Бас тақырып

Құс қанатындағы ғұмыр

«Шындыққа ғашық адамның ақын немесе ұлы болуының қажеті жоқ. Өз тарапынан ешқандай күш-жігер жұмсамай-ақ, ол ақын да, ұлы да», – депті француздың бір данышпаны. Ақиқатты іздейтін ақын-жазушы, әнші-сазгер және тағы басқалар туралы толғана айтып, тамсана жазып жатамыз. Өнердің түрі көп, сол өнердің бірнешеуі бір адамның бойынан табылуы – табиғаттың берген сыйы. Дәл осындай әмбебап адамдардың өмірі туған халқының рухын көтеріп, арман-қиялын асқақтата түседі. Мұның құдіреттілігі неде? Таланттың тайсалмай ақиқатты айтып, шындықты шырылдата алуында екені анық. Әйгілі әнші, сазгер, азулы ақын, аудармашы Әсет НАЙМАНБАЙҰЛЫ өмірі мен өнегесінен ақиқатты танып, шындықты бозторғайдай шырылдап айтқанына куә боламыз.

«Әсеттей сал, ән салсаң, аңыратып,

Орман, тоғай, өзенді жамыратып.

Арқыратып ағызып ән нөсерін,

Толқынымен жүректі жамыратып, – дей келе, халық арасына кең тараған әннің қайырмасын:

«Інжу-маржан секілді-ай,

Ал, көрінген көркіңді-ай.

Гүл майысып, гүл жайнап,

Бір көрінсең, еркем-ай.

Сейфіл Мәлік – Жамалдай

Бейнетіңе көнсем-ай!

Қозы Көрпеш – Баяндай

Бір молада өлсем-ай!

Сағындырған еркем-ай!» – деп түйіндейді.

Дүйім елге кең тарап, талайлар тамылжыта салған Әсеттің бұл туындысын махаббат әні ретінде бағалаған әдебиетшілердің пікірі көпке мәлім. Ән бір-біріне ынтық, ғашық жандардың махаббатының мәңгілік болуын аңсауы төл дәстүрімізге айналғанын ежелгі жыр, халық әндер мен ғашықтық тақырыбындағы туындылары таныта түседі. Жалпы, Әсеттің халық арасына тарап, өз дәуірінде және кейін айтылған отызға жуық әні болса, бір анығы сазгердің «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Қоңыр қаз», «Қисмет», «Ырғақты», «Әпитөк» әндерінің бірнеше нұсқасы бар. Тақырыптық тұрғыда махаббат турасындағы «Қаракөз» әні 4 түрде, «Ардақ» 2 түрде, «Мақпал» 2 түрдегі нұсқада айтылады. «Әпитөк» әнін де 2 нұсқада ұшырасатындығын айтушылар болыпты. Осыған байланысты бүгінгі жастар тарапынан «Неге солай, тақырыбы мен идеясы бір емес пе?» дейтін сауалдар қойылады. Ауызша сөз өнерінде мұндай заңдылықты халық ақындарының кез-келгенінен тауып, дәстүр тұрғысынан түсіндіреміз. Әсіресе, халық композиторлары Біржан, Ақан, Мұхит, Кенен және тағы басқа шығармашылығынан көзге түседі. Бұның дәстүрге қатысты екені рас, екіншіден суырыпсалмалық өнер иесінің тақырыпты толықтырып, мақамын мәнерлеп, әуезін әсерлеуден туғандығын ерекшелей айтуымыз керек. Әсеттің өзі де «Ырғақты» дейтін әнінде: «Жанып тұрған жас өмір – алқызыл гүл,

Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.

Жауқазын желбіреген – жастық шағың,

Өмірдің мағынасын түсіне біл!», – деп ғашықтықтың таусылмас арман екендігін аңғартады.

