Covid-19Коронавирус

Қазақстан “қызылдан” шықты

Коронавирус инфекциясының таралуы азайып келеді. 13 ақпандағы дерек бойынша анықталған жағдай – 1311. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасының кешегі күнгі дерегіне сәйкес, Қазақстан «сары» аймаққа өтті.

 

Дегенмен, жеті өңір әлі де «қызылда». Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары. «Сары» аймақта Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары тұр. «Жасыл» аймақта: Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары орналасты. Жалпы, әлем бойынша қарашадан бері алғаш рет коронавирустың төмендегені байқалады. Өткен аптада әлемде 18 миллионға жуық инфекция жұқтыру фактісі анықталған. Бұл алдыңғы аптаға қарағанда 4 миллионға аз. «Омикронның» тез таралуына қарамастан, кейбір елдер шектеулерді алып тастауда. Мысалы, келесі аптадан бастап Испанияда көшеде бетперде киюдің қажеті болмайды. Әлемдегі вакцинацияның ең жоғары деңгейінің бірі – 92%-ды құрайтын Біріккен Араб Әмірліктерінде де санитариялық талаптар біртіндеп алынуда. Бельгия билігі осы аптадан бастап қашықтан жұмыс істеу және 12 жасқа дейінгі балаларға мектептерде бетперде тағу талабын алып тастамақ. Ұлыбританияда да шектеу шаралары жойылуы мүмкін. Дүйсенбіден бастап Қырғызстан елге кірген кезде вакцинацияланған адамдарға covid-19 карантинін және ПТР тестін алып тастайды. Алайда, әлем бойынша инфекцияға байланысты өлім-жітім көрсеткіші үшінші апта қатарынан өсуде. Оның басты себебін дәрігерлер тромбозбен байланыстырады.</span>

– Тромбоз барлық ішкі органдарда болады. Науқас жеткілікті көлемде сұйықтық ішпейді. Қан қоюланып, дұрыс айналмайды. Уақыт өте келе ол науқастың өліміне алып келеді, – дейді пульмонологиялық инфекциялық госпитальдың реанимация бөлімі меңгерушісі Бауыржан Айсанов.

Бүгінде 53 977 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Олардың ішінде 7 174 пациент стационарда, 46 803 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Дәрігерлер 350 адамның жағдайы ауыр, 144 адамның жағдайы өте ауыр деп бағалауда. Ал, 97 науқас ӨЖЖ аппаратында қосылған.

Бұл ретте мамандар ауыратын және реанимацияға түсетіндердің дені екпе алмағандар екенін айтады. 13 ақпандағы деректерге сүйенсек, коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 9 299 294 адам, екіншісін 8 874 390 адам салдырды. «Pfizer» вакцинасының толық курсын алған 451 996 адам бар. Облыста бұл көрсеткіш – 16 418. Кешегі күнгі жағдай бойынша облыстың 650 932 (72,5%) тұрғыны бірінші компонентін, 580 843 (64,7%) адам вакцинациялаудың толық курсын алды. Белгіленген межеге сәйкес, облыс тұрғындарының кемінде 80%-ы вакцинация алуы тиіс.

Жансая ОМАРБЕКОВА.

Басқа материалдар

Back to top button