Жаңалықтар

Дегдар

ҚҰЛАҚКҮЙ

Мен Мыңжасар ағамен сұхбат құрып, сырласқан жоқпын. Кездескенім де жоқ. Ол кісі туралы Мағаш ағам (Мағауия Сембай) мен Тілеш ағамның (Тілеуқабыл Байтұрсын) аңыздай қылып толғайтын естеліктерін естігенім болмаса… Дала дегдарымен дидарласып, парасатты жанның өнер, ғылым, өмір жайлы пайымдарын өз аузынан тыңдау бақытын бұйыртпаған екен тарғыл тағдырым. Сонда да, ауыл шаруашылығы саласының іскер ұйымдастырушысы, білікті ғалым, айтулы азамат Мыңжасар Әдекенұлының өнегелі өмірі, ғибратты тағдыры мені қызыққан үстіне қызықтыра түскен. Тұғырлы тұлға туралы жазылған естелікті іздеп жүріп оқыдым. «Ол кезде Мыңжасар аға…» деп басталатын әңгіме болса, ұйып тыңдадым.

Қысқасы, ел аузында келте ғұмырын тектілікпен кемелдендіріп, бақытын адалдықпен еселеген нағыз азамат туралы аңызға бергісіз әпсана көп. Кім айтса да, кім жазса да, сағынып толғайды. Мыңжасар ағаның ептілігін емес, тектілігін жазады. Жиғанын емес, иманын ардақтайды. Өмірінің қысқалығын айтып өкінеді, сөзге ұсталығын айтып сағынады. Кім айтса да, не жазса да, бәрі – шынайы.

Кім жазбаған Мыңжасар аға туралы?! Қабырғалы қаламгер Медеу Сәрсеке балдызы болып наздана жазды. Дүкенбай Досжанов Мыңжасар аға жазған жауһар дүниелерге тамсанып, Юрий Попов қайраткер тұлғаның Қарқаралы тарихындағы орнына зер салып жазды. Мағауия Сембай ұлт руханиятына жоқшы болғанын толғап, Тілеуқабыл Байтұрсын елге жасаған еңбегін талдап жазды. Айқын Несіпбай арғы тегінен жалғасқан алтын тамырын тарата жазған…

Жасыратыны қане, кейде өмірден өткен тұлғалардың пендешілігін айтып, өз пендешілігімізді танытып қойып жатамыз. Бұл – қазақтың дерті. Ал, мен естіген әңгіме, оқыған жазбадан Мыңжасар Әдекенұлының түймедей осалдығы жайында екі ауыз сөз кездеспепті. Егіндібұлақ елі, Қарқаралы жұрты, Шет өңірінің азаматтары, нұрлы Нұраның шаруақор халқы, жалпы, Арқа атырабы Мыңжасар ағаның тек жайсаңдығын, қайсарлығын, адалдығын айтады. Тіпті, Қарқаралының қарағайларына тіл бітсе, Мыңжасар ағаның мыңға тигізген шарапатын айтар ма еді?! Балқантаудың баба мүсінді балбал тастарына тіл бітсе ше? Кербез Кенттің баурайынан да Мыңжасарын жоқтаған «Бауырым-ай!» деп күрсінген үн еститін едік. Барып көріңіз, дәл қазіргі сәуірдің сәруар сәулесімен шағылысқан Жарлы өзені Мыңжасарын сағынып, жылап ағатын секілді…

Елін емірене, жерін тебірене сүйген ұл ғана осындай құрметке лайық!

АЛТЫН ТАМЫР

Мен – кейіпкерімнің кешегісін көрмеген, тек бүгінгісі арқылы ғана болмысын танып, бояуын қанықтыруға ұмтылған автормын. Кешегісін көрмедім дейтінім, Мыңжасар ағамен сапарлас болып, сұхбат құра алмадым. Бүгінгісіне қанық болатыным – тұңғыш ұлы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серғазы Мыңжасарұлымен арадағы сырбаз сыйластық, аға-інілік қатынас. Көзкөргендер Серғазы ағаның бүкіл болмыс-бітімі әкесінен айнымай қалғанын айтады. Солай екеніне дау жоқ. Өйткені, Мыңжасар Әдекенұлы туралы шертілген сыр, айтылған әңгімедегі тектілікті мен өзі жақсы білетін Серағаның бойынан көріп, ойынан аңғарып жүрмін. «Алма ағашынан алыс түсе ме», тәйірі…

