Қарағанды

Қарағандының өнертапқыш оқушылары республикалық байқауда жүлдегер атанды

Шөлмектегі ғарыш, барлаушы робот, теңіз айлағын шарлауға дайын шынайы кеме жасаған қарағандылық оқушылар “Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам” Республикалық инновациялық идеялар байқауында жүлделі орындарға ие болды. Қазақстанның барлық облыстарынан 180-ге жуық қатысушы авто -, авиа- және су көлігінің, әскери, ғарыш және ауыл шаруашылығы техникасының, зымыран ғылымының, жылу және баламалы энергетиканың, құрылыстың, өнеркәсіптің қолданыстағы модельдерін техникалық құрастыру саласындағы жобаларды ұсынды.

Қарағанды облысынан тоғыз оқушы қатысып, төртеуі жүлделі орындарға ие болды. 

“Әскери техника саласындағы техникалық құрастыру” номинациясы бойынша екінші орынды Қарағанды қаласының М. Жұмабаев атындағы гимназия оқушысы Сүлеймен Хамитов алды.

Сүлеймен Хамитовтің айтуынша, осы байқауға қатысу үшін ол жаз бойы өзінің ұстазы Әділбек Бердіқожаевпен дайындалған. 

– Біздің мақсатымыз соғыс уақытында, төтенше жағдайлар мен апаттар кезінде қол жетімді материалдардан тез жиналатын барлаушы робот құру болды. Байқауға қатысу үшін мен Arduino микропроцессоры негізінде робот құрдым және оны ұялы телефон арқылы басқаратын арнайы қосымша жасадым. Мен қымбат роботтардың арзан баламасын жасауға тырыстым. Менің роботымның ең жоғары құны – 5 мың теңге. Біз бағдарламалауға баса назар аудардық. Мен жобамен әрі қарай жұмыс істегім келеді және болашақта бірінші орынға ие боламын деп үміттенемін, – деп бөлісті М. Жұмабаев атындағы гимназияның 8-сынып оқушысы Сүлеймен Хамитов.

Сондай-ақ, Н. Әбдіров атындағы ЖББМ оқушысы Ростислав Кулагин “Жылу энергетикасы, электр энергетикасы, баламалы энергетика саласындағы модельдер” санатында екінші орынға ие болды.

“Су көлігі саласындағы техникалық тораптар” номинациясы бойынша тұғырдың екінші сатысында Теміртау қаласындағы “Балалар технопаркі” балалар мен жасөспірімдерге арналған техникалық шығармашылық мектебінің оқушысы Эрик Дамер орналасты.

“Космонавтика және аэроғарыш техникасы саласындағы модельдер” санатында үшінші орында Артем Усольцев, № 15 ОМ, Қарағанды. Ол ерекше ғарыш кемесін құрастырды. Зымыранның негізі ретінде Артём 8 литрлік шөлмекті пайдаланды.

Техникалық құрастыру конкурсын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің Қосымша білім беру республикалық оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа материалдар

Back to top button