Жаңалықтар

5. Тігін ісінің Темірқазығы

Жаздың жылы жаңбырын есіңізге түсіріп көріңізші. Майда тамшылар бетіңізді жуып жатады. Жерге соғылған дыбысын да анық естисіз. Сырт-сырт, тырс-тырс…

Тігін цехының жұмыс ырғағы сол жылы жаңбырды жадыңызда жаңғыртады. Иненің сыртылы миыңның бір қатпарында қалған естеліктерді қалқып алып, қиялыңды түу қиянға жетелеп әкеткендей. Жаңбырдың астында тұрғандай күй кешесіз…

Сәл тынып, құлақ тоссаңыз, омартаның гуіліне де ұқсайды. Жүздеген инеден шыққан дыбыс ұзай келе кірігіп, тұтаса түскен. Тынымсыз еңбек гуілі…

Біз – еліміздегі бірқатар ірі кәсіпорындарды киім-кешекпен қамтамасыз етуді міндетіне алған «Ютария LTD» компаниясының Жезқазғандағы тігін цехындамыз.

ТӘУЕЛСІЗДІК ИГІЛІГІ

Жасырмайық, елімізде жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңіл болмай тұрғаны белгілі. Іргедегі қытай, қырғыз, өзбекпен жарысу оңай емес. Десек те, бірді-екілі отандық кәсіпорындар осы бәсекеде алдыңғы лектегі орнын бермей келеді. Бірі – «Ютария LTD» ЖШС.

Республикаға аты мәлім компания кенді өлкеде ерекше танымал. Әсіресе, «Қазақмыста» жұмыс істейтін аралас-құралас таныстар «Ютария» тіккен киімнің сапасын жоғары бағалап жатады. Өндіріске арналған киімнің сапасына өзіміз де көз жеткіздік. Бірер күн бұрын Жезқазғандағы мыс балқыту цехына барғанда кәсіпорындағы жігіттер аталған компанияның киімімен бастан-аяқ киіндіріп еді. Жылы, жеңіл, бастысы – ыстықты да, суықты да өткізбейді. Сол сәттен-ақ «Ютариямен» жақынырақ танысуға бел будық.

Бас директор Сәуле Шәуенова іссапарда жүр екен. Бізді басшының орынбасары Тұрсынай Ибадатова қабылдады. Компанияның жұмысы жөнінде баяндап, өндіріс процесін алдымызға жайып салды.

 «Ютария LTD» – тәуелсіздік жылдарында қаз тұрып, бүгінде ірі кәсіпорынға айналған компания. Әуелде, 1999 жылы «Алматыгороформление» ЖШС-нің Жезқазғандағы филиалы ретінде құрылды. Кішігірім цехта 5-6 тігінші еңбек етті. Уақыт өте келе филиал жұмысы өрге басып, жаңа нарықтарды игеру қажеттілігі туындады. 2007 жылы дербес шықты. «Ютария LTD» ЖШС ретінде қазығын қақты. Жылдар бойы тұрақты жұмыс ырғағын танытқан кәсіпорынға ел сенімі де ұлғайды. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген. «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы 2009 жылы аутсорсинг тәсілімен зауыттың тігін цехын компанияға тапсырды. Яғни, кәсіпорын қанаты кеңейіп, тігіншілер саны 200-ден асты. Мемлекет те қомақты қолдау көрсетті. 2011 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында облыс бойынша ең алғаш рет қала құрушы кәсіпорынның кепілдендірілген тапсырысының субсидиясына қол жеткізді. Ауданы 1500 шаршы метр болатын ғимарат тұрғызып, түрік серіктестердің жабдықтарын сатып алды. Тігіншілердің Түркиядан келген мамандардан үйренгендері де мол. Бүгінде бұл машықтарын киім тігуде шеберлікпен кәдеге жаратып отыр. «Қазақмыстан» бөлек, бірқатар өндіріс алпауыттары «Ютарияның» киімдерін киіп жүр. Киім тігу процесінде заманауи жабдықтар кеңінен қолданылады. Тұрсынай Ибадатованың қабылдауынан кейін бұл технологиялық желімен етене таныстық.

 КИІМ ТІГУ – КҮРДЕЛІ ПРОЦЕСС

Бір киім тігуге бірнеше цех жұмылдырылған. Яғни, конструкторлық бөлім, пішу цехы, кесте тігу цехы және тігін цехында тиісті жұмыстар атқарылады.

Конструкторлық бөлімде киімнің эскизі жасалады. Тігіншілер мұны «лекало» дейді. Бұл – дайын шаблон. Дайын шаблон бойынша кейін киім тігіледі. Бұрын конструкторлық бөлімдегі жұмыс қолмен атқарылатын. Қазір автоматтандырылған. Тиісті сызбаны компьютер арқылы машинаға енгізсеңіз болғаны.

Конструкторлық бөлімнен кейін пішу цехында лекало негізінде киім пішіледі. Мұнда да жүйе автоматтандырылған. Матаны текке рәсуа қылмайсыз.

Тұрсын Сарбасова цехта шебер ретінде жұмыс істейді. Киім дайындаудағы маңызды кезең осы маманның жетекшілігімен жүзеге асырылады. Жалпы, бұл цехта 8 адам еңбек етеді. Міндеттері – лекало бойынша киім пішу. Түскен көлемге байланысты кесіп, пішіп, кесте тігу цехына жолдайды.