Әсеттің әншілік өнері мен сазгерлігі, ақындығы мен аудармашылығы туралы С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, А.Жұбанов, С.Бегалин, Д.Рақышев және тағы басқалар арнайы мақалалар жазып, ғылыми-танымдық ой-пікірлер айтқан. Оны сазгер ретінде танытқан әндерін негізінен 2 салаға бөліп, мазмұн-мағынасына қарай жүйелей жіктеген дұрыс. Махаббат, жастық дәуренге қатысты «Інжу-маржан», «Мақпал», «Ардақ», «Қаракөз», «Гауһар қыз», «Қызық-ай, шіркін», «Желдірме», «Сырмақ үркер», «Өтепберген», «Қыз арманы», «Тоты», «Ырғақты», «Әпитөк» әндері жеңіл-желпі емес, аса шеберлікпен орындауды қажет ететін дүниелер. Кезінде Әсеттің әндері мен әншілігіне қатысты С.Мұқанов: «Біржанның әндері сияқты, Әсеттің әндері де аса биік, аса ырғақты қайырымы қиын болған. Сондықтан, оның әндерін үйрену де қиын еді», – депті. Әсіресе, махаббат, жастық турасындағы әндердің ырғағы, дауыстың тым жоғары алуды керек ететіндігі соның айғағы іспеттес. Дәл осы жерде әйгілі әнші, сырлы сазгер Кенен Әзірбаевтың мына бір пікіріне тоқтала кетейік: «Әлі есімде. Жас кезім. Атағым жаңа шыққан әншімін. Іле бойына, осы күні Қапшағай қаласы тұрған кең жазыққа 300 ақ боз үй тігілді. Жарты ай бойы ойын-сауық, бәйге, көкпар, салым, күрес болды. Күн сайын кешке қарай өнер таласы, әншілік сайысы басталады. Міне, осы жиында Әсетті көрдім. Ол отырып ән салған 3-4 үй құлады. Көп үйдің туырлығы, жабығы тілінген. Бәрін істеп жүрген – үйден орын жетпеген жігіттер мен келіншектер. «Әсетті көреміз, даусын естідік, енді өзін көреміз», – дейді. Ал, өзім көрген әншілердің ішінен Әміре болмаса, Әсетке пар келер ешқайсысы жоқ-ау! Оның үстіне, киген төңірегін зерлеген қызыл мәуіті шапанына дейін көз алдымда қалды», – депті сұхбатында. Сөзсіз Әсеттің әні, әншінің тыңдарманы, Әсеттің сазгерлігі мен өзіндік мектебі болғандығын бұдан да басқа аузы дуалы өнер өкілдерінен естідік. Көзі көріп, құлағы естігендер Әсеттің әндері мен әншілігін Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Иманжүсіп, Мәдилермен қатар қояды. «Ән салсаң, Әсеттей сал әсемдетіп» дейтін әншінің өз сөзін мақалға айналдырып алған. Өресі биік, өнер иесіне деген мақтан сөздер айтыла бермек. Солай десек те, күні кешегі Кеңес дәуірінде Әсеттің Қытай жеріндегі апасына барғанын, Абайдың әншіге айтқан ақыл-кеңесін, ішкен сусынын сөз етіп, өнер майталманын даттағысы келгендер де болған. Біріншіден, Әсеттің Қытай жерінде апасы болғаны рас. Ол содан қайтып келе жатып, 1922 жылы 55 жасында Уланура жайлауында қайтыс болған. Бұл Әсетті зерттеушілердің барлық жазбасында айтылған. Ал, екінші, Абайдың Әсетке шәкірттік тұрғыдан ақыл айтқаны анық. Әншілерді тыңдап, олардың өнерін көріп жүрген Абайдың: «Біздің әншілердің үнінің зор, тынысы кең екенін мақтан көріп, енді барынша өңеші қызарғанша айқайлап әсерлендірмек болады. Ол ән емес, айқайға айналып кетеді», – деген сөзіне қатысты Әсеттің айтқан қостауында: «Маған Абайдың осы бір сөзі өмірлік сабақ болды», – дегенінен-ақ, әншінің айтылған сынға қалай қарағанын түсінеміз. Бұған Абайдың «Әсетке» деп аталатын өлеңін кірістіріп, әншіні таптап тастағысы келетіндер де табылған. Өнер адамының өтірікке айтатын өктемдігі, еліне еркелейтін балалық мінездері болады. Абай Әсеттен басқа Шәкәрім, Әріп және тағы басқаларға да сын айтқан. Көкбайға әзілмен айтқан сындарын еске түсірсек, Әсеттің бойында әншілік, сазгерліктен басқа да қырлары бар екендігін біліп, Абай «тек бір бағытта кете бермесе екен» деген тұрғыдан сын айтуы да мүмкін емес пе?!

