Жаңалықтар

Ұсыным құпталса…

Елім, жерім дейтін азамат «туған ауылының түтіні түзу шықса екен» деп тілейді. Соның бірі мен едім. Туған жерден алыстап кетсек те оның тыныс-тіршілігіне құлақ түріп, жылт еткен жаңалығына қуанып отырамын. Себебі, мен Қарқаралыда туып өсіп, сол жерде мектеп бітірдім. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң туған ауылға келіп, жұбайымыз екеуіміз халық денсаулығын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп, осы жерде зейнеткерлікке шықтық. Қазір денсаулығымызға байланысты Қарағанды шаһарында тұрып жатырмыз.

Өткен жылы бір хабар естіп қатты уайымдап қалдым. Ол Қарқаралыға 200 жылға таяу берілген «қала» мәртебесін алады деген сөз. Оның басты себебі халқының азайып кетуі деп естідім. Бірақ, аудан басшылары болып, халық болып, өтініш-тілектерін білдірген соң, жоғарғы жақ келісімге келіпті деген соң көңіліміз орнықты. Менің ойымша аудан басшылары, зиялы қауым келешекте бұл әңгімені тудырмас үшін жоспар құрып, іс-әрекет жасап жатқан шығар деп сенемін. Олай деп болжауыма себеп, қазір қалада көпқабатты үйлер салынып, халық игілігіне берілуде. Қала сәулеттендіріліп, жолдар жөнделіп, халықты ауыз сумен, жылумен қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. Сонымен бірге жас мамандар келіп толығуда. Мемлекеттік маңызы бар Қарағанды-Аягөз тасжолын салу жоспары бар деп естідім.

Дегенмен, кейбір еске алып, ескеретін жайттар да аз емес. Соның бірі қала ішінде жүріп тұратын қоғамдық көлік мәселесі. Қазір қала айтарлықтай өсті. Бұрынғы «селхозтехника» маңайында әжептәуір үй салынып, бір шағын ауданға айналды. Ал, енді осы мекенде аудандық ауруханаға, екі орта мектепке, оңалту орталығына келіп қызмет істейтіндерге, оқушыларға, ауырған-сырқаған науқастарға қатынау өте қиын. Жекеменшік таксилерге халықтың барлығының бірдей шамасы келмейді. Сондықтан, автобус немесе «ГАЗель» жүргізу мәселесін шешу керек деп ойлаймын. Қолға алса шешілмейтін мәселе болмайды.

Екінші бір мәселе – қаланы көркейту. Біздің бала кезімізде қаланың жоғарғы жағында кішкентай су тоғаны болатын. Қазір ол жерде үлкен су қоймасы бар. Сол тоғаннан суды Әуезов көшесіне, одан Ленин көшесіне ағызып, арықтар арқылы орталық баққа келетін. Арықтардың шеті әдемі тастармен көмкерілген болатын. Ол кезде техника аз, көпшілігі қолмен жасалатын. Кейінгі кезде соны жаңартамыз деп арық қазып істі аяқсыз қалдырды. Әрине, егер Жарлының суы келе қалса сол арықтардың қажеті де шамалы.

Қаланы сәулеттендіру барысында Абай көшесінің бас жағында «Сасықкөл» деген көлшік бар, мен ес білгелі сол көл бір тартылған емес. Сол көлді тазартып, жан-жағын қоршап, орындықтар орнатып бір сәулетті орынға айналдыруға болар еді.

Қаланың оңтүстік-батысында орналасқан «Қаратөбе» деген төбешік бар. Бұл төбе негізі қасиетті төбе. Себебі, ертеде қала халқы етегінен топырағын алып, үй-құрылыс салуға пайдаланған. Бұл топырақ ерекше қасиеті бар, құрылысқа цемент ретінде қолданылған. Ал, енді осы қасиетті орынды «Қаратөбе» деп көрнекті етіп жазса деген ойым бар.

Ендігі көңіл аударар бір мәселе, ол қала ішіндегі жануарлар мүсіндерінің тиісті орнын таппай тұрғаны. Мысалы, арыстан орманның аңы. Құдайға шүкір, біз орманнан кенде емеспіз ғой. Сол арыстанды орманнан шығып келе жатқандай етіп, тоғанның солтүстік жағына, яғни оңалту орталығына барар жолда көрнекті етіп орналастырса жөн болар еді. Әлихан көшесінде мұражайдың жанында арқар тұр. Ол шарбақтан қашып шыққан қой сияқты. Ал, оның орны сол көшенің бас жағындағы дөң сияқты. Себебі, арқар – тауда жүретін аң.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» – дейді қазағым. Әрбір істі бастағанда оны ойланып, ақылдасып, тиянақты етіп жасаған дұрыс па деймін. Қаланы әрі қарай көріктендіру мәселесіне жұмыла кіріскен жөн. Қарқаралының 200 жылдығына осы бастан кірісіп, қаланы көркейту, абаттандыру мәселесін күнделікті күн тәртібінен түсірмеу керек деп ойлаймын.

Ғазиз ЖАҚЫПҰЛЫ, медицина ардагері.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button