Бас тақырып

БІР САУСАҒЫН БҮККЕН БҰҚПА Үш үйдің тағдыры беймәлім

Ел арасында желдей ескен алыпқашпа әңгімеде есеп жоқ. Университет көшесіндегі №№78/11, 78/15, 78/19 үйлерге де қатысты пыш-пыш өсек қалың. Ұзынқұлаққа сенсек, «үш үй сүріледі-мыс». Үшеуіне су кіріп, тұрғындары көшірілген-ді. Кеше барып көрдік, жертөле құрғапты. Бірақ, әзірге, пәтер қожайындарының қайта келуіне рұқсат жоқ.

Қазір Қарағандыда тасқынның беті қайтты. Тек, құтқарушылар мен коммуналшылар қаланың кейбір тұсында су сору, тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ізін ала сарапшылар іске кіріспек. Қарғыннан келген шығынды шотқа қағуы тиіс… Университет көшесіндегі әлгі үш үйде де сараптау жұмыстары басталыпты. Бірден айтайық, үшеуінің келешегі әлі беймәлім…

Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова үйлерге қатысты тексеру шаралары басталғанын айтты.

Тексеру қорытындысына сәйкес, шешім қабылданады. Егер, комиссия оң шешім берсе, тұрғындар бірден үйлеріне оралады, – деді баспасөз хатшысы.

Бұл үйлер 2018 жылы ел игілігіне берілді. Бұқпа өзенін жағалай салынды. Қалаға қарғын лап бергенде арнасынан асқан өзен үйлерге жайылды.

Ел басына күн туғанда облыс әкімі Жеңіс Қасымбек оқиға орнына арнайы барды. Ешкім далада қалмайтынын қадап айтты.

Кеше Қазақстан көпсалалы реконструкция және даму институты үш үйдің жағдайын зерттеуге кірісті. Институт директоры Жұмағұл Нугужинов ахуалға толық баға беруде санация жобасын зерделеу маңызды екенін атап өтті.

– Біз ғимараттардың іргетасының, тірек бағаналарының, қабырғаларының жағдайына баға береміз. Егер, ғимарат қисайып, немесе қабырғалары жарылып тұрса, қауіп туралы шешім шығарамыз. Үйлер өзенге жақын салынған. Мұндай кезде тиісті санациялық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Судың арнасын өзгерту немесе су өткізетін жүйелер тұрғызылуы міндетті. Әзірге, санациялық жоба қолымызға түспей отыр. Оған дейін нақты ештеңе айта алмайтыным ақиқат, – деді Жұмағұл Смағұлұлы.

Электронды картадан қарасаңыз, Бұқпа өзені осы үш үйдің тұсына келгенде жерге сіңеді. Алыстап барып қайта көрсетілген. Яғни, өзен үсті үй маңында топырақпен жабылыпты.

Жергілікті тұрғындарды да үйлердің Бұқпа өзеніне тым жақын салынғаны алаңдатады. Серік есімді азамат өзен арнасына қажетті көлемдегі сақиналар қойылғанына күмәнмен қарайды.

– Өткенде қала әкімдігінен өкілдер келді. Лауазымы, аты-жөні есімде қалмапты. Сол жігіт «су оңай өтуі үшін арнаға 4 сақина қою керек еді, мұнда біреу ғана тұр екен» деді. Рас-өтірігін білмедім. Ол үшін ашып, тексеру қажет, – дейді Серік.

Бізді су қорғау белдеулерінде құрылыс жүргізу талаптары қызықтырды. Заңнаманы ашып қарадық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу туралы қағидаларында» мәселе ашып айтылған. Яғни, су обьектісінен ені кемі 35 метр болатын аумақ су қорғау белдеуіне жатады. Бұл аумақта шаруашылық жүргізуді жергілікті атқарушы орган су мәселесіне жауапты, қоршаған ортаны қорғау мекемелерімен келісе отырып белгілейді. Осы мақсатта тиісті жобалық құжаттамалар түзілуі қажет. Санациялық жоба да қажетті құжаттар қатарына енеді.

Біз көрген №78/11 үйдің артында өзен беті ашық жатыр. Плитасы тайып түскен. Арнадан үй іргетасына дейінгі қашықтықты 7-8 метр деп өлшедік. «Демек, бұл жерде міндетті түрде санациялық шаралар атқарылуы қажет» деген ой түйдік. Жұмағұл Смағұлұлының да күтіп отырғаны сол құжат.

Бір қарағанда, қарс айырылып, қақырап тұрған тұрған қабырға көрмедік. Бірақ, үйлердің қабырғаларында сызат бар. Бұл сызаттардың құрылыс кезінде немесе тасқын салдарынан пайда болғанын комиссия анықтайды…

Тағы бір таң қалдырғаны, жертөле болды. №78/15 үйде жертөле жоқ десек, өтірікші демеңіз. Жағдайды көрмек үшін үй астына түспек едік. Тереңдігі жарты метрлік шұңқырда жербауырлап қана жүре алатынымызды байқап, ойымыздан айныдық. «Қарағанды қызмет» басқару компаниясының директоры Тұрсын Мықтыбаев жертөлені алғаш көргенде мердігердің де, ғимаратты қабылдап алған комиссияның да шешіміне таң болғанын жасырмады.

– Биіктігі жарты метрлік жертөледе жұмыс істеу мүмкін емес. Сантехник, слесарлар әрең сыяды. Еңбектеп жүрмесе, қозғала алмайды. Мердігер Сергей Козаревке де, оны қабылдап алған комиссияға да айтар сөзім таусылды, – деген директор қазір бұл үйде жылу да, жарық та жоғын айтты.

Кеше екі үйге электр қуаты, жылу берілді. Тек, №78/15 үй мақұрым қалды. Себебі, төтенше жағдай қызметінің техникасы батпаққа батып, жер астындағы кабельді үзіп, құбырды сындырып кетіпті. Бір қуанары, айыптылар қиратқанын түзеп беруге уәде еткен.

Бұдан бұрынырақ облыс әкімінің баспасөз қызметі үш үйдің халқы туыстарына, кейбірі қонақүйге орналастырылғанын айтты. Сол дүйім ел комиссияның шешімін күтіп отыр. Комиссия құп көрсе, өз шаңырақтарына қайтып оралуға бейіл. Біреудің босағасында отырған оңай ма?! Бірақ, үрей де барын жасырмайық. Іргедегі Бұқпа әлі де бір саусағын ішіне бүгіп жатқандай…

Үш үйдің тағдырын «Орталық Қазақстан» назарында ұстайды.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ. 

СУРЕТТЕРДЕ: Университет көшесіндегі үш үй.

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button