Қарағанды

Қарағандылық жазушы Елена Пономаренконың шығармасы әдеби байқауда үздік танылды

Балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс тіліндегі үздік әдеби шығарма үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқауда қарағандылық жазушы Елена Пономаренко жеңіске жетті. 

Әдеби байқау Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының ұйымдастыруымен биыл екінші рет өтті.

Байқауға қатысушылардың шығармаларын кәсіби қазылар алқасы бағалады, оның құрамына педагогтер, ғалымдар, жазушылар мен кітапханашылар кірді. Сондай-ақ, оқу әуесқойларынан тұратын балалар қазылар алқасы жұмыс істеді.

Сыйлық балалар мен жасөспірімдерге арналған “Қазақ тіліндегі үздік шығарма” және “Орыс тіліндегі үздік шығарма” номинациялары бойынша беріледі. Балалар қазылар алқасы да арнайы сыйлық тағайындады.

Алматыдан келген Мейіржан Жылқыбайдың “Менің атым Қожа. Шуақ” қазақ тіліндегі ең үздік шығарма деп танылды. Ол сондай-ақ балалар қазылар алқасының жүлдесін алды. Елена Пономаренконың “Опалённое детство” атты әңгімелер жинағы орыс тіліндегі номинацияда үздік деп танылды.

– Мен “Опалённое детство” кітабыммен жеңіске жеттім. Бұл 6 мен 13 жас аралығындағы соғыс балаларының естеліктері. Жинаққа 96 әңгіме кірді. Менің кітабым Қарағандыда өте танымал. Енді бұл туралы басқа өңірлерден келген оқырмандарға айтқым келеді, – дейді жазушы.

Елена Пономаренко балалар үшін ғана емес, ересектерге де шығармалар арнап жазады. Кітаптарды өз есебінен шағын тиражбен басып шығарады және оларды балалар үйлері мен мектепке дейінгі мекемелерге таратады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа материалдар

Back to top button