Аты айтып тұрғандай, кесте тігу цехында киімге қажеттілігіне қарай өрнек салынады. Компанияның атауы, бригаданың номері, логотип сынды белгілер жіппен тігіледі. Осында жұмыс істейтін Марина Игнатьева барлық жұмыс Zoje тігін машиналарымен атқарылатынын айтады. Аталған машина компьютермен басқарылады. Инесі сынса немесе жібі таусылып қалса, кілт тоқтап, қызыл шамы жанады. 2 миллионнан астам тігін үлгісін есте сақтауға қауқарлы. Кесте тігу өнерін жеңілдеткен техниканың күшіне тәнті боласыз.

Кесте тігу цехынан шыққан мата тігін цехына жеткізіледі. Жоғарыда біз айтқан омартаның гуілін, жаңбыр тамшыларының тырсылын осы жерден естисіз. Цехта тапсырысқа сәйкес мөлшерде тігіліп, дайын өнім қоймаға жол тартады.

Орыншай Әбдіғалиева – тігін цехындағы майталман тігіншілердің бірі. 2006 жылы компанияға жұмысқа келгеннен тапжылған емес.

– Менің «Ютарияда» жұмыс істеп келе жатқаныма он бес жылдан асты. Жағдайымыз – ойдағыдай. Жалақы уақытында беріледі. Басшылық еңбегімізді ұдайы елеп отырады. Бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі марапат, сыйлықтарға ие болдым. Компанияның демеушілігімен шет елге шығып, Түркияда демалып келдім. Еңбек адамы үшін бұдан артық құрмет керек пе?!, – дейді Орыншай апай.

Жастар қарасы да қалың. Айжан Мырзахметова үш жыл бұрын Жезқазғандағы колледжді тәмамдап, бүгінде тігін цехында табысты еңбек етіп келеді. Жалпы, компания жергілікті орта арнаулы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде, кейінгі жылдары Жезқазған қаласындағы бірнеше колледж «тігінші», «конструктор-модельер» мамандықтарын әзірлеуді жолға қойған. Білім беру саласы мен бизнестің өзара тиімді әріптестігінің арқасында жүздеген жас тұрақты табыс көзіне ие болып отыр. Байқағанымыздай, «Ютария LTD» ЖШС – әлеуметтік салаға барынша назар аударатын кәсіпорын…

ӘР ЖОБА – БЕРЕКЕ КІЛТІ

Кәсіпорынды шағын бизнестен ірі бизнеске өткен компания ретінде мысалға алуға болады. 5-6 адаммен жұмыс бастаған серіктестік аймақтағы, аймақтан тыс өңірлердегі зауыт-фабрикаларды киіммен қамтып отыр. Жылына 2 миллионға жуық киім жиынтығын шығарады. Биылдан бастап бірнеше ұлттық компаниямен келісімшарт жасады. Бұлардың қатарында «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз» сынды алпауыттар бар.

Киім тігуден бөлек, құрылыс, қауіпсіздік құрылғыларын жеткізу, білім беру салаларында жемісті жұмыс жасап келеді. Жезқазған қаласындағы бес қабатты жатақхананы замануи үлгідегі жөндеу жұмыстарынан өткізді. 150 млн. теңге қаржы жұмсады. Қазір кәсіпорын қызметкерлері, үйсіз-күйсіз жүрген жалғызілікті қариялар, көпбалалы отбасылар тұрып жатыр.

«Жарқын ақыл» білім орталығының жұмысы жолға қойылды. Мұнда балалар робот техникасы, математика, ағылшын тілі сынды пәндерді меңгерумен қатар, домбыра тарту, тоғызқұмалақ сынды ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіре алады.

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасы аясында барар жері жоқ жандарды баспанамен қамту дәстүрге айналды. 2014 жылы Жезқазған, Сәтбаев қалаларында бір бөлмелі – екі, екі бөлмелі екі пәтер кілттері берілді. 2019 жылы көпбалалы ана компаниядан төрт бөлмелі пәтер кілтін алып, қоныс тойын жасады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сондай-ақ, Балқаш, Сәтбаев қалаларындағы зағиптер қоғамының мүшелерін де жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыс беріп, жалақы төлейді.

Қазіргі таңда Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындарына арзан азықтүлік өнімдерін ұсыну мақсатында шағын дүкендер желісін тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл дүкендердегі баға компанияға тиесілі «Ұлы Дала» гипермаркетіндегідей базардағыдан 30 пайызға дейін төмен болмақ.

Әрине, әр жоба – әлеуметтік ахуалды жақсартуға қосылған үлес. Бір жобаның арқасында ондаған, жүздеген адам екі қолға бір күрек табады. Біз де «Ютария LTD-ға» жасаған сапарымызда игі істердің ізімен келген берекені көрдік…

ТЕМІРҚАЗЫҚ

 «Ютария» көне грек тілінен аударғанда «жұлдыз» деген мағынаны береді. Қазақ көгінде енді жарқырап келе жатқан жұлдыз. Отандық жеңіл өнеркәсіптің Темірқазығына айналуы тиіс жарық жұлдыз. Алдымен – Елбасы, кейін ел Президенті арнайы келіп, тілеуқор пейілін білдірген компанияның болашағы да жарқын боларына кәміл сенеміз. Себебі, жоспары – нық, мақсаты – айқын. Бизнесті өркендете отырып, ел тұрмысын көтеру – компания басшылығының ұстанымы. Егемендік жылдарында еңсе тіктеген кәсіпорынның көздегені – ел мүддесі.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button