Бас тақырып

Қарағандыдағы тасқын: құрылыс «кінәлі» ме?

Елді әбігерге түсірген тасқын тыншыды. Шенеуніктердің екі аяғын бір етікке тыққан сынақ болды бұл. Қазір сол «етікпен су кешкен» күндерін кім қалай еске алары Құдайға аян. Қоғам енді соңын күтіп отыр.

Дегенмен, Қарағандыға тасқын таңсық емес. Жыл аралатып әлекті салып келеді. Етіміз өліп кетсе – таң болмас едік. Әйтсе де, биылғы көктемнің машақаты бұрынғыдан батпан ауыр басқандай. Материалдық салмағын ысырып қоялық. Арыққа батқан баланың өкініші ата-анасының көкірегінен кете ме? Бір қауым ел біреудің босағасын әлі сағалап жүр…

Салдарын көріп отырған есті жанды себебі де мазалауы – міндет. Неге су Жартасқа жетпей жайылды? Бұқпа неге бейқам жатты? Қарағандының Оңтүстік-шығысындағы түгел суды арқандайтын бұл арналар ежелгі қызметінен жаңылғаны ма? Көлденең кісі «тасқынға «кінәлі» – құрылыс» дейді…

Былтырғы жыл қорытындысында Қарағанды облысы тұрғын үй құрылысында рекорд жасағаны белгілі. Республикада алдыңғы орынға шыққанын да білесіз. Осы құрылыстың басым бөлігі облыс орталығына тиесілі. Негізінен, Оңтүстік-шығыста қарқынмен жүргізілуде. Жартас маңына жаңа ықшамаудан салынды. Өзге аудандардағы алақандай аумақтарға үш-төрт үйден тұрғызылды. Өзен үстіне төніп тұрған үйлер де жеткілікті.

Сөйтіп, құрылыс саласында рекорд жасап, бөркін аспанға атқан Қарағанды биыл қарғынға «қарқ» болды.

Ел арасында алуан пікір бар. Басын құрасақ, «құрылыс кезінде су жүйесі бұзылды, жерасты жүлгелерінің арнасы жабылды» дегенге саяды мың пікірдің мазмұны. «Жолы кесілген су жер бетіне шықпағанда қайтсін?!» дейді жұрт.

Бастапқыда шаһар билігі ауа райын «айыптаған» еді.

– Күн күрт жылығаннан даладан мол су келді. Қаланың арық жүйесі мұндай көлемдегі суды өткізуге қауқарсыз. Сондықтан, артық су көшелерге құйылды. Әсіресе, Тәттімбет, Мұқанов көшелерінің қиылысындағы, «Гүлдер – 2» ықшамаудандарындағы үйлерге қауіп төнді. Бұл жер ой болғандықтан жылда су басады, – деді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Коммуналдық сала білгірі Калий Оразбеков те тасқынды наурызда қалың түскен қармен байланыстырды.

– Даладан қар суы әрдайым келіп тұратын. Дегенмен, биылғы жылы ауа райы қатты әсер етті. Қалың қар жауып, бірден ери бастады. Соның салдарынан су ағыны күрт ұлғайып кетті. Бұл жайттың алдын алу мүмкін емес еді деп ойлаймын. Бұрын суды ағызып жіберетін, тұрғын үй секторын қорғау үшін балласт төгілетін. Ал, бүгінде ол шаралар жеткіліксіз болып отыр. Суағарлар күрт ұлғайған судың көлемін өткізіп үлгермей жатыр, – деді еңбек ардагері.

Судың мол келгені рас. Қолдағы мәліметке сүйенсек, тәуліктік нормасы 80 мың текше метр саналатын насос стансалары сол тасқын кезінде күніне 148-152 мың текше метр судан қабылдаған.

Дегенмен, қазір біздің билік «ауруын жасырған өлетінін» түсінгендей. Әкімдік қаладағы суағар жүйесінің хәлі мүшкіл екенін мойындады. Қала әкімінің орынбасары Мейрам Кожуховтың айтуынша, шаһармен бірге тұрғызылған желі іріп-шіріп тұр.

– Қазір қаланың су өткізу желісі өте нашар хәлде. Кейбірі тозған, бітеліп қалған, ал, кейбір тұстарда мүлде жоқ. Мәселен, жыл сайын көктемде су астында қалатын Тәттімбет көшесін алайық. Мұнда қазір бір емес, екі арық желісі керек. Өйткені, бұл жер ой болғандықтан жақын маңдағы судың барлығы осында жиналады. Бүгінгі таңда біз арық жүйелерін тазарту, қайта жаңғырту, жаңадан тұрғызу бойынша жобалар дайындап жатырмыз, – дейді Мейрам Мұратұлы.

Қала әкімі орынбасарының сөзінше, Тәттімбет көшесінде екі арық желісі тұрғызылмақ. Бір желі бұрынғы арық жүйесіне қосылса, екіншісі Соқыр өзеніне барып құюы тиіс. Бұдан бөлек, даладан келген суды ұстап қалатын бөгендер бой көтеріп, қолда бары нығайтылмақ.

Сондай-ақ, Мейрам Кожуховтың пайымынша, құрылысшылар да суағар желісінің бұзылуына әсер етуі мүмкін. Мәселен, Бұқпа бойына үй тұрғызған мердігер өзен арнасын қолдан тарылтқан.

– Мердігер үш үйді (Университет көшесі, №№78/11, 78/15, 78/19 үйлер – авт.) тұрғызғанда жерді кеңейту үшін өзен арнасын тарылтқан. Яғни, құбыр салып, бетін жауып тастаған. Тасқын кезінде су бұл құбырға сыймады. Өзен жайылды. Талапқа сәйкес, өзенді құбыр арқылы өткізгенде оның жүз жылда ең қатты тасыған кезіндегі көлемі есепке алынады. Мұнда сол есеп жүргізілгеніне күмәнім бар. Әрине, тиісті органдар міндетті түрде баға береді деп ойлаймын, – деді қала әкімінің орынбасары.

Газеттің өткен санында жазғанымыздай, Университет көшесіндегі бұл үш үй Бұқпаға төніп тұр. Сөз орайы келгенде айта кетейік, әзірге, бұл үшеудің біреуі ғана «тұруға жарамды» деп танылды…

Өзен жағасында осы және өзге де үйлерді салу заңдылығы келешекте тәптіштеп тексеріледі. Егер, құрылыс заңсыз деп танылса, жауапты тұлғалар жауапқа тартылары бесенеден белгілі. Тек, сол үйлерді қыруар ақшаға сатып алған халық қайтпек?! «Жаман айтпай жақсы жоқ», оқиға біз айтқандай өрбісе, коррупцияның да құлағы қылтияры сөзсіз. «Тағы жүздеген жан коррупцияның құрбанына айналды» дей беріңіз…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ. 

Басқа материалдар

Back to top button