Иә, Мыңжасар аға – сөз ұстаған әулеттің ұрпағы. Өз әкесі Әдікен тауып айтар тапқырлығымен ел құрметіне бөленсе, арғы бабасы Қарпықбай – Қарқаралы дуанының аға сұлтаны болған Құсбек төренің заманында әділ билігімен елге жаққан тарихи тұлға. Ел ішінде «Ақ ұлық» атанып, өңір шежіресінде есімі қалған Қарпықбай би туралы аңыз көп. Әдікен ақсақалдан да көп сөз қалған. Қазақы қалжың, астарлы әзілге де ұста болыпты. Бірде ауылының өзінен көп кіші жастау азаматын жыға танымай: «Қай баласың?» деп сұрайды. Ауылдасы аңқылдап: «Ата, танымай қалдыңыз ба? Осыдан үш-төрт жыл бұрын біздің үйде қонақ болып едіңіз ғой» десе, Әдекең жарықтық: «Е, шырағым, қатарынан үш рет шақырмасаң, танымай қалатын әдетім бар» деп іліп түскен екен. Қарқаралы төңірегінің ақсақалдары Әдікен қарияның бір күнде неше үйден дәм татса да, бір үйде берген батасын екінші үйде қайталамайтын батагөй болғанын да айтады. Ендеше, Мыңжасар ағаның ғылымнан бөлек қалам ұстап, жазуға машықтануын, сөз ұстап, қазақтың көне тарихына жүйрік болуының себебін алыстан іздеп қажеті жоқ шығар…

Осындай алтын тамырлы азаматтың шаруашылық басқара жүріп, ғылымменайналысуы, мүлде басқа саланың маманы бола тұра, ала қағазға шұқшиып, артына «Қоштасар кездегі ойлар» атты сүбелі еңбек қалдыруын халқына деген шексіз құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі деп қабылдадым.

…Мыңжасар ағаның туған жері қасиетті Қарқаралыда жиі боламын. Әр сапардың әсері бір-біріне мүлде ұқсамайды. Кеше келген сапарымның солығы басылмай жатып, Қарқаралы баурайына, кент бөктеріне қайта барғым келіп, жолға елеңдей бастаймын. Алты қанат ақ орданың аумағындай қара тастарды қақ жарып шыққан зәулім қарағайларын айт. Осыдан үш жыл бұрынғы жазбамда, дәлірек айтсам, батыр Нұркен Әбдіровтің ғасырлық тойы қарсаңында жазған «Қаһарманды құрметтеген қайраткер» атты мақаламда Мыңжасар ағаны Қарқаралы қарағайына теңеп, бір көсілген екенмін. Сол ойымды қайталауға тура келіп тұр. Бірақ, басқа қырынан. Әлгі тасты жарып шыққан қарағайдың тамыры қанша тереңдікке кеткенін бір Аллам білсін… Ал, Мыңжасар ағамның алтын тамыры жердің арғы бетіне шығып, бүр жарып тұр. Ол – алты құрлыққа «Арглабин» дәрісімен танылған академик Серғазы Мыңжасарұлы. Ол – Мәскеуде аса ірі қаржы мекемесін басқарып отырған ғылым докторы Тоқсанғазы Мыңжасарұлы. Жаңыл шешеміздің алтын құрсағын жарып шығып, әр салада абыройлы еңбек еткен алты перзенті – Мыңжасар ағаның сонау Дешті Қыпшақтан бастау алып, Торайғыр, Сапақ, Елшен, Қарпықбай, Жабай, Әдекен болып жалғасқан алтын тамыры.

ЕЛЖАНДЫ

Мыңжасар аға үш аудан басқарды. Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарында совхоз директоры, атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, Шет ауданында ауыл шаруашылығы басқармасының екі тізгін, бір шылбырын ұстады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының қой шаруашылығы жөніндегі орынбасары болды. Осынша лауазымды һәм жауапты қызметтер тұтқасын ұстай жүріп, ғылымнан қол үзбеді. Мал азығының құнарын арттыру, жайылымдарды күту жөнінде ғылыми жұмысын сәтті тиянақтап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды.

Ең әуелі елден оқшауланбады. Қарашыл атты білетін боларсыздар. Оқша зулап келе жатқан қарашыл сәйгүлік көмбедегі бәйгеде шатағы болмай, аламанды қызықтап тұрған қалың елдің ортасына ұмтылады. Мыңжасар Әдекенұлы да лауазымының биіктігіне малданбай, қарапайымдылығынан айнымай ғұмыр кешті. Қарашыл аттай қаймананың қайнаған ортасында жүрді.

Елдің мұң-мұқтажы, аймақтың өзекті мәселесі Мыңжасар аға үшін бірінші кезекте болғанын ел айтады. Қарқаралы аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүрген шағында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болып, Қарқаралыға зооветтехникумының жаңа ғимараты, мектеп, Мәдениет үйі, жол, ауыз су мәселелерін шешуге қаржы бөлдіргенін Қарқаралы халқы ұмытқан жоқ. Нұркен совхозының директоры болып жүрген кезінде Жарлыөзеніне салған көпірі күні бүгінге дейін елге қызмет етіп тұр.

