Бас тақырып

58-де зейнетке шығу мүмкін бе?

Сенатор Дана НҰРЖІГІТТІҢ ел Үкіметіне жолдаған әйел адамдардың зейнетке 58 жастан шығу туралы депутаттық сауалы көп жылдан бері айтылып келе жатқан мәселені қайта көтерді. Көпшілік, әсіресе, әйелдер қауымы әйел адамдардың зейнет жасын төмендету бастамасын қолдайды. Алайда, Үкіметке не кедергі?

 Әйел адамдардың зейнетке шығу жасын 2027 жылға дейін біртіндеп 63 жасқа жеткізу 2015 жылы қабылданған тиісті заңмен бекітілген-ді. Оған сәйкес, әйелдердің зейнетке шығатын жасына 2018 жылдан бастап жыл сайын алты айдан қосылады. Алайда, жылдар бойы еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көре алмай кетіп жатқандар көп. Сенатор да осы мәселені қозғады. Оның айтуынша, қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы пандемиядан кейін төмендеп кеткен.

Осыған дейінгі заңда әйел адамдар 63 жаста зейнетке шығу керек дейді. Өмір сүру жасы – 71 жас. Сонда өмір қызығын көруге бар-жоғы сегіз-ақ жыл бар ма? Бұл – өз азаматтарымызға деген мейірімсіздік. Үкімет ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын төмендетуді қарастырып жатыр. Барлығын бөлек-бөлек қарамай, әйелдердің де зейнетке шығу жасын осы жерде қарап, бұл мәселені тездету керек сияқты. Бұл мәселенің шешімін күткен жандар көп, – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.

Ширек ғасырдан аса еңбек етіп, енді немере бағып, үйде отырар шақта таңнан кешке дейін жұмыста жүру әйелдің көпшілігіне қиын. Әйел адамның мойнында жұмыстан бөлек, отбасындағы міндеттері, бала-шаға тәрбиесі бар.

Бұл – біздің жан айқайымыз. Зейнетке шығу жасын 58-ге төмендетсе екен дейміз. Мен қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істеймін, жасым 55-те. Отыру деген бізде жоқ, үнемі тұрып жүріп істейміз. Денсаулық бұрынғыдай емес, айта берсе, ауруларымыз жетеді, – дейді Жанна Керімқұлова.

Жұмыстың оңайы жоқ. 60-тағы әжелер балабақшадағы 25-30 балаға ие бола алады деп айту қиын. ӨР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс профпатологы, Қарағанды медицина университетінің профессоры Айгүл Аманбекова: «Денсаулыққа зиянды, ауыр жұмыста істейтін әйелдердің денсаулығы ондай жұмыстарда істеуге келмейді», – деп санайды.

Ауыр, денсаулыққа зиянды орындарда жұмыс істейтін ер болсын, әйел болсын зейнетке шығу жасын төмендету қажет. Зейнет жасындағы адамдардың мұндай жұмысты істеуге денсаулығы келмейді. Мұнда кәсіби аурулардан бөлек, созылмалы түрлі аурулар пайда болады. Жалпы, егде жастағы адамның назар аударуы, зейіні, жұмыс өнімділігі төмендейді. Біз бұл мәселені бұрыннан айтып келеміз, – дейді профессор.

Сенатор Дана Нұржігіт: «Қазақстандық әйелдердің жұмысы мен өмірін әлемдік стандарттармен өлшеуге болмайды», – деген пікірде. Мысалы, Еуропа елдерінде зейнетке шығу жасы – 67, Жапонияда – 65. Ол жақтарда зейнеткерлер саны едәуір көп әрі өмір сүру ұзақтығы да бізбен салыстырғанда артық. Қазіргі қолданыстағы заңнамада қазақстандық әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жас деп есептелген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 70 жасқа төмендеді. Оның үстіне, пандемияға байланысты елімізде өлім-жітім 22%-ға өсіп, әсіресе, қарттардың қатары сиреп қалғаны белгілі. Одан бөлек, сенатордың айтуынша, әйелдер үшін белгіленген зейнет жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді.

