Жалақы – жарты миллион

Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы мәселе бұрыннан айтылып жүргенімен, 2020 жылдан нақты қолға алынды. Коронавирус пандемиясы кезінде, дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің, санитарлардың тапшылығы сезілгенде ғана бұл мәселе басымдыққа ие болды. Сол жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «Дәрігердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек» деп қадап айтты. Сол тапсырма бойынша кейінгі екі жыл қатарынан жалпы медицина саласының барлық қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен артып келеді. Жоспар бойынша келесі жылы дәрігердің жалақысы 500 мыңнан, орташа медициналық қызметкердің жалақысы 200 мыңнан асуы тиіс.

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл шығындардың барлығы қарастырылып қойған. Ел бойынша 247 мың медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін бюджеттен 2021 жылға – 222,3 миллиард теңге, 2022 жылға – 361,7 миллиард теңге, 2023 жылы 557,4 миллиард теңге көзделген.

Президент берген тапсырманы Үкімет орындауға кірісті. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрігерлердің мәртебесін арттыру мақсатында олардың жалақысы орташа есеппен 30%-ға, ал, орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға өсті. Одан кейінгі жылы да бұл бастама жалғасын тапты.

2021 жылы дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердікі 20%-ға ұлғайтылды. Былтыр дәрігерлер және орта медицина қызметкерінің лауазымдық айлығына түзету коэффициенттерін белгілеу жолымен медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша бірыңғай тәсілдер әзірленгенін айту керек. Біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары медициналық білімі бар мамандарға, оның ішінде, барлық мамандық бойынша дәрігер, бөлім меңгерушілерінің түзету коэффициенттері өзгеріп, толықтырылды. Яғни, былтырғы жылдан бастап ол коэффицент – 2,02, 2022 жылы – 2,63, ал, келесі жылы қаңтардан бастап 2,73 болмақ. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары медициналық және фармацевтикалық білімі бар біліктілігі жоғары және орта деңгейдегі мамандар есептеу коэффиценті 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,63, биыл – 1,95 және келер жылы 2,05 болады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Айнагүл Сұртыбаева.

Айнагүл Азатқызының айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер тарифі артқан. Сонымен бірге, осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мен кәсіподақ ұйымдары арасындағы салалық келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Оның барлығы медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттырып, жан-жақты қолдауды күшейтеді.

Пандемия мен карантинге қарамастан мемлекет азаматтардың әл-ауқатын арттыру жұмыстарын жалғастыруда. Биыл да дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 30 және 20 пайызға өсті.

Бүгінде лауазымдық жалақысына түзету коэффициенттерін ескере отырып айтсақ, дәрігерлердің орташа жалақысы 319 903 теңгеден 415 875 теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 173 461 теңгеден 190 807 теңгеге дейін өсті, – деп атап өтті Айнагүл Сұртыбаева.

Уақытқа қарамай, күні-түні адам өмірінің арашашысы болып жүрген мамандарға бұл жалақы аз. Мұны Мемлекет басшысы да айтқан еді. «Коронавирус пандемиясы елімізде кәсіби дәрігердің тапшы екендігін анық аңғартты. Бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп болып отыр. Түрлі сала мамандары ішінде, ең төмен жалақыны дәрігерлер алады», – деген болатын Президент 2020 жылы.

Облыс бойынша медицина саласында барлығы 18 669 адам еңбек етеді. Оның 5 773-і дәрігерлер, 12 926 адам – орта медициналық қызметкелер, 4 мыңнан астамы басқа персонал. – Мен «Диаверум» клиникасында жұмыс істеймін, – дейді Әсел Хамзина. – Біздікі жекеменшік, жалақым 10%-ға ғана өсті. Жолдасым – Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасында бөлім меңгерушісі. Оның жалақысы былтыр, биылғыны қосқанда 50%-ға көбейді. Бұрынғыдан жақсы екені анық. Бірақ, мына қымбатшылықтан жалақының артқаны білінбейді.

Денсаулық сақтау министрлігі келер жылы да осы бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің еңбекақысы тағы да 30%-ға, орта медициналық персоналдікі 20%-ға өспек.

Айнагүл Азатқызының сөзіне сенсек, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 415 875 теңгеден 540 637 теңгеге дейін, орта медициналық қызметкерлерінің орташа жалақысы 190 807 теңгеден 228 968 теңгеге дейін өседі.

Жалпы, 2020 жылдан бері 600 мыңнан астам педагогтер, дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы өсті. Екінші жағынан, бюджет есебінен қаржыландырылатын басқа да сала мамандары назардан тыс қалып жатқаны өтірік емес. Бұл ретте Мемлекет басшысы 2022-2025 жылдар аралығында музей, архив қызметкерлері, кітапханашылар, техникалық мамандар, көлік жүргізушілері сияқты мамандардың жалақысын көтеруді тапсырды. Олардың жалақысы жыл сайын 20%-ға артып отыратын болады. Қазіргідей қымбатшылық заманда мемлекеттің бұл қолдауы дер уақытында жасалған шара болды.

Жансая ОМАРБЕК.