«Математика – ақыл-ойды тәртіпке келтіреді»
Балаңыздың математикадан сауаты қай деңгейде? Есепті өзі түсініп, өздігінен шығара ала ма?.. Мұндай көкейкесті сауалдарға жауап іздейтін уақыт келді.
17 ақпанда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Мектептегі математикалық білім беру: жағдайы, проблемалары, ұсыныстар» атты математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезі өтті. Мұнда қазіргі математикалық білім берудің кемшіліктері де бар екені айтылып, оқушыларды дайындайтын оқулықтардың сапасыздығы да сөз болды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам математика пәнінің мұғалімдері, оқытушылар, әдіскерлер мен ғалымдар қатысты. Республикалық съез төрт секциялық жиынмен басталып, кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов қатысқан пленарлық мәжіліспен жалғасты.
Съезге жиналған мұғалімдердің көпшілігі қашықтан оқытудың білім сапасына кері әсері көп екенін айтты. Сондай-ақ, кадр тапшылығы, мұғалімдерді 10 және 11-сыныптардағы математика сағаттарының қысқаруы мәселесі толғандырады. 9-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға дайындау үшін арнайы база жоқ. Мектеп мұғалімдері де осы мәселені назардан тыс қалдырмады.
5-ші және 6-шы сыныптағы бағдарламалық материал төртіншіге ауыстырылды. Бастауыш сынып мұғалімдері бұған дайын болмады. Олимпиадаларға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Қазіргі таңда олимпиадалар жалпы форматта – физика-математикалық лицейлер үшін де, жалпы білім беретін мектептер үшін де өткізіледі. Жәй мектептің оқушылары арнайы мектептермен бәсекеге түсе алмайды. Мұғалімдер олимпиаданы оқушылардың дайындық деңгейі бойынша бөлу дұрыс болар еді деп санайды.
«Қазіргі кездеге өзекті мәселелердің бірі – мектепте оқу үшін қажет емес деп санайтын математика бөлімдерін енгізу. Оған күрделі сандар, дифференциалдық теңдеулер және т.б. кіреді. Бұл негізінен – жоғары оқу орындарының бағдарламасы. Ал қазір бұл бөлімдер қорытынды аттестаттауда да, ҰБТ-да да бар. Сондай-ақ аудандардағы дарынды балалар үшін тегін математика курстары құрылғанын қалаймын. Съезден кейін оң өзгерістер күтемін. Нақты міндеттер мен оларды шешу жолдары ұсынылса екен. Біздің балаларымыз сапалы білім алып, біз берген білім – әлемдегі ең жақсы білім болғанын қалаймыз, – дейді Алматы қаласының №166 лицейінің математика пәнінің мұғалімі Елена Штерн.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер съезде өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Қарқаралыдан келген математика пәнінің мұғалімі Дана Сыздықбаева «Математика біздің айналамызда» жобасын таныстырды.
– Біз бұл жоба бойынша үш жыл бойы жұмыс істеп келеміз. Балаларға бүкіл өміріміз математикамен байланысты екенін түсіндіреміз. Балалар макеттерді жасау үшін есептеу жүргізу керектігін, математикасыз оны жүзеге асыру мүмкін еместігін түсінулері қажет. Мектепте балалар бюджеттің негіздерімен танысуы үшін жәрмеңкелер өткізіледі. Бұл да – математика. Бүгін мен өз жұмысымды көрсетіп, басқа әріптестерімнің еңбектерімен танысқым келеді. Әрине, сабақта жаңа идеяларды қолдану үшін өз дағдыларыңыз бен қабілеттеріңізді дамыту керек, – дейді Дана Сыздықбаева.
– Ал біз әріптестерімізге біздің мектепте жұмыс істейтін STEM-зертхана туралы айтқымыз келеді. Мұның барлығы – математика, инженерия, бағдарламалау, робототехника, 3D-модельдеу. Біз 3D-принтерде басылып, балалар жинаған түрлі бұйымдарды әкелдік. Біз өз жетістіктерімізбен бөлісеміз және болашақта сабақта қолданатын қызықты жобаларды атап өтеміз», – деді «Мұрагер» дарынды балалар мектебінің мұғалімі Тілеужан Қуандықова. Съезге қатысушылар балалардың математикаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жоғарылату қажет деген қорытындыға келді.
Ал, пленарлық отырыс барысында мектептің математикалық білімі және болашақ математика мұғалімдерінің арнайы әдістемелік дайындығы туралы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Алма Әбілқасымова баяндама жасады. Мұнда да мектептегі және жоғарғы оқу орындарындағы математикалық білім беру жүйе бойынша ұсыныстар айтылып, дайындалған кейбір оқулықтар оқушының жас ерекшеліктеріне сай келмейтіні туралы сөз болды.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев сыни ойлаудың маңыздылығы туралы баяндады.
Ал, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мәселесі бойынша Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Салтанат Қадырова да өз ұсыныстарын атады.
Халықаралық жарыстардың 2 мыңнан астам жеңімпазын дайындаған Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Муаммер Гюль оқушыларды олимпиадаларға дайындау саласындағы бірегей тәжірибесімен бөлісті.
– Мемлекет басшысы техникалық бағыттарды дамытуды тапсырды, ал мұның бәрі мектеп қабырғасынан басталады. Техникалық мамандықтарды дамыту – қазіргі кезде өте маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Ал бұлардың ішінде, ең алдымен, математикаға көңіл бөлу қажет. Сондықтан, біз оқытуға да басқаша көзқараспен қарауымыз керек. Шағымдар да айтылмай жатқан жоқ. Бір жағынан, сарапшылар мен тәжірибелі оқытушылар арасындағы қоғамдағы ескертулер әділетті. Біздің алдымызда математика пәні бойынша мектеп бағдарламасын жаңарту міндеті тұр.
3-4-сыныптың оқу бағдарламаларында өте күрделі тақырыптар бар. Оларды басынан реттеу қажет, өйткені бұл математикаға деген көзқарасты өзгертуге, қабылдауға, пәнді оқытудың тиімділігіне әсер етеді.
Мектептің жоғары сыныптардың оқу бағдарламасы мен жоғары математика бағдарламасы туралы да осыны айтуға болады. Бағдарлама түсінікті болуы керек, оқушыларға өткенді бекітуге және қайталауға уақыт болуы қажет, – деді Асхат Аймағамбетов
Назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе – математика мұғалімдерінің тапшылығы және математика пәнінің мұғалімдерін даярлау сапасы, біліктілікті арттыру мәселесіне де тоқталды. Осы салаға талапкерлерді тарту бойынша биыл педагогикалық мамандықтарға да көп грант бөлінді. Бірақ бұл оқуға түсушілерге қойылатын талаптардың төмендеуіне әсер етпеді. Қазірдің өзінде мұғалім болғысы келетін жастар көп екенін айтты министр А.Аймағанбетов.
Министрдің айтуынша, математика пәнін оқыту бойынша мектеп бағдарламасына өзгеріс енгізу жұмыстары басталып кетті. Арнайы топ құрылып, оған тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер мен жоғары мектеп мамандары кірді. 2023 жылы математикалық оқыту жүйесі бойынша жаңартылған бағдарлама жасалатынын айтты.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.