Өндірісі өркендеген өлке

Дәл бүгін – қиясында қыран қалқып, саясында сәйгүлігі жер тарпып, киесінен киік үріккен көмірлі өлке Қарағандының қала мәртебесін алған күні. Осынау өндірісті өлкенің өткені мен бүгініне тоқталып көрелік. АППАҚТЫҢ АҢЫЗЫНАН БАСҚА БІЛЕРІМІЗ БАР МА?

Әуелі аты айтқандай Қарағандының қарағаны қалың болса керек. Қарағанды аталуының бұлтартпас бір айғағы да осы. Шұбар ала жерге шұбырта қой жайып жүріп, қара алтынға кенелген Аппақтың аңызын білмейтін жан жоқ шығар. Қарағанды десе осы бір оқиғаларды тәпсірлеп жіпке тізе жөнелеміз. Ал, осынау алып қаланың кезінде небары 250 сомға сатылып кеткендігінен хабарыңыз бар ма? Иә, иә, Игілік Өтепов атты манаптың бірі шырмауығынан шөккен түйе таптырмас шұрайлы да шиманды жерді көпес Н.Ушаковқа бар-жоғы 250 рубльге бере салған екен. Неткен «дархандық» десеңізші?! Сол Ушаковыңыз қабілет қарымы жеткенше ырысты жердің ырзығына кенеліп, кейін ағылшын инвесторларына сатып тынады. Осы тұста Арқа даласына күндік жерден күңіренген үні келген түрлі техникалар тартылып, жаһандану басталады. Әр кен орынының маңынан шағын кенттер ашылып, жұмыскерлерге тұрақ жай болады. Кен шыққан мекенге алдымен сөздері жерге түспейтін мырзалар мен шенділер жиналады. Олар мұнда түрлі жұмыс орындарын ашып, қоғамның қалыптасуына септігін тигізді десек артық емес. Іле-шала 1934 жылы халқының саны өсіп, қалаға айналады.

ЖАҢАРҒАН ҚАЛА — ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ОРДАСЫ

Бүгінде Арқаның орталығы 11 қаланы тоғыстырған үлкен облыс. Сан түрлі табиғи ландшафт және елдегі өнеркәсіптік әлеует тұрғысынан көш бастап тұрған алып қаланың бірі әрі бірегейі. Индустриялды-өнеркәсібі де артқан аймақ. Ғылым мен мәдениеттің ошағы һәм спорт пен өнері арқасында Қарағанды Қазақстанның жетекші орнында. Сондай-ақ, көптеген туристер мен саяхатшылардың жиі ат басын бұрар өлкесі. Бұдан бөлек Қарағанды облысы республика көлеміндегі құрылыс саласының 9,5 пайызын еншіледі. Ел еңсесі тіктеліп, Тәуелсіздік алған 30 жылда алғаш рет облыста 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл – үй кезегінде тұрған жерлестер үшін қуанарлық жағдай. Тұрғын үй құрылысының қарқындап өсуінің арқасында кезекте тұрған 3 мыңға жуық отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. Ал, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 529,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Өткен 2020-2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда жоспарда 25,8 пайызға ілгерілеу байқалатыны анық.

Бұған қоса, пайдалануға берілген әлеуметтік нысан құрылысы да күн санап артуда. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 8 әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілген. Биыл 34 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Оның ішінде, 11 білім беру, 3 мәдениет, 9 спорт, 9 денсаулық сақтау, 2 ветеринария нысаны бар.

Облыс бойынша құрылыс жұмыстарының негізгі көлемі Қарағанды мен Қаражал қалаларында және Шет ауданында орындалды. 2020 жылы 1018 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде, 878 тұрғын үй және 140 тұрғын емес нысан бар. Тұрғын емес сипаттағы объектілерден сауда кәсіпорындары, және көлік, байланыс және коммуникация, өнеркәсіп объектілері іске қосылды. Өнеркәсіп объектілерінен ағаштан жасалған құрылыс конструкцияларын және ағаш өңдеу бұйымдарын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, декоративтік және құрылыс тастарын кесу, өңдеу мен әрлеу жөніндегі кәсіпорындар, құрамында алтыны бар кендерді өндіру жөніндегі кәсіпорындар және ұсатып өткізетін кешендер қосылды. Әлеуметтік-мәдени объектілердің ішінде 980 орынға арналған 2 жалпы білім беретін мектеп және амбулаториялық 3 емхана бар.

Сондай-ақ, Қазыбек би ауданының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде қаланың жаңа орталығы бой көтеріп жатқанын атап өткен абзал. Алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықтың арасы жақындайды деген жоспар да бар. Әрине, тұрғын үйлер салынысымен ол жерде балабақша, мектеп пен аурухана бой көтеретіні сөзсіз.

Мұндағы басты мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру, жұртшылықты жұмыспен қамту. Қазіргі таңда аймақтағы құрылыстың осы қарқыны қала жұртына жаңа үміт пен мүмкіндік сыйлағандай. Жаңа қала – дамудың жаңа жолы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.