Қарағанды облыстық мұражайында алғаш рет республикалық көрме өтуде

Қарағандыда алғаш рет Қазақстан мұражайлары қорынан «Өткен мен болашақ арасында» республикалық экспонаттар көрмесі, сондай-ақ «Мұражай педагогикасы: дәстүрлер мен инновациялар» атты халықаралық семинар-тренинг өтті. Бұл іс-шаралар Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 90 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Келушілердің назарына еліміздің 18 мұражайынан 117 жәдігер ұсынылды.

– Бұл жай ғана жәдігерлердің ғана емес, облыстық мұражайлардың ең бірегей көрмесі. Олардың әрқайсысы тарихқа куә болған археологияның, этнографияның, қолданбалы өнердің ең сирек кездесетін 5–6 экспонатын алып келді. Мұндай республикалық көрме Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр, – деп атап өтті Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов.

Сонымен, ҚР Ұлттық мұражайы еліміздің әр өңірінен табылған Алтын адамның әшекейлерін ұсынды. Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі Амангелді Имановтың домбырасын алып келді. Жангелдин мұражай кешені көрмеге келушілерге 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағымен таныстырады.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражай қоры бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Ғаббасов өз мұражайының экспонаттары туралы айтып берді:

– Ақтөбе батырлар мекені болып саналады, біз қайта қалыпқа келтірілген Қобылан-батыр мүсінін әкелдік. Сондай-ақ, әйгілі Есет-батыр, Арынғазы ханның сауыт-саймандарын көруге болады, сондай-ақ тұрмыстық заттар: табақ, ожау, қымызшара – мұның бәрі түпнұсқалар. Әбілқайыр хан сақинасының көшірмесі де бар.

Сондай-ақ мұражайда «Мұражай педагогикасы: дәстүрлер мен инновациялар» атты семинар-тренинг өтті. Оған Ресей мен Қазақстан мұражайларының қызметкерлері, Қарағанды ғалымдары қатысты. Қалпына келтіруші археологтар шеберлік сабақтарын өткізді.

Мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетовтің айтуынша, мұражай тек тарих қоймасы ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу орталығы, коммуникация орталығы. Мұнда барлығы жинақталған: тарих, білім, туризм.

Мұны конференция қонағы Людмила Шляхтина, доцент, п. ғ. к., Ресей Федерациясының Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, Халықаралық музеология комитетінің (ИКОФОМ) және ЮНЕСКО-ның Халықаралық мұражайлар кеңесінің (ИКОМ) мүшесі атап өтті. Ол «Қазіргі әлемдегі мұражайлардың миссиясы» атты баяндама жасады.   

– Бүгінде мұражай бар нәрсені – мәңгілікке, орындалмағанды – жүзеге асыруға арналған, – дейді Людмила Шляхтина.

Ortalyq.kz