«Ұрпақтар келісімшарты» өтініш қабылдайды

Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға өтінімдер қабылдау туралы хабарлайды. Биыл аталмыш бағдарлама бойынша 34 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Жобада бір жылдан астам уақыт жұмыс істейтін, жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және үнемі салық және басқа да әлеуметтік төлемдер жасайтын барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қамтылады.

«Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы іске асырылуда. Жұмыс беруші жұмыссыздардың жалақысын субсидиялай отырып, оларды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орнын құрады. Жұмыс уақытша сипатта болады, жоба бойынша қатысу мерзімі 6 айдан аспайды. «Ұрпақтар келісімшарты» 29 жастан аспаған екі жыл бұрын оқуды аяқтаған жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектеріне арналған», – деп хабарлады Қарағанды қаласының ХЖҚО.

Жұмыс беруші электрондық еңбек биржасындағы «жеке кабинет» арқылы Жұмыспен қамту орталығына 1 қарашаға дейінгі мерзімде кезекті қаржы жылына әлеуметтік жұмыс орындарын құруға электрондық өтінім береді.

Жұмыспен қамту орталығы бекіту үшін жұмыс берушілердің бірыңғай тізбесін қалыптастырады. Жұмыс берушілердің тізімі күнтізбелік жыл ішінде қажеттілігіне қарай жаңартылады. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің тізбесін бекіткеннен кейін әрбір өтінім бойынша «Еңбек нарығы» ААЖ енгізеді.

Жұмысқа орналасу үшін үміткер жұмыспен қамту орталығына жеке басын куәландыратын құжатты, білімі туралы құжатқа (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді растайтын) сәйкес еңбек қызметін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, нысан бойынша өтініш береді.

Үміткер жұмыспен қамту орталығынан жолдама алған күннен бастап 5 күн ішінде жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жұмыс берушіге жүгінеді.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнеткер жасына жеткенге дейін 6 айдан аз уақыт қалған тәлімгер бекітіледі. Бұл ретте жобаның өту кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. «Ұрпақтар келісімшарты» аяқталғаннан кейін қатысушы өзінің тәлімгерінің орнына жұмысқа орналасады.

Жобаға қатысу мерзімі 6 айдан аспайды, жобаға қатысушылар үшін айына субсидия (жалақы) мөлшері кемінде 30 АЕК-ті құрайды. Орындалатын жұмыстың көлемі мен күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақы белгілейді.

Өтінімді Enbek.kz порталы арқылы онлайн беруге болады.

Толық ақпаратты Қарағанды қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығынан білуге болады, ол Бұқар жырау даңғылы, 51/4 мекенжайы бойынша орналасқан.

Анықтама телефондары: 996-394, 8-775-644-35-80 (Whatsapp).