Қыстың қақаған суығында жылы кабинеттен, жаздың аптап ыстығында салқын кеңседен шықпай-ақ ел басқарған талай әкім-қараны көргенбіз. Ал, Мыңжасар аға аудан аумағында неше қыстақ болса – соның барлығында болған екен. Тіпті, қойды қыста қоздату мәселесін республика бойынша тұңғыш болып көтеріп, оның тиімділігін дәлелдеген жалғыз басшы – осы Әдекенов. Күйек алу науқанын әдеттегідей қарашада емес, қыркүйек айында өткізіп, төл төгінін ақпанда ұйымдастырған. Тиімділігі сол, ерте туған қозы мамыр айында 28-30 кг тартып, етке өткізуге дайын болады. Ал, бұл кезде қаладағы ет комбинатында кезек болмайды да, қамауда тұрмайтын қозы қоңын жоғалтпайды. Сонымен қатар, төлінен ерте ажыраған саулық ерте оңалып, қысқа күйлі түседі. Шопандар мен кейбір мал мамандарының қарсылығына қарамай, осы тәжірибені өндіріске енгізген Мыңжасар Әдекенұлының бұл бастамасының тиімділігін көрген жан бас шайқапты. Мал қораларын жылылап, жепшөп құнарына мән беріп, мемлекетке ет тапсыру жоспарын асыра орындаған аудан басшысы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Дәл осы жобаның оң нәтижесі негізінде бірқатар еңбек адамы мемлекеттік награда алып, талай шопан кезексіз автокөлік тізгіндеді.

Кандидаттық диссертациясын Шет ауданында басқарма басшысы болып жүргенінде қорғады. Ауданның шөлейтпен шектесін аумағының көптігіне қарамай, мал азығының құнарын арттыру бағытындағы ғылыми жұмысын дала зертханаларында жүргізді. Ал, «Қарғалы» қойының жаңа тұқымын шығару бойынша селекциялық жұмыстарын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жүрген кезінде атқарған. Өнім көлемі мен сапасы деген көрсеткіш – ауыл шаруашылығының басты индикаторы. Осы мәселені алға тартып, өзіне мақсат етіп алған білікті ғалым, іскер басшы бұл істе де асқан табандылық танытып, дегеніне жетті. Нұра ауданының «Изенді», «Амантау», «Балықтыкөл» шаруашылықтарында тәжірибе жасай жүріп, биязы жүнді «Қарғалы» қойының жаңа тұқымын шығарды. Көп жылдық селекциялық жұмыстары патентпен қорғалып, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық Ғылымдар Академиясының баспасынан Мыңжасар Әдекеновтің «Ұяң жүнді Қарғалы қойлары» атты 162 беттік монография болып шықты. Қазір «Қарғалы» қойының сол тұқымы «Изенді» ауылындағы «Отқанжар» ЖШС-інде өсіріледі. Шаруашылық басшысы Қанат Отарбаев Мыңжасар ағамен әріптес болған күндерін еске ала отырып, сұңғыла басшының көрегендігіне ерекше тоқталады.

– «Қарғалы» қойының түбітке бергісіз биязы жүнінің тоқыма өнеркәсібі үшін таптырмас шикізат екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген ғалым ағамыздың табандылығына тәнтімін. Күйек алу, төл алу, қозыны енесінен бөлу жұмыстарының барлығын тікелей өзі бақылауға алып, науқан кездерінде ортамыздан табылатын. Әттең, сол Мыңжасар ағамыздың ерен еңбегімен жасалған жоба, ашылған жаңалық зая кеткендей. «Қарғалы» қойының биязы жүні қорамызда тау-тау болып үйіліпжатқанын көргенде, жүрегіміз сыздайды. Ал, Мыңжасар аға болса, жібектей жүнді кәдеге жаратудың бір амалын табар еді, – дейді Қанат Жариясұлы.

…Жылдың төрт мезгілінде де ел ішінен, шаруа басынан табылып, идеядан нәтижеге дейінгі қарбалас шақты өзі бақылап, өзі атсалысып, шалғай ауылдағы шопанмен бірге бейнет кешетін басшыны Елжанды демей, кім деуге болады?! Кеудесінде жарқыраған Еңбек Қызыл Ту, үш «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медаль, артында қалған 20-дан астам ғылыми еңбек пен 3 монография, танымдық публицистика жанрындағы «Қоштасар кездегі ойлар» атты кітабы – жылдар бойы еткен еңбек, төккен тердің өтеуі. Халық жүрегінен мәңгілік орын алып, тағдырдан тарихқа айналған алып тұлғаның есімі бір кезде өзі үздік бітірген (ол кезде Қарқаралы зооветтехникумы болатын) Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжіне берілді. Елін елжірей сүйген елжанды азаматқа деген халқының құрметі осылай жалғасып жатыр. Адал еңбек мәңгіліктің кепілі екен…

ҚОСБАСАР

Әпсанамның әлқиссасын «Құлақкүй» деп алып, қазақтай ұлы халықтың мұңдасы һәм сырласы болған киелі домбыраның бабына жақындатуымның өзіндік себебі бар. Мыңжасар ағаның пешенесіне бұйырған 73 жас ғұмыры – шыңыраудан толғайтын күй сарындас соқпақ. Құлақкүйі келіскен, тиегі түзу, шанағына шаң тұрмас, пернесіне шешендік ұялаған домбырадан шертілген күйде құдірет болмай ма? Сол құдіреттің өзі – Мыңжасар ағаның ғибратты ғұмыры.

Күй күмбезі Тәттімбеттің сан алуан «Қосбасарындай» Мыңжасар ағаның да өз «Қосбасары» бар. Бір басары – елге жасаған еңбегі, екінші басары – артында қалған мұрасы. Ғылымдағы, сөз өнеріндегі асыл қазынасы. Сөзуар емес, шешен болған. Шекпеншіл емес, шежірешіл болған. Халық шаруашылығын өркендетудегі еңбегі – өз алдына. Ұлт руханиятының жоқшысындай болған еңбегі де – таудай.

Мыңжасар Әдекеновтің өзі өмірден өткеннен кейін (2006 жылы) «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Қоштасар кездегі ойлар» атты еңбегін оқып көріңіз. Өз тағдырынан бастап, ұлттық дүниетанымның тамырына терең бойлайды. Кешегі ұраншыл Кеңес дәуіріндегі құбыласы Мәскеу, қағбасы Кремль болған жүйенің құдайсыздық приципіне былғанбаған, марксизм ілімі мен Ислам ілімінің ара-жігін ажырата білген парасатты жанның ой толғауы. Қасиетті Құран Кәрімді өз таным, өз талғамымен тәпсірлеп, оның аяттары мен Пайғамбар хадистерінің тәрбиелік мәнін ашуға ұмтылыс танытуы еріксіз бас шайқатады. Ауыл шаруашылығы саласы маманының әл-Фараби мұрасын талдап, Ақжан әл-Машани еңбегін дәріптеуі – сирек құбылыс. Дәл осындай сан қырлы қасиет атақты академик Ебіней Бөкетовтің бойында болғанын жақсы білеміз. Химиктің көркем аудармамен айналысып, көсемсөз саласында көсіле қалам сілтеуін Ебіней Арыстанұлынан көрген қазақ қарапайым зоотехниктің діни тақырыпта терең толғап, тебірене жазғанын да көрді. Оқыды, ой түйді. Міне, Мыңжасар ағаның дегдарлығы!

Кітапта қоғамның дерті бар. Өзінің серті бар. Тәуелсіздіктің құндылығын бағалайды, асыл дініміздің қасиетін саралайды. Жан жары Жаңыл Доскейқызының жарқын бейнесін жарқыратып, ел мен жердің тағдырын толғайды. Не керек, біздің дәл бүгінгі дімкәс қоғамның ем-шипасы – Мыңжасар аға кітабында.

…Үлкен Әдекенов жайлы бұрынырақ жазылған бір мақаламды былай түйіндеппін:

«…Жарлының бойы. Директор Әдекенов малдас құрып, дала төсінде тыныстап отыр. Кәстөмін желбегей жамылып алған. Қолында – бір түп жусан. Құмарлана иіскейді. Осыдан сан ғасыр бұрын Бейбарыс Сұлтан бабасының сағынышына айналған Арқа жусаны. Мысырды билеп, әлемнің мысын басқан Бейбарыстың аңсары ауған қызыл жусан. Сол Бейбарыс бабаның ұрпағы Мыңжасар Әдекенов қолындағы бір түп жусанды құмары қанғанша иіскеді де, мектепте оқитын ұлы Серғазыға ұстатып жатты. Кітапқа үйір, ғылым-білімге сергек Серғазының болашақта академик атанып, осы жусаннан обырға шипа болар дәрі ойлап табатынын сезді ме екен?! Сезді. Өйткені, әкенің қолындағы жай ғана жусан емес, ұлына арқалатқан қастерлі аманат еді».

Сол түйінім бүгінгі «Қосбасардың» соңғы қағысына дөп келіп тұр екен.

…Қаламымды қаңтарар алдында ұялы телефонымнан дала дәулескері Тәттімбеттің «Қосбасарын» тыңдадым. Арқаның дегдар ұлы, абыройлы азаматы Мыңжасар Әдекеновтің тағылымды тағдырымен, таза жүрегімен ғажап үндесіп, бебеулейді.

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button