырып қойыңыз… Мәселен, биыл Қарағанды облысындағы қазақ тілінде жарық көретін жалғыз облыстық басылым «Орталық Қазақстан» газетінің таралымы 12 мыңнан сәл асыпты. Бұл – бірінші жартыжылдықтағы меже. Екінші жартыжылдықта бұл биікке жете ала ма «Орталық»?! Ал, облыста 700 мыңнан астам қазақ тұрады. Яғни, 700 мыңның 12 мыңы ғана жазылған деуге болады. Салыстыруға келмейді. Сонда қалған қазақ қайда? Қалған қазақтың намысы қайда? Ана тілімізге деген жанашырлығы қайда?

Қадыр Мырзалиевтің «Басқа тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деген сөзін естен шығарып алдық. Өзбекше ғана сөйлесетін ала шапанды ағайыннан үлгі алсақ, қане? Мына түрімізбен көшімізді жиырма-отыз жыл ішінде түзей алсақ, қуанармыз.

Кейбір қазақ Абайды жаңа танып жатыр. Президент мырза қолға алғаннан кейін. Ал, біз Абайды, Абай туралы жазған Әуезовті жас кезімізден оқып өстік. Ұлан-байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ана тіліміздің құдіретімен қорғап қалдық. Міне, осы Ұлы Даланың мұрагері болып отырған бүгінгі қазақ неге қазақ тілінен бас тартуы керек?!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» деп еді. Дөп сөз. Қазақ тілінің бізден басқа ешкімге қажеті жоқ. Өзіміз іздемесек, басқа қайтсін біздің тілді. Бәріміз қазақша сөйлегенде ғана қазақ тілі өркендейді. Бізге қарап, басқалары да қабылдайды.

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button