Әсет әндерінің келесі бір кемел саласы өмірдің өткіншілігі, кәрілік кезеңге қатысты болып келеді. Бұл уәжімізге сазгердің «Кәрілік», «Қоңыр қаз», «Қисмет», «Ақырғы сөз», «Майда қоңыр» әндері жауап береді. Жастық, махаббат әндеріндегідей емес, мұнда айқайдан көрі мұң мен наз, жалған дүниемен амалсыз қоштасар сәттің қимастық көңіл шері аңғарылады. Көбіне желісті аттың екпіні, су жорғаның ырғалта басатын қимылын елестетеді. Әнді әсерлі, мәнерін келісті ету әншіге байланысты. Сазгер, әнші Әсет оны да жақсы түсінген. Әйтпесе мына сөзді айтар ма еді:

«Бозбала, осы әнімді үйренерсің,

Ырғағын келтіре алмай күйзелерсің…

…Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,

Біріңнен-бірің көріп, сүйрелерсің», – дейді. Көшпелі өмір мен суырыпсалмалық өнерде әнді өзі шығарып, сол әнді өзі келістіре айтқан Әсет қана емес, қазақтың не бір дүлдүлдері мен бұлбұлдары өткен. Әсет – сол үрдістің туын биіктетіп, өнердің жаңаша бір дәстүрлі отауының шаңырағын көтеріп кеткен қайталанбас талант. Адамның егделенуі, қартаюы, жастық дәурені туралы аңсауларын әнмен әрлеп, соңғы фәни жалғанмен қоштасуын да әуенмен жеткізген әншінің ғұмыры аңызға бергісіз әңгіме:

«Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,

Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.

Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,

Қаптағы дән сияқты себілмеген.

Тірліктің қызығына қызып жүріп,

Айқайға қайран даусым ерінбеген.

Абайдай арт жағыма сөз қалдырып,

Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген!

Зымырап бәйге атындай өте шықтым,

Жабығып көріп еді көңіл неден?

«Ертең жазып, бірсүгүні бітірем» деп,

Баянсыз тіршілікке сенуменен», – деп, қазақтың саналысының саңылауы бар баласына айтатын аманаты дәстүрге сай айтылған әңгіме, аңыз емес, өлең болып өріліп, ән мақамымен жеткен. Заманында өзімен теңдес, өнердің үкілі өкілі Кемпірбай мен Әсеттің қоштасуы кейінге Әсет арқылы жетті. Бүгінде Әсет пен Кемпірбайды еске салатын осы бір ән болып қалды. Жанды тербеп, сүйегіңді сырқырататын осындай әндер өмірдің өткіншілігін жеткізумен қымбат. Өмірден өтер сәтте Әсет ұстазы Абайды айтып, сол данышпан айтқан ақиқаттың ақ жолын баянды қылмағанына өкінішін білдіреді.

Анығына көшсек, «Ұраным – арғын Шордан Қаракесек, Болмайды адалдыққа арам есеп», – деп, шырқата әнге қосқан Әсет Найманбайұлы – 1867 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының «Қызыларай» ауылында дүниеге келген. Сарыарқаның бір биігі бұл өңірден талай таланттар түлеп ұшқан. Әсеттің жастық күндері Семей жерінде өткен. Жас кезінен хат танып, ескі кітаптарды көп оқығаны Әсет шығармашылығынан толық танылады. Абайдың оның бойындағы дарындылықты ерте байқап, ілім мен білім жолына бұрғысы келген. Бірақ, бір адамға табиғат сонша өнерді үйіп бергеннен кейін бе, Әсет даланың дархандығын аңсап тұрған секілді. Қайда өнер бәсекесі, жиын-той, мереке болса, өнер өрені сол жаққа бұрылып кете берген.

