Қарағанды

SМart өнер мектебінің шәкірттері Ташкенттен олжалы оралды

Ашылғанына небәрі екі айдан астам уақыт болған Сәкен Майғазиевтің SМart өнер мектебінің шәкірттері үлкен сахнаны бағындырып үлгерді. Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Open Asia Халықаралық байқауынан жүлдемен оралды. Сырт елден жүлде алған бүлдіршіндерді мектеп ұстаздары мен ата-аналар Қарағанды вокзалынан қарсы алды.

Көңіл күйімді жеткізе алмаймын. Ашылғанымызға шамалы уақыт болса да шәкірттеріміз жетістікке жетіп отыр. Сахнаға шығып көрмеген балалар үшін бұл үлкен жетістік. Қарсыластар да осал емес. Бәрі бірінен-бірі өтеді. Алайда, балалардың жеңіске деген сенімі мол болды. Қазылар алқасының құрамында қазақ, орыс тілін түсінбейтін шетелдіктер отырғанын көргенімде қатты қорыққаным рас. Алайда, олар өнерді шын бағалайтын жандар екен, – деп әсерімен бөлісті мектеп директоры Айдана Есжанова.

5-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған байқауда SМart өнер мектебінің шәкірттері 3 аталым бойынша бақ сынаған. Эстрадалық вокал және жетіген шерту аталымында өнер көрсеткен Кәусар Шорман байқаудың қос жүлдесін еншіледі. Әр аталым жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген. Ол 7-9 жас аралығындағы эстрадалық вокал байқауына қатысып, Сағым Бейбітшілікқызының «Ауылымды сағындым» әнімен – ІІ орын, жетіген шертуден – ІІІ орын иеленген.

– Қызым 3 жасынан бастап ән айтады. Басында мектепке «жетіген шертуді үйренсін» деп әкелген едік. Уақыт өте вокал үйірмесіне де жазылды. Жетіген үйірмесіне келген күннен бастап үзбей қатысты. Ұстазы Толқын Келістемірқызының арқасында біраз дүниені меңгеріп қалды. Әкемнің домбыра тартып, өлең айтатыны бар еді. Бұл өнер қызымның бойына әкемнен дарыса керек. Осы жолы Испанияда өтетін үлкен байқауға жолдама алды. Енді сол байқауға дайындаламыз, – деді әкесі Болатбек Тамабеков.

Үшінші аталым бойынша 2 жетіген мен 2 флейтаны қосып, квартет құрған мектеп оқушылары ІІ орын еншіледі. 7 жасар Айша Егенбаева квартет қатарында жетіген аспабында ойнайды.

– Жетіген шертуді ұстазым Ольга Андреевна үйретті. Сахнаға шыққанда қорыққан жоқпын. Байқау қатты ұнады. Тағы да үлкен байқауларға барғым келеді, – деді.

Ербол ЕРБОЛАТ

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button