Өрт құрсауындағы Қостанай: елдік көрсету – парыз
Алаштың рухани көсемі Ахаңның тойы дүбір қағар тұста, қостанайлық ағайынды қос бүйірден өрт қысты. Апаттың айтып келмейтіні – осы. Қызыл жалын алапаты Қазақ елін абдыратып тастады. Әп-сәтте ақ. Кейінгі мәліметке сүйенсек, өрт аумағы 43 мың гектардан асқан. Ал, жалпы орман алқабының аумағы – 107 257 гектарды құрайды. Жалын жартысын шарпыған. Мұнымен қоса, ауылдағы ағайынды да айналып өтпеді. Бірнеше үй отқа оранды. Осындай сәтте көңілге демеу болатыны, Қостанай халқына еліміз жұмыла кірісіп, қолдау көрсетіп жатыр. Оның ішінде, қарағандылық жұртшылықтың ынта-ықыласы тәубе дейік, зор болып тұр… Сонымен, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қостанай облысына барып, өрт жалмаған Әулиекөл ауданындағы аумақты тікұшақпен аралап шықты. Президент өңір халқымен кездесіп, бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып беретінін жеткізді.
Тілсіз жаудан Әулиекөл ауданы, Аманқарағай, Лесное, Озерное мен Калинино ауылының 1841 тұрғыны эвакуацияланды. 10 адам зардап шегіп, 1 адам көз жұмды. Қазір 4 адам дәрігерлердің қарауында ауруханада жатыр. Ал, тағы 6 адам дәрігерлердің тексеруінен кейін өз үйлеріне жіберілген. Желдің күшеюіне байланысты орман өрті Бағаналы ауылына да қауіп төндіріп тұр. Тұрғындар Қазанбасы ауылына көшірілді.
Ал, Люблинка және Аманқарағай ауылында 12 сиыр, 118 шошқа және 261 құс қырылып қалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының зардап шеккен егістік учаскелері де бар. Қарабалық ауданында 17 га егін алқабы өртенді. Меңдіқара ауданында 1 га дәнді дақылдарды да от шарпып өтті. Өртенген дақылдың көлемі нақтыланып жатыр.
Торғай төңірегінде жұртшылыққа осындай сынақ түскен сәтте, елдік көрсету бізге парыз екені анық. Қазақ елінің жер-жерінен көмек шаралары қолға алынып жатыр. Оның ішінде, қарағандылықтар белсене кірісуде. Қарағанды облысының барлық қала мен ауданында гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылды. Шараны AMANAT партиясы ұйымдастырып отыр. Жәрдем ретінде тез бұзылмайтын тамақ өнімдері, гигиена құралдары, киім-кешектер, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары қабылданып жатыр.
– Біз жексенбі күні сағат 9-да пункттер аштық, ал 10-да алғашқы көмек келіп түсті, – дейді Jas Otan жастар қанатының Қарағанды облысы бойынша филиал жетекшісі Ержан Хамитов. – Армян диаспорасының өкілдері арнайы құрылған шотқа миллион теңге аударды. ҚР еңбек сіңірген, әнші Меруеш Башай өз дүкенінен 500 мың теңгенің киім-кешегін тапсырды. Біздің аймақта қайырымды тұрғындар өте көп. Адамдар қажетті заттарды әкеліп жатыр, ақша аударып, қолдарынан келген көмектерін аямай жатыр.
Басқа да ел өздерінің қолдарынан келгенше қол ұшын созуда. Көбіне киім-кешек, төсек-орын жабдықтарын тапсырып жатыр екен. Қаржылай да қолдау білдіріп жатқан тұрғындар, кәсіпкерлер де бар. Сонымен қатар, Қарағандының барлық мешіт жамағаты да сауапты іске атсалысып жатыр.
Үйлері тілсіз жаудың құрсауында қалған отбасыларға Halyk Bankтен 1 млн. теңге береді. Онымен қоса, банк басшылығы кредиттерін толық жабу туралы шешім қабылдапты. «Kaspi» банкі де кредиттерін кешірмекші. Және шығынға ұшыраған кәсіпкерлердің бизнесіне қаржы құю керектігі де айтылды. Ауыл шаруашылық саласындағы залал келтірілген шаруаларды да қолдау қажеттігі айтылды. Үкімет басшысы 91 жаңа баспана салуды тапсырды. Жалпы, барлығы 91 тұрғын үй зардап шекті: Аманқарағай ауылында 85 және Озерный ауылында 6 үй.
Оның мерзімін ұзартпау жөнінде және сапалы етіп салу керектігін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі ахуалдың бақылауда екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев болған жағдайдан тиісті сабақ алу қажет екенін атап өтіп, өртті толық әрі жылдам ауыздықтау үшін шұғыл әрекет ету штабына барлық ведомствоның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.
«Зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатыр. Көмек көрсетілетініне ешқандай күмән болмауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өрттің шығу себебін анықтау қажет екеніне назар аударды. Сонымен қоса, орман алқабын қайта қалпына келтіру үшін кешенді шаралар әзірлеп, алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамымен, сондай-ақ өртті ауыздықтауға тартылған еріктілермен кездесті. Төтенше жағдайды жоюға атсалысқан барлық азаматтың жасаған ерлігі үшін алғыс білдіріп, олар наградалар мен сыйлықтарға ұсынылатынын да айтты.
Қостанайдағы қызыл жалынмен арпалыс әлі жүріп жатыр. Өртті сөндіруге 224 техника, 7 әуе кемесі (ТЖМ – 4 тікұшақ, Қазавиалесохран – 1 АН-2 ұшақ, МО – 2 тікұшақ), 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 2193 адам мен құралдар жұмылдырылды. ТЖМ – 82 техника, жеке құрамның 418 адамы, 4 тікұшақ суағар құрылғыларымен (Нұр-Сұлтан қ., Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖД, ә/б 52859 (Қарағанды қ.)); ІІМ – 61 техника, жеке құрамның 1000 адамы; ҚМ – 1 техника, жеке құрамнан 175 адам, суағар құрылғыларымен 2 тікұшақ; ЭГТРМ (РМҚК «Казавиаорманкүзеті» және Орман шаруашылығы) – 42 техника, 118 адам, 1 әуе кемесі; ЖАО – 38 техника, 123 адам; ЕӨҚ, еріктілер – 338 адам; «ҚТЖ» АҚ – 5 өрт сөндіру пойызы, 21 адам. Өртті сөндіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ІІМ жеке құрамынан қосымша 300 адам жұмылдырылды.
Қасымхан ҒАЛЫМ.