Жаңалықтар

Балалар жарақаты күрт өсті

Дәрігерлер дабыл қағуда. Соңғы 1,5-2 аптада жарақат алушылар қатары күрт өскен. Және оның көпшілігі – балалар. Мәселен, екі күн бұрын ғана Қарағанды қаласында екі жасар бала бесінші қабаттағы терезеден құлады. Аяқ-қолы сынып, бас сүйек жарақатын алды. Мамандар баланың денсаулығы жайлы ештеңе айта алмай отыр. Бұл – жыл сайын қайталанатын оқиға. Өкінішке қарай, олар көбеймесе, азаяр емес.

– Егер қаңтардан бастап наурыздың соңына дейін күн сайын облыс бойынша орташа есеппен 330-340 адам жарақат алса, қазір тәулігіне 430-450 адам жарақаттанады, – дейді облыстағы травматологиялық қызмет бойынша ситуациялық орталықтың басшысы Ерік Шонбаев.

– Алған жарақаттың ауырлық деңгейі де, жасы да өзгеруде. Мәселен, осыған дейін жарақаттану 19-45 жас аралығындағы адамдарда жиі болса, қазір балалардың арасында көп. Тұрмыстық жағдайда, далада құлап қалып алған жарақаттан бөлек, терезеден құлау, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақат көбеюде. Маманның айтуынша, жол апаттарының себебі бар. Әуелі жол жүру жылдамдығы режимін сақтамау, мас күйінде көлік жүргізу, сақтық белдіктері мен балаларға арналған орындықтарды пайдаланбау және жолаушылардың да тиісті ережені сақтамауы ауыр салдарға алып келуі мүмкін. – Бұл мәселенің шешімі жоқ сияқты. Қарағанды облысында жол апаттары мәселесі өзгеріссіз тұр. Дегенмен, біз соңғы жылдары жол апаттарынан болатын өлім-жітімді 30%-ға азайттық. Бұл – төтенше жағдайлар департаменті мамандарының, жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби жұмысының нәтижесінде қол жеткізген жетістік. Алайда, адамдардың бейқамдығы, кейбір әрекеті немесе әрекетсіздігі нәтижесі қорқынышты болуы мүмкін. Жол-көлік оқиғасындағы адамның аяқ-қолы сынғаннан бөлек, ішкі ағзалардың зақымдалуы көп кездеседі. Мұнда адам жарты не бір жылға дейін қалыпты өмірінен айырылып қалады. Кейде мүгедек болып, тіпті, ажал құшуы мүмкін, – дейді травматолог.

Күн жылынып, көпшілік терезе аша бастайды. Баланың терезеден құлау жағдайлары да осы кезеңде көбейеді. – Неге құлайды? Жауабы қарапайым – терезедегі шыбын-шіркейге арналған торлар. Торға сүйенемін немесе содан ұстаймын деген балалар жерге құлайды. Оның алдын алу шешімі де оңай, терезе ашылмау үшін арнайы блок қою немесе құлып орнату. Қазір құлыптар 5 мың теңге шамасында. Сіздің балаңыздың өмірі мен денсаулығының құны үшін 5 мың теңге көп емес, – деп ойымен бөлісті.

Балаға келер қауіп бұл ғана емес. Ит қабу фактілері көбейді. Тұрақты жүргізілетін мониторинг нәтижелері мұндай жағдайлар әдетте жеке үйлерде орын алатынын көрсетеді. Байлаулы тұрған ит шешіліп кетеді немесе бала білместіктен өзі барады. «Үйінде иттері бар адамдар балалар барған уақытта сақтық танытқандары дұрыс», – дейді маман.

Жазым деген аяқ асты. Жақында 62 жасар қала тұрғыны түнгі 23.00-де ағаш кесемін деп, қолына «болгарка» қадалып қалыпты. Дәрігер мұны да «қалыпты» жағдай деп отыр.

– Сәуір-мамыр, қыркүйек-қазан кезінде отын-су дайындайтын шақта тұрғындар металға арналған дискілі болгаркамен ағаш кеседі. Қажетті дискіні ауыстырып салуға еріне ме, белгісіз, бірақ, оның салдарын жыл сайын көріп жүрміз. Жүзі сынып, адамның қолын кесіп кетеді не жұлып кетеді. Қарағанды қаласы бойынша аптасына 1-2 осындай жағдай міндетті түрде орын алады. Белгілі мерзімге қарай қандай жағдай орын алатынын болжап отырасың. Әрине, ондай болғанын қаламайсың. Бірақ, солай болады. Себебі, адамдардың көпшілігі қауіпсіздік техникасын сақтамайды,– деді дәрігер. Травматолог осы сала мамандарының тынымсыз еңбегін де сөз етті. Жоспарлы операциялардан бөлек, шұғыл оталардың көбеюі дәрігерлерге айтарлықтай салмақ салады.

– Қарағанды облысының травматолог дәрігерлері тәулік бойы жұмыс істеуде. Х.Мақажанов атындағы клиникада күніне 20-30 шұғыл ота жасалады. Жезқазғанда, Балқаш пен Теміртауда, Қарағанды қаласының №1 көпбейінді ауруханасында күніне бірнеше ота жасалады. Мұнымен ауруды емдегенше, алдын алған оңай екенін айтқым келеді. Әрбір әрекеттің салдары болады. Денсаулық сақтау жүйесі, төтенше жағдайлар департаменті мұндай оқиғалардың алдын ала алмайды. Біз тек салдарымен ғана күресеміз. Оның алдын алу ата-ананың қолында. Баланың жанында тапжылмай отыра алмасымыз белгілі. Бірақ, сол уақытта оған қауіпсіздікті қамтамасыз ету – міндетіміз. Себебі, балалар ата-ананың жауапкершілігінде, – деген маман сөзі ой саларлық.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button