Қарағанды

Дала дастархан жайған күн

Қарағандылықтар қарық болды. Нағыз соғымның шағында облыс орталығындағы «Глобал Сити» сауда алаңында өткен жәрмеңкеде ел малды бүтіндей сатып алып жатты. Сапасы көңілге қонымды, бағасын қалта көтереді. Жәрмеңкеге 7 аудан мен Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты.

Сауда таңсәріден қызып, әр сатушының алдында ұзын-сонар кезек көрініс тапты. Ауылдан артынып-тартынып келген тауар өндірушілер тұтынушыларға қолайлы баға ұсынды. Қалтаны қақпайтын, шығынды ақтайтын сауданың көрігі қызған.

Жәрмеңкеге келген жұрт өңменнен өткен күздің қара суығына да қарар емес. Талғамына қарай таңдап, керегін алуда. Саудаланған өнімнен саудаласқан халық көп. Қыстың қытымыр болатынын ескерсе керек, қазының елісіне, еттің майына қарап сатып алып жатқандар қарасы қалың. Пияз бен сәбіз, қырыққабат та қап-қабымен кетіп жатыр.

Жылқы қазысы – 3500 теңге, сиыр еті – 2000 теңге, құс еті – 1000-2700 теңгеден саудаланды. Халық сұранысына ие болған жұмыртқа санатына қарай 250-370 теңгеден, сарымай – 4000 теңге, картоп – 100 теңге, сәбіз бен қырыққабат – 80 теңге. Нарықтағы бағадан 10-15%-ға төмен. Жәрмеңкеде барлығы 384 тонна өнім сатылды. Оның ішінде, 59 тонна ет, 220 тонна картоп, 50 тонна көкөніс, 17 тонна сүт өнімдері, 7 тонна балық және балық өнімдері, 150 мың дана тауық жұмыртқа сатылды.

– Бұл – қырыққабаттың «Слава» сорты. 6 тонна әкелдік. Бірінші көліктегі өнім таусылуға айналды. Келісі – 80 теңгеден. Өтімі жақсы, – дейді Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылының тұрғыны Төлеген Мелдебеков. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер төмендетілген бағамен саты жатқандықтан, қала халқынан сұраныс бар. Әрі бұл халық тұтынатын негізгі тауарлар бағасын ұстап тұруға, яғни бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді.

– Жәрмеңкенің боларын естіп, азаннан келдім. «Қыс шанаңды жаз сайла» дейтін халықпыз. Бағасы дүкен сөрелеріндегі тауар бағасынан әлдеқайда төмен. Әр өткен жәрмеңкесіне келіп, біраз қысқы азықты жинап алдым. Тек, сүт өнімдері, оның ішінде сары май мен құрттың бағасы қымбаттау. Әйтсе де бұған да рақмет, – дейді көк дорбасын қомпайтып алып, аялдамаға асыға басып бара жатқан Сарқыт Баймолдина.

Күзгі жәрмеңкенің қызығы – саудасында ғана емес, молшылығы мен берекесінде. Қала дала дастарқанынан дәм татып, ауыл көшіп келгендей мәре-сәре болды да қалды. Осымен, қала халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз еткен күзгі жәрмеңкенің маусымы аяқталды.

Сағыныш ӘБІЛ

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Басқа материалдар

Back to top button