Анығына көшсек, айтулы өнер зерттеушісі, қазақтың ән мен күй өнерінің бірден-бір білгірі Ахмет Жұбанов: «Әсеттің ақындығы әншілігінен кем емес», – деп бағалайды. Әнші, сазгер Әсеттен соңына жүздеген өлең, ондаған айтыс пен бірнеше қисса-дастан қалған. Соңына осыншалық сөз тастаса да, Найманбайдың Әсеті «дегеніме жеттім, айтатынымды айттым» демеген. Қайта ұстазы Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар деген нәрселермен озады», – дегенін терең ұғынып, толық түсінгендігін былайша аңғартады:

«Атым – Әсет, ұраным – арғын Шордан,

Құт дария қырандай шықтым молдан.

Қазіреттің қасында шәкірт едім,

Адастырды осы өлең орта жолдан.

Жезге айырбас алтынды қылмағанда,

Көңілім тумас па еді сол күнде оңнан?

Ғалымдықтан айырылып мақрұм қалып,

Арман еттім артынан ақыр соңынан» – дегенде, Әсет қызық қуып, ойын-сауық деп уақытын өткізіп алғанын мойындайды. Ескіше оқудың өзінен-ақ, сазгер, әнші, ақынның Бадиғұл, Сейфулмәлік, Бозжігіт, Жүсіп-Зылиха, Фархад-Шырын, Ләйлі-Мәжнүн, Таһир мен Зуһра сынды Шығыстың классикалық қисса-дастандарын оқып, өзі де сол бағытта «Кешубай», «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Сәлиха Сәмен», «Барат қыз», «Шеризат» секілді қисса-дастандар жазған. Ғажап романтикалық құндылықтар ретіндегі бұл туындылар махаббатты дәріптеп, пәктікті, тұрақтылықты ерекшелей алуымен назар аудартады. Сұлулықты бейнелеп, ажарын оздыруға ақындардың бәрі құмар. Әсет те арудың әсемдігін әрлеп, келбетін келістіре түседі.

«Анадан, асыл құрбым, тудың артық,

Күләндам, Сару, Шырам – қызға тартып.

Мүләйім мінезіңнің майдасына

Тұрады лебізіңнен жан құмартып.

Әншейін адам тұрғай мінезіңе,

Құс түнер төбеңізге қанат қағып.

Күн шалмас бияланың сауытындай,

Аймаққа шырай берер нұрың шалқып.

Сағынсам тілің сусын, сөзің керек,

Тұрады иісіңнен жұпар аңқып.

Қаз мойын, қарақат көз, жазық маңдай,

Тәтті сөз, оймақ ауыз, болды таңдай.

Сүйріктей он саусағың, қыпша белің,

Таза гүл бой сипатың Райхандай.

Ғашық жар көптен бері ақыл үйлес,

Меһірбан татулығың ғазиз жандай», – деп сипаттауы ақынның тынысы кең, жер апшысын қуыратын тұлпарға тән талантын танытады. Әсет көбіне күрделі эпитет, тартымды теңеу, бағалы балаулары арқылы махаббат лирикасының үздік үлгілерін көрсетеді. Сол үлгіні өзінің қисса-дастандарында да байқатқан. Аудармасында да толық аңғартқан. «Онегин мен Татьяна» туралы аудармада Пушкиннің ақындығына қатысты тоқталып, «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары таза лирикалық тұрғыдан баяндалып, соңында қайғылы жағдаймен аяқталатын махаббат машақаты да лирикалық шешіммен шебер үйлестірілген. Ақын Әсеттің қисса-дастандарының сюжеті шығыстың ертегілерінен, ұлтымыздың аңыз-әпсаналарынан алынып жазылған.

Қазақтың дарынды өнер иесі Әсет Найманбаевтың ғұмыр кешкен кезеңі ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезеңі. Бұл дәуірде ауызша сөз өнері әлі де өз табиғатын танытып, жазба әдебиетімен тайталасып тұрған сәт болатын. Дәл осы дәуірде ақын деген атақ айтыс өнері арқылы анықталып, халықтың берген бағасымен нақтыланатын. Бұл сөз барымтасында да Әсеттің асығы алшысынан түсіп, «ақын» деген атақты жеңіп алғандығы Кәрібай, Сәмет, Бақтыбай, Қали, Қасымбай, Мәлике, Кемпірбай ақындармен сөз сайысынан танылады. Тапқырлықтың қисынды өрнегін тауып, айтыс өнерін тартысқа құра алу шеберлігі Әсеттің тума талант, айтулы айтыс ақыны екендігін аңғартады. Қазақ халқының айтыс өнерінде жұмбақ айтысының классикалық үлгісін қалыптастырып, талай фольклортанушы ғалымдардың қызыға жазған жұмбақ айтысы – «Әсет пен Рысжанның» айтысы.

