Бас тақырыпБілім

Жаңа оқу жылының жаңалықтары қандай?

Бүгін – Білім күні, жаңа оқу жылының алғашқы күні. Осы күні облыс бойынша 170 мыңға жуық бала оқуға оралды. Оның 17 мыңға жуығы 1-сыныпқа баратын балалар. Реформадан қорықпайтын министрліктің өзі екіге бөлініп, екі бағыттағы ведомствоға айналуы – жаңалықтың үлкені. Оқу-ағарту министрлігінің биылғы оқу жылында өзгерткені көп. Сонымен балалар мен ата-аналарды не күтіп тұр?

Жаңа оқу жылы
фото: Ашық дереккөз

ОҚУ ҰЗАРДЫ, ДЕМАЛЫС ҚЫСҚАРДЫ

Бұл оқу жылының негізгі жаңалығы осы болар. Балалар енді 25 мамырды емес, 31 мамырды асыға күтетін болады. Оқу бір аптаға ұзарса, жазғы демалыс бір аптаға кеміді. 1-сыныптар 35 апта оқыса, 2-11 (12) сыныптар 36 апта бойы білім алады.

Оқу жылы ішіндегі тоқсандық демалыстар да белгіленді. Күзгі демалыс 31 қазан мен 6 қараша аралығында. 9 күндік қысқы демалыс 31 желтоқсан мен келесі жылдың 8 қаңтары аралығын қамтиды. Көктемгі демалыс 2023 жылдың 18-26 наурызы аралығында жоспарланған. Бұдан бөлек, 1-сынып оқушыларына 6-12 ақпаны аралығында қосымша 7 күндік демалыс беріледі.

Министр Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ел бойынша 1,5 млн. оқушы бес күндік оқуға ауысады.

– Екіншіден, көптеген мектептер 2 ауысыммен істейді. Біздің есебімізге сәйкес, екінші ауысымдағы 300 мың бала біріншіге ауысады. Үшіншіден, 150 мың мұғалім сенбі күнін үйінде өткізуге мүмкіндік алады. Олар да ата-ана, енді демалыс уақытын балаларымен өткізеді, – деген еді министр.

ӨЗ ТІЛІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ

Биыл 1-сыныпқа баратын балалар мен ата-ана үшін бір емес екі проблема азайды деуге болады. 1-сынып оқушылары үш тіл қатар оқып, бастарын ауыртпайды. Балалар алдымен өз тілінде оқып, жазуды үйренеді. Яғни, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілін үйренеді, орыс тілі екінші сыныптан. Ал, орыс тілді мектептерде қазақ және орыс тілдері қатар оқытылады. Ағылшын тілін барлық оқушы 3-сыныптан бастап меңгеруге кіріседі.

– Арнайы зерттеу, сараптама қорытындысына сәйкес, бірінші сынып оқушысына 3 тілді бірдей меңгерудің тиімділігі төмен екені анықталды. Осыған байланысты біз шешім қабылдадық. Екінші, үшінші тілді жақсы меңгеруі үшін бала алдымен өз ана тілінде оқып, жазып үйренуге тиіс, – деп атап өтті А.Аймағамбетов.

Бұл бастаманы көпшілік оң қабылдады.

ЖАҢА ЖӘНЕ ӨЗГЕРГЕН ПӘНДЕР

1-сынып оқушысы «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндерін оқиды.

– Бұған дейінгі «Көркем еңбек» пәні екі пәнге бөлінді. Бұл пәндер бойынша оқу бағдарламасы әзірленді, ол бойынша білім алушылардың практикалық машықтарына назар аударылады, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева.

Сондай-ақ, «Музыка» пәні шеңберінде 6-сынып оқушылары өз қалауымен домбыра үйрене алады. Мектептерде қосымша факультатив есебінен шахматты дамытуға жағдай жасалады. 5-11 сынып оқушыларына «Жаһандық құзыреттер» міндетті курсы енгізілмек. 5 бөлімнен тұратын курс міндетті болып саналса, «Өзін-өзі тану» пәні міндетті оқу бағдарламасынан алынып тасталды. Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, пән бастауыш сыныптарда вариативті пән ретінде қалады, оны оқу оқушының еркінде.

