Бас тақырып

Елдегі ІТ-дің аяқ алысы қалай?

«Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан.

Цифрландыру – қазіргі күні әлемдік трендке айналды. Озық елдердің қатарында болуға ұмтылған біздің ел үшін де цифрландыру мәселесі өзектілікке ие. Аз жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз де жоқ емес. Алайда, инновация мен технологияның тілін түсінетін мамандар тапшы. Сол тапшылық IT-саласын дамытуға кері әсер етіп, цифрлық экономиканы жетілдіруге, озық технологияның игілігін көруге кедергі келтіруде. Өзге елдің мамандарына иек артуды қойып, Қазақстан өз ішінен мықты, бәсекеге қабілетті IT-мамандарды даярлауға күш салуы керек. Бұл – Президент Қ.ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасы болатын.

Дамыған елдер цифрландыру мәселесін ертерек жолға қойғаны белгілі. Әлемде инновация мен технология күн сайын жаңаруда. Жаңарған сайын оларға сұраныс жоғары. Алайда, мамандардың жетіспеушілігін тілге тиек еттік. Соның ішіндегі IT-мамандардың аздығы – тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде бар маңызды мәселе. ІТ-мамандар әлемдік рейтингте ең қажетті мамандықтар тізімінде екінші орын алады екен.

Бүгінде еліміздегі әр салаға ақпараттық технология еніп, жұмыс қарқыны компьютермен жымдасып кетті. Ал осы компьютермен байланысты нәрсенің бәрін ІТ деуге болады. Бұл – сала мамандарының айтқаны. ІТ-саласының бағыты да көп. Біз күнделікті өмірімізде сол саланың жетістіктерін тұтынып жүргенімізді біле бермейміз.

Техниканың тілін білетін мамандардың жетіспейтінін айттық. Бұл мәселенің шешімі қандай? Қазір мемлекет ІТ-саласына ерекше назар аударды. Биыл білім грантының 60%-ы осы салаға бөлінбек. Жаңа гранттар бүгінгі күні сұранысқа ие мамандықтарға бөлініп отыр.

«Жалпы, техникалық кәсіптерге, оның ішінде ІТ-саласына, инженерлік мамандықтарға келетін жастар өте көп. Осы орайда мемлекеттік грант аясындағы конкурс деңгейі жоғары. Мектеп бітіретін түлектердің жалпы саны 2024-2025 жылдарға дейін өседі деген болжам бар. Түлектер саны 180-190 мыңға дейін жетуі мүмкін. Олардың басым бөлігі ҰБТ тапсыруға келеді. Сондықтан, бұл балалардың елеулі бөлігі техникалық мамандықтарды таңдайды», – дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы Жанна Есинбаева.

Бұл мамандықтарға сұраныс та, қойылатын талап та жоғары. Компьютерлік технологияны жетік меңгерген жастар шетелде қалып қойып жатыр. Себебі, ондай мамандар дамыған елдерге де қажет. Дамудың даңғыл жолына түскен біздің елге де дәл сондай мамандар аса қажет. Яғни, бұл жаңа заманның жаңа мамандары жұмыссыз қалмайды деген сөз. Тіпті, олар алатын жалақы басқа мамандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Сала мамандарының айтуынша, 2025 жылы елге блокчейн технологтар, жасанды нейрондық желілерді жобалаушылар, әмбебап жасанды интеллект жасаушылар, интеллектуалды технологтар және өзге де мамандар қажет болады. Тағы 9 жылдан кейін сандық заңгер, кибер заңгер, кибер зерттеуші, интеллектуалды киберфизикалық инфрақұрылым операторы, кванттық есептеу технологы, кванттық криптолог сияқты мамандықтар пайда болады деген болжам бар. Сарапшылар 2040 жылға қарай киборг инженер мен киборг нұсқаушысы маманы пайда болады деп топшылайды.

Рас, мұның бәрі бізге беймәлім мамандықтар. Алайда, ХХІ ғасыр заманы сол беймәлім әлемге бастап барады. Ақпараттық технологияның аяқ алысы солай дейді. Цифрландырудың қарқыны да қатты.

– Дүниежүзіндегі кейінгі жағдайлар біздің елдегі IT-саласының дамуына ықпал етті. Бүгінге дейін халықаралық компанияның көбі Орталық Азия елдеріне өз қызметтерін Мәскеу, Киев арқылы ұсынатын. Украинадағы жағдай, Ресейге салынып жатқан санкцияларға байланысты бұл ірі компаниялар енді Орталық Азиямен байланысудың басқа амалдарын қарастыратыны анық, штаб-пәтерлері үшін саяси ахуалы тұрақты мемлекетті іздейді. Меніңше, Қазақстан – потенциалы жоғары кандидат елдің бірі. Елімізде ІТ-саласын дамытуға үлкен акцент қойылып отыр. Оған қоса, Қазақстанның саяси позициясы тұрақты, халықаралық конфликтіге түспейді, басқа елдермен дипломатиялық байланысы өте жоғары. Мұны батыс елдері де, компаниялары да байқап отыр. Сондықтан дәл қазір ІТ-ді мейлінше тезірек дамытсақ, елдегі басқа салаларға да үлкен мүмкіндіктер ашылады, – дейді Швециядағы Netlight Consulting, Storytel компанияларында жұмыс істеп, тәжірибе жинаған 25 жастағы маман Меруерт Нұрғазы.

Қазақстан ІТ-саласы бойынша оқытуды енді ғана қолға алған жоқ. Бұл бұрыннан бар. Қол жеткізген табыстары да жоқ емес. Атап айтар болсақ, қазіргі кезде ІТ-саласы бойынша оқытатын мектептер де, жоғары оқу орындары да бар. Қарағанды облысында қоғам игілігі үшін жасанды интеллект, мобильді қолданба және робот жасап шығарған жас жеткіншектер бар. Жыл сайын өткізілетін студенттер арасындағы Хакатон сайыстары, оқушылар арасындағы Роболенд жарыстары жастарды жаңашылдыққа бейімдеп, техникаға деген қызығушылықты оятады. Жаңаша ойлайтын бүгінгі жас ұрпақ қазір техниканың құлағында ойнайды. Оған таңғалуға болмайды.

Десе де, бұл сала мамандарының саны саусақпен санарлық. Жастардың жаңашылдыққа, цифрлық үдеріске қызығушылығының арқасында еліміздегі мамандар саны молаяды деген зор үміт бар.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button