«Рысжан мен Әсеттің» айтысы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарағайлыға таяу тұрған бір кездегі Қоянды жәрмеңкесі өткен жерде болыпты. Жәрмеңкеде тек сауда-саттық қана емес, өнер жарыстары өтеді екен. Жан-жақтан жиналған жұрт ойын-той, қызық-думан тамашалаған. Елдің қолқалауымен Әсет пен Рысжанның айтысы өтіп, әуелі қыз бен жігіт айтысы болып басталып, кейін Рысжан Әсетті сөзден тоқтату қиын екендігін түсінген. Сөйтіп, айтысты жұмбақ жарысына ауыстырып, Әсет қарсыласының жасырған жұмбақтарын мүдірмей шешіп, жеңіске жеткен. Талай ғалымдардың талдауынан өткен бұл айтыста дін, адам мүшелері, жыл мезгілдері жұмбаққа айналған. Әсеттің сол жұмбақтарды шешіп, өлең мәнеріне келістіре алуы шеберлігінің шынайылығын танытады. Бүкіл Қарқаралының мақтанышына айналған Рысжан да осал емес, бұл айтысқа дейін де талай сөз серкелерін сөзден сүріндірген. Алғашқы беттен айтыс тартысқа құрылып, Рысжан Әсетті кемсіте бастайды. Қарсыласының жауаптары өткір шығып, өзін оңдырмай сынға алғанда Рысжан қалайда жеңу үшін жұмбақ айтысына ауысады. Әсет берген жұмбақты мүдірмей шешіп, Рысжанның жеңілгендігін өзіне шешуге бағыттайды. Сөйтіп, Рысжанның өзі де, халықтың Әсетті қолдайтыны анықталады. Біз айтып отырған бұл мәселелер ғалымдар тарапынан зерттеліп, мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енген. Сол себептен, бұл мәселеге көп тоқталмадық.

Әсеттің тағы бір қыры – сыншылығы. Ұстазы Абайдан тәлім алып, жақсы мен жаманды данышпанның мектебінен үйренген шәкірт сыны бір бағытта болғанын: «Қалып тұр қазағымнан туысқандық», «Қалдың ба, қайран қазақ, қомданбастан», «Ұйқыда қазақ жатыр көзін ашпай», «Іледегі керуен сарай», «Жас шама», «Шыншыл бол, шықпа жолдан, шыдамды бол», «Сабаздар санасы жоқ сатылып жүр», «Өсиет», «Дүние бір керуен жүрген көшіп», «Немене білмеске айтып арманыңды», «Құдалық туралы», «Жамағат, сен тыңдасаң, айтатын сөз» және тағы басқа сыншылдық тұрғыдан жазылған дидактикалық туындыларынан көруге болады.

Ақын алтыбақан алауыздық құр мақтан, бос ұйқы, еріншектік қазақты артқа тартар қасырет екендігін дәйектеп, оқу-білім, ғылымға қол созсаң қор болмайсың дегенді айтады:

«Ұйқыда қазақ жатыр көзін ашпай,

Кетерміз отқа жанып өрттен қашпай.

Басқа елдер алға басып кетсе-дағы,

Біздің ел шегінеді қадам баспай.

Жайылып сахарада қалдық надан,

Өнерлі басқалармен араласпай.

Өзгелер алтын, күміс мысалында,

Бағасыз біздің қазақ қара тастай.

«Мен – данышпан» дегендер толып жатыр,

Көзі ашық өнерпаздар білім ашпай,

Қазағым алты ауызды бола қалар,

Бастаса пайдалы істі біреу қостай.

Бай, мырза, атқа мінген азаматтар –

Басында жемісі жоқ қу ағаштай»

Ақынның толық өлеңдерін оқып шығып, ойланғанда оның сөздері сылдырап аққан бұлақ суын елестетеді. Сөздері судай таза, алыс пен жақынды алға ағысты мөлдірлігімен асыға жеткізгісі келеді.

Ақын арманы – асқақ, жұлдызы жарық екендігін сөздері нақтылап, бақытының баяндылығын қуаттап тұр. Бағыт-бағдары дұрыстығын ақынның «Көзі ашық, көңілі ояу жастар үшін», «Халықтың айна етіп жаздым жайын», – дегендері де дәлелдей түседі. Осыншалық өлең-жыр, әндер мен айтыстар, аудармалар қалдырған Әсет бірде Сарыарқада, келесіде Жетісуда, елі сүйген өнер иесінің Ақтөбе, Көкше жерінде, өз елінде Кемпірбайдың көңілін сұрап келгені айтылады. Алыстағы апасын сағынған ақын Қытай асып, талай жерде ән салып, думан-тойға қатысқаны аңызға айналып кеткен. Өнер өкіліне тағдырдың жазуы солай болар. Сахараның батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін салт атымен аралап, жүрген жеріне қуаныш сыйлау кез-келгенге бұйырмаған бақыт. Алашына ақын, әнші, сазгерліктің сүрлеуін салып, айтыстың алдаспаны аталған сөз сүлейінің өмірі мен өнегесі аңызға айналған.

Биыл айтулы ақын, саңлақ сазгер, күміс-көмей әншінің туғанына 155 жыл толады. Әсет өмірден өткеннен кейін А.Затаевичтің 1953 жылы «Қазақ халқының 1000 әні кітабында» Семей өңірінен жинақталған әндердің ішінде «Әсеттің әні» деген атпен шығарманың нотасы берілген екен. Одан кейін халқымыздың айтулы ақындары, әдебиетшілері тарапынан Әсеттің ақындық, аудармашылық, айтыс ақыны ретіндегі сөз өнеріндегі өзіндік үлесі бағаланыпты. Сонымен қоса, Әсеттің әншілігіне қатысты және сазгерлігіне байланысты талантты қазақ музыкасын зерттеушілер мен әйгілі әншілердің Әсет әндерін кейінге табиғи болмысын бұзбай жеткізген еңбектері баяндалған. Аталып отырған Әсет туралы еңбектердің жазылғанына да талай уақыт өткен екен. Қарағанды облысының мақтанышы болуға тиіс, ұрпағына өнеге айтқанда «Ән салсаң, Әсеттей сал әсемдетіп», – деген тілек тілеуге тиісті өнер тарланына бүгінде керемет құрмет байқалмайды. Кенішті қалада өнер ұжымы, бірлестік, үйірмелер ұлы әнші, сазгерді ұмытқандай. Бүгінде, айтыс өнері көтеріліп, облыста айтыстар өтіп жатады. Соның бірі – Әсетке арналса, оның шығармашылығы насихатталса ұрпақтар зердесіне сіңер еді. Бүгінгі жастардың ішінен арғы Әсетті де, бергі Әсетті де білмейтіндер кездесті. Қаламыз көркейіп, күннен-күнге өсіп келеді. Аудан, көше атаулары ардақ тұтар Алаштың айтулыларына беріліп жатыр. Әсетке ондай құрмет оңайлықпен келе қоймас. Әйтсе де, арнайы айтулы тұлғаға арналып ғылыми мәжіліс, өнер кеші, сөз барымтасы бәсекелерін өткізуге болатын шығар. Бес жылда бір рет Әсет Найманбайұлы атындағы жүлде тағайындалып, керемет өнер додасы өтіп, қорытындысында оза шапқандар жүлдесін алып, тарихи тұлғаны еске түсіретін төс белгілер беріліп жатса, ақынға, әншіге, сазгерге, аудармашыға, айтыскер талантқа көрсетілген құрмет сол болар еді-ау!

Әзірше бір белгісізі Әсеттің өткен өмірі мен өнегесін біліп, шығармашылығымен танысқандар түйіні «Құс қанатындағы ғұмыр» дегенге тіреліп тұр.

Берік РАХЫМ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.

Басқа материалдар

Back to top button