Бүгінгі заңнамаға сәйкес, жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз. Қазір Қазақстанда 453,1 мыңға жуық жұмыссыз адам бар. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағы 9 262 адам жұмыс іздеп жүр және оларға жыл сайынғы жоғары оқу орындарының түлектері қосылады. Олар да әрдайым уақтылы жұмыс таба алмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз дегеніміз рас болса, ендігі жерде бұл мәселені жылы жауып, қарап отырғанымыз дұрыс болмайды, – деді сенатор. Жалпы, бұл мәселені Үкіметте, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де білмейді емес, біледі. Себебі, бұл халықтың депутаттардан ең көп сұрап, өтініш білдеретін мәселесі екен. Олай болса, мемлекет бұл мәселені неше шеше алмай отыр? Жылда қарастырудан әрі аспай келеді. Оның себебін белгілі экономист ғалым, сарапшы Сапарбай Жобаев айтты. Сарапшының пікірінше, мемлекет зейнетке шығу жасын ұлғайтуға мәжбүр.

Менің пікірім көпшілікке ұнамас, бірақ, дәл қазіргі уақытта немесе одан кейін елімізде зейнет жасын төмендетуге мүмкіндік жоқ. Олай істесек, елдің инвестициялық әлеуеті төмендейді, бюджетке жүктеме түседі, қазірі алып отырған зейнетақы одан да азайып кетуі мүмкін. Себебі, бүгіннің өзінде біз 5 трлн. теңгені Ұлттық қордан алып отырмыз. Әуеліде онда 90 млрд. доллар бар еді, айналдырған он шақты жылда 35 млрд-ын жеп қойдық. Алдағы 5 жылда осылай пайдаланатын болсақ, 2025-2027 жылдары бәрібір зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді азайтуға мәжбүр боламыз. Яғни, қазір зейнетке шығу жасын ұлғайтуға мәжбүрміз. Әрине, бұл салаға реформалар қажет, – дейді Сапарбай Жобаев.

Екінші жағынан маман Қазақстанда әйел адамдардың өмір сүру орташа жасы ер адамдарға қарағанда ұзағырақ екенін алға тартады. Жалпы, ғалым бір кездері қабылданған шешімді сынға ала беру жараспайтынын алға тартты.

Кейінгі кезде әсіресе, Қаңтар оқиғасынан кейін депутаттардың хайп үшін мұндай мәселелерді қоздыра беруі дұрыс емес. 2021 жылғы республика бюджеті 15 трлн. теңге болса, оның 3,7 трлн. теңгесі әлеуметтік төлемдерге жұмсалды. Қазір Үкімет ауыр және денсаулыққа зиянды жұмыста істейтін адамдардың зейнетке шығу жасын қарастырып жатыр. Ол дұрыс, бұл салада 35 мың адам істейді десек, зейнетке 3-4 мыңы ғана шығады. Бұл бюджет үшін сондай ауыр емес. Ал, әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ге түсіру керек емес. Менің де әйелім, қыздарым, қарындасым бар, бұлай айту, әрине, қиын. Бірақ, мемлекеттің, Ұлттық қордың жағдайын ойлайтын болсақ, бұлай жасау дұрыс болмайды. Менің әйелдер – 61 жаста, ер адамдар – 63 жаста шықса деген бір ойым бар, – дейді Сапарбай Досжанұлы.

Әйелдер үшін зейнетке шығу жасын төмендету Парламент қабырғасында бірнеше мәрте қозғалса да, талқыланып бітпей жатыр. Енді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, бұл мәселе Әлеуметтік кодекс аясында қарастырылмақ. Үкімет депутаттар сауалы мен халық өтінішіне құлақ түрсе, қазақстандық аналар бейнетінің рахатын 58 жастан бастап көруі мүмкін. Аналардың үміті – Үкіметте. Ал, Үкімет қандай шешім қабылдары белгісіз.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button