Оқу бағдарламасындағы дене шынықтыру пәніне қатысты өзгерістер көпті алаңдатқаны рас. Себебі, осыған дейін топқа бөлініп, өткізіліп келген сабақ енді бірге өткізіледі. Бұл ретте бағдарламада ұлдар мен қыздар үшін жеке норматив жүктемесі қарастырылған. Ведомствода айтқандай, бір спорт залда 2-3 сыныптың, сәйкесінше, 4-6 топтың қатар жаттығуы салдарынан сабақ сапасы төмендейді. Ал, көп мектептердің спорт залдары жабдықталуы жағынан да, қауіпсіздік тұрғысынан да заманауи талаптарға сай келмейді. Спорт залы жоқ мектептер де бар. Мұндай жаңалық дене шынықтыру пәні мұғалімдерін жұмыссыз қалдыра жаздады. Мұғалімдер бұрынғы топтық оқытуды сұрап Мемлекет басшысына Ашық хат та жазды.

Бұған Оқу-ағарту министрі ел көлемінде 30 мың дене шынықтыру пәні мұғалімі бар екенін, бұл аптасына 500 мың сағат болатынын, яғни, әр мұғалімде бір ставкадан жоғары шығатынын айтып түсіндірді.

АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ ЖАҢА ФОРМАТТА

– Барлық мектеп ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшуі керек, – деп тапсырды тамыз кеңесінде Асхат Аймағамбетов.

– Оларды жинап алып, басқа адамдардың көзінше баланың үлгерімі мен тәртібін талқылаудан арылған жөн. Оның орнына жеке, топтық немесе ұжымдық форматта ұйымдастырған тиімді. Мұғалім ата-анаға баласының жақсы көретін пәні туралы, оны оқу кезіндегі мәселелер жөнінде айтса, нәтижелі болады.

Министрдің айтуынша, әрбір ата-анаға мұғалімнен өз баласының жетістіктері мен әлсіз тұстары туралы толық ақпарат алатындай жағдай жасау қажет. Ол үшін ата-аналармен қарым-қатынасты жаңаша жүргізу керек. Одан бөлек, ата-ананы сенбі-жексенбідегі шараларға тарту жоспарланып отыр. Жаңа формат ата-ананы мектепке жақындатады. Бірақ, ол оңай болмайтын сияқты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық біл ім академиясының зерттеулеріне қарасақ, ата-аналардың 60%-ы балаларының мектепте не оқитындығына мән бермейді екен.

Ата-аналарға буллинг пен кибербуллинг ұғымы заңды түрде енгізілгенін де біле жүргені дұрыс. Мұндай әрекеттер үшін енді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар.

Жаңа оқу жылы
фото: Ашық дереккөз

СОНЫМЕН ҚАТАР…

1-сыныптарда сабақ алғашқы айда 35 минуттан өтетін болады. Қазан айынан бастап олар да 2-12 сынып оқушылары сияқты 45 минуттан оқитын болады.

Биылғы жылы жалпы оқу қоры аясындағы материалдық көмек ақшалай берілді. Бұрын көп жағдайда ата-аналар әкімдік тарапынан берілетін киімдердің сапасына сын тағатын. Екінші жағынан бөлінетін қаржы да әр өңірде әртүрлі болатын. Барлығына ортақ сома кемі 37 мың теңге болуы тиіс. Осынша қаражаттан облыста 13 мың бала алды.

Қарағанды облысында 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылған.

1-сыныпқа баратын балалар Балқаш, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандарында көп.

Қазақ тілінде оқитын сыныптар Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарында, Приозерск пен Балқаш қалаларында басым.

Қазір мектеп мұғалімдерінің орташа жалақысы – 343 мың теңге. Ол тағы 25%-ға өспек. Бірақ, бұл келесі жылдың басында болатын